Судың да сұрауы бар

784 Views

Өткен жаз жауынсыз болды. Тау су көздерінен келетін ағын судың мөлшері жылдағыдан тым кеміп кетті. Тау су көздерінің өзі еріген қар суымен, жауған жауынмен, әрине қайнарлар мен бұлақтардың суымен толығады. Ағын су аз болған соң оның егістік басына жетуі де қиындайды. Өйткені кеңестен қалған латокты каналдар талан-таражға ұшырап, кім көрінгеннің талауына түскен. Ал ескі арнаға түскен ағын су 15-20 шақырым аққан соң қара жерге сіңіп, байламаның басында секундына 300 текше метр болса, егістікке жеткенде 150 текше метр болып қалады. Сөзім дәлелді болуы үшін мына цифрларды мысалға келтірсем де болады.
Өткен 2019 жылы біз аудан шаруашылықтарындағы 73 нысанмен келісімшартқа тұрдық. Соның есебінен шаруаларға 8 миллион 600 мың текше метр су беріліп, одан қазынаға 2 миллион 260 мың теңге төлемақы алдық. Биылғы жылы осындай 113 келісімшартқа тұрдық. Сөйтіп, суар­малы егістіктерді ылғалдандыра суаруға 15 миллион 812 мың теңге қаражат бөлініп, нәтижесінде 687 текше метр су бердік. Оның қайтарымы 6 миллион 822 мың 474 теңгені құрады. Осы нәтиже аз ба, көп пе, оны таразы басына салып көріңіз. Бес ай бойы жауын жаумады десек, бұл меніңше ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш деп ойлаймын. Бұл аққан судың басында күндіз-түні көз ілмей жүрген мұраптарымыз бен су реттеушілеріміздің, мелиора­торларымыздың, су техниктеріміздің еңбегінің жемісі дер едім. Мәселен, «Шөңгер» каналының су реттеушісі Асқар Байдәулетов пен «Сұлутөр» каналының реттеушісі Әділет Тына­лиев­, «Қарақыстақ» каналының су реттеу­шісі Мейірман Болатбеков жаз бойы бір тыным тапқан жоқ.
Осының барлығы ерінбей еңбек еткен диқандардың үлесіне тиеді. Суармалы жердің басым бөлігіне жұрт беде егеді. Сондықтан болар, жоңышқасын жыл сайын екі-үш мәрте орып алатын ауыл азаматтары биыл тосылып қалды. Тек Жаңатұрмыс пен Қарақыстақ ауылдық аймақтарында, Құмарық пен Көкдөненде суға деген сұраныс өте жоғары. Өйткені Шал су көзі мен Қарақыстақ өзенінен келетін ағын су әзірге құлақ байлауға жетіп тұр. Ал алдағы 2021 жылға «Қазгидромет» пен «Қырғызгидромет» көңіл көншітетіндей болжам айтып отырған жоқ. Ауа райын бақылаушылар осы қыста таулы аймақтарға қар аз түсіп, жауын-шашын мөлшері де жылдағыдан әлдеқайда аз болады деп күтуде. Олардың айтуынша өзендердегі судың мөлшері де шамадан тыс аз болып, алдағы жылдың суару маусымында ауданда су тапшылығы байқалуы мүмкін екен.
«Қазгидромет» мамандары: «Қазіргі таңда облыстың ірі су қоймалары болып табылатын Тасөткел және Теріс-Ащыбұлақ су қоймалары былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға, ал Қырғыз Республикасында орналасқан Киров су қоймасында су мөлшері 68 пайызға аз жиналады деп күтілуде» дейді.
Сондықтан, аудан бойынша егілетін дақылдардың көлемін, әсіресе, қант қызылшасы мен суды көп қажет ететін дақылдарды егу жоспарын «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының Жамбылдағы өндірістік бөлімдерімен келісе отырып жұмыс жасауларыңызды сұранамыз. Сонымен қатар қожалықтар суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін азайтып, керісінше суды үнемдеудің технологияларын тәжірибеге енгізуді осы бастан ойластырғандары абзал дер едім. Оны өздеріңіз білесіздер, мұндай жағдайда тамшылата суару технологиясын өндіріске енгізген жөн. Иә, қазіргі таңда ағын су да, ауыз су да адамзат баласына ауадай қажет. Мұны бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп қарауымыз қажет. Сонда ғана тіршілікке, айналамызды қоршаған ортаға пайдамыз тиеді деп ойлаймын.

Бекмырза Шалданбаев,
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының Т.Рысқұлов аудандық өндірістік бөлімінің басшысы.

Поделиться ссылкой: