Көкжөтел дегеніміз не?
49 ViewsЖоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен және ауыр жөтелдің пайда болуымен сипатталатын жедел инфекция көкжөтел деп аталады. Көкжөтел — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын…
Шынтуайтына келгенде «Рухани жаңғыру» сөзі – қазақ халқының көзқарасы мен танымын байытатын, қажет болса жаңашылдыққа сай өзгертетін күш. Неге десеңіз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы талайлардың көкейіндегісін дөп басқан құжат екенін баршамыз жақсы білеміз. Осынау терең толғанысқа толы мақалада айтылған барлық ойлар ел азаматтарының басын бір арнаға тоғыстырады. Сол себепті де біз ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жолды жан жүрегімізбен жылы қабылдап, бүгінгі күннің талабына сай өзгеруіміз, сөзден іске көшуіміз керек.
Бүгінгі қазақ қоғамы қай кезде де шын мəнінде өзіндік көзқарасы қалыптасқан, танымы терең, ойы бөлек тұлғаларды қалыптастыруға мүдделі болуы тиіс. Өйткені шын мəніндегі интеллектуал ұрпақ – елдің де, ұлттың да ертеңі. Сондықтан қай-қайсымыз болсақ та, жан-жақты жетілуге, рухани кемелденуге ұмтылғанымыз абзал іс болмақ. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын ықыласпен оқыған əрбір адам көкейіндегі көптеген сауалдарға жауап алатыны талас тудырмайды. Себебі ондағы «Ұлттық салт-дəстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, əдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мəңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында жүректі жылытатын зор мағына жатыр десек, қателеспейміз. Расында да рухы өр, тəні бекем азаматтары көп елдің болашағы жарқын болатыны шындық қой. Елбасының осынау бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты жазбасында айтылған ойлардың барлығы – біздің бағдаршамымыз. Біз ондағы айтылған міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруға қай кезде де ниеттіміз. Өйткені ұлттық сананы, тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған қадамдардың қай-қайсысының болсын, ел үшін маңызы зор деп білеміз. Осы орайда Тұрар Рысқұлов ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жүктелген міндеттерді сапалы түрде іске асыру бойынша нақты шаралар қабылданғанын айта кеткіміз келеді. Ауданымызда дер кезінде жұмысшы топ пен «Рухани жаңғыру» жобалық офисі құрылып, іс-шаралар жоспары бекітіліп, арнайы медиажоспар əзірленген болатын. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиімді жүргізу мақсатында қоғамдық пікір көшбасшылары, зиялы қауым арасынан мобильді-ақпараттық топ жасақталып, тиісті деңгейде жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жалпы алғанда ауданымызда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді іске асыру бойынша ішкі саясат, білім, мəдениет жəне тілдерді дамыту, кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп бөлімдері, «Жастар ресурстық орталығы» КММ жұдырықтай жұмылып жұмыс атқарып жатыр. Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында аудан көлемінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы жобаларды жүзеге асыру мақсатында 130 іс-шара өткізіліп, оған 16152 адам қатысты. Одан бөлек, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді орындау аясында 114 іс-шара ұйымдастырылып, оған 20633 адам тартылған болатын. Қысқасы, жоғарыда айтылған Елбасы мақалаларындағы идеяларды ел арасында түсіндіру мақсатында жалпы саны 244 іс-шара өткізіліп, 36785 адам қамтылды. Бағдарлама идеясын түсіндіруге зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар белсенді түрде тартылғанын айта кеткен лəзім. Үкіметтік емес ұйым жетекшілерінің, журналистердің қатысуымен сан түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырылып, 15 ауылдық округтің тұрғындары іс-шараларға атсалысты. Барлық білім беру ұйымдары мен арнаулы оқу орындарында «Рухани жаңғыру» кабинеттері ашылып, білім мекемелерінің маңынан «Түлектер аллеясы» мен музейлер ашу жұмыстары қолға алынған. Аудан кəсіпкерлері өз бастамаларымен туған ауылын көркейту жəне инфрақұрылымдарын жақсарту жобаларын жүзеге асыруға ден қойғанын да атап өткен жөн. Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мəселен, «Ауылым – əнім» атты əнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – əркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде əлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды», – деп туған жер туралы толғанған болатын. Бүгінде сол «Туған жер жобасы бойынша да өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын мақтанышпен жеткізгіміз келеді. Жеке кəсіпкер Ақерке Сейітқұлова мемлекеттік жекеменшік əріптестік аясында Малдыбай ауылынан құны 80 миллион теңгені құрайтын 50 орындық балабақша құрылысын жүргізу жобасын қолға алған. Қазіргі таңда балабақша құрылысы толық аяқталып, карантин режимі біткен соң, қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ жеке кəсіпкер Нұркен Адақов та бұл істе белсенділік танытқанын айта кеткен лəзім. Ол да мемлекеттік жекеменшік əріптестік аясында Құмарық ауылынан 75 орындық бөбекжай-бақша құрылысын жүргізу жобасына ден қойды. Бүгінгі күні балабақша құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Бірлес шағын орталықты орта мектебіне ауылымыздың азаматы, облыстық ғылыми-клиникалық кардиохирургия жəне трансплантология орталығының директоры, профессор, академик Сейтхан Жошыбаев өз қаражаты есебінен 1 500 000 теңгеге мектеп шатырын (сайдинг) ауыстыру жұмыстарын жүргізіп берді. Жақсылық ауылының тумасы, кəсіпкер ана Роза Құрашева қасиетті Рамазан айы кезінде «Жылы жүрек – жомарт қол» қайырымдылық іс-шарасына ұйытқы болғанын айта кеткен дұрыс. Ол Көкдөнен жəне Жақсылық ауылының көмекке мұқтаж отбасылары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалпы 21 отбасының əрқайсысына 100 000 теңгеден барлығы 2 100 000 теңге отбасылық парыз зекетін беріп, қайырымдылық көмек көрсетті. Аудандық мəслихаттың депутаты, Жақсылық ауылының тұрғыны, «Қайқы» шаруа қожалығының басшысы Сəтжан Мамырбаев тұрмысы төмен екі отбасыға 10 бас қой берді жəне арнайы тапсырыспен жасалған мүгедектер арбасын Халида Əбдіқадірқызына сыйға тартты. Біз жүректері жұртым деп соққан осындай азамттардың көшелі істерімен мақтанамыз. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Еліміз үшін үлкен сынақ болып тұрған пандемия кезінде де қамқорлық іс-шаралары толастаған жоқ. Атап айтсақ, «Құлан дəн» несие серіктестігі 210 мұқтаж отбасыға 3 миллион 100 мың теңгеге ұн, шекер, шай, сұйық май, макарон өнімдерін таратты. «Ақтоған» шаруа қожалығының басшылығы 150 мұқтаж отбасыға 1 қап ұн, 5 килограмм макарон өнімдерін ұсынғанын да айта кеткен дұрыс. Мұндай игі істен «Аққайнар» шаруа қожалығының жетекшілері де сырт қалған жоқ. Олар Қорағаты ауылындағы 5 отбасыға құны 1150,0 мың теңге болатын 5 тана берді. «АзиатГазопровод» АҚ басшысы Ғалымжан Сағынтаевтың демеушілігімен аудандық орталық ауруханаға құны 1300,0 мың теңге болатын 2 оттегі концентраты медициналық жабдықтарымен табыс етілді. Бұндай қайырымдылық шарасынан Көкдөнен ауылының тумасы, кəсіпкер, меценат, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы президенті Азаматхан Əміртай да шет қалмады. Ол жеке қаржысына құны 2115,6 мың теңге тұратын 4 оттегі концентраты аппаратын аудандық орталық ауруханаға алып берді. «Көкжиек» ЖШС-ның директоры Қ.Бегімбетовтың демеушілігімен құны 600 мың теңгені құрайтын 1 оттегі концентраты аудандық орталық ауруханаға табысталғанын да тілге тиек еткеніміз жөн болар. Аудан аумағында алтын өндіру ісімен шұғылданатын ірі өндіріс ошағы «Golden compass» ЖШС да қиын кезеңде елге қол ұшын созды. Олар құны 12 миллион теңге тұратын 1 ИВЛ арнайы медициналық құрылғысын аудандық орталық ауруханаға тапсырды. Сонымен қатар аудандық білім бөліміне құны 7 миллион теңгені құрайтын 100 планшетті табыс етті. Облысымызда мықтап қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасының біздің аудан үшін маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Бүгінде өңір тұрғындары осынау жобаға белсенді түрде атсалысып жатқаны жүрекке жылылық ұялатады екен. Олардың өн бойындағы мейірімді көргенде кəдімгідей жаның жылып қоя береді. Сонымен «Асарлатып үй салу» жобасы аясында аудан бойынша барлығы 15 ауылдық округте 18 отбасыға үй салып беру жоспарланған болатын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі аясында Құлан, Луговой, Каменка, Жаңатұрмыс, Тереңөзек, Ақыртөбе, Өрнек, Ақбұлақ, Қорағаты, Д.Қонаев ауылдарының тұрмысы төмен отбасыларына баспана кілті салтанатты түрде табысталды. Облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Үлгілі ауыл» өңірлік байқауы жарияланып, оған əр ауданнан барлығы 13 ауыл қатысып, бақ сынағаны белгілі. Рухани жəне тəрбиелік мазмұндағы құндылықтарды үлгі ету, жастардың арасында құқық бұзушылықты болдырмау, алкогольды ішімдіктерден жəне де басқа зиянды əрекеттерден бас тарту, ұлттық дəстүрлерді жаңғырту, ақсақалдар мен билер алқасы институтын дамыту, аз қамтамасыз етілген отбасыларға қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру, ауылдың инфрақұрылымын жаңғырту, оның ішінде газдандыру, ауызсумен қамтамасыз ету, көшелерді асфальттау жəне жарықтандыру, санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізу мəселелері бұл істе басты критерий ретінде алынған болатын. Ауыл экономикасының өсуі, тұрғындарының ынтымағы мен бірлігі, жастардың білімі мен тəртібі, ауыл тазалығы мен мəдениеті, бұқаралық спорттың дамуы, ауыл жұртының бос уақытын тиімді пайдалануы мен ақсақалдардың белсенділігі сынға түскен байқауға ауданымыздан Көкдөнен мен Абай ауылы қатысып, байқау қорытындысына сай Абай ауылы жүлделі екінші орынды иеленді. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында Абай ауылының əкімі Мұратбек Арыстамбеков «Үздік ауыл əкімі» атанғанын да айтып өткіміз келеді. Одан бөлек облыс əкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен өткізілген «Ене мен келін» байқауында да ауданымыздан қатысқан үміткерлеріміз сенім үдесінен шыға білді. Аталмыш байқауда бақ сынаған Кенжекүл Байқұлова мен келіні Аяжан Абдыразақ бас жүлде иегері атанып, мерейімізді тасытты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына айрықша ден қойғаны белгілі. Осы орайда ел егемендігін алған жылдардан бергі аралықта ауданымызда тəуелсіз Қазақстанның өркендеуіне ерекше үлес қосқан азаматтар аз болмағанын айта кеткен лəзім. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» сондай айтулы тұлғалардың құрметке бөленуіне жол ашқаны мəлім. Құландықтар 2012 жылы Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаровты қашанда мақтан тұтады. Ауданымызда даңқты спортшының өмір жолы мен спорттағы мансабына арналған түрлі көрмелер ұйымдастырылып, оның спортта жеткен жетістіктері кеңінен насихатталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихи сананы жаңғыртуды көздейтіні белгілі. Аталмыш мақала Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жазбасының лайықты жалғасы екені мəлім. «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Абай – ұлт мақтанышы» тақырыбында Абай атындағы орта мектебінде хакімнің рухани бай мұрасын ұлықтау мақсатында аудандық іс-шара өткізілді. Сондай-ақ «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Абай – дара, Абай – дана қазақта» атты онлайн байқау, Мэлс Өзбеков атындағы мəдениет үйінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай онлайн танымдық кеш, барлық ауылдық жəне мектеп кітапханаларында тақырыптық көрмелер, көрмеинсталяциялар ашылып, таныстырылымдар мен 80- ге жуық іс-шара өткізіліп, аудандық газетте 16 мақала жарияланса, ауданның ресми парақшаларында 168 жазба, 50-ге жуық дерек, 40 бейнеқұттықтау, Абай өлеңдерін жатқа оқу бойынша 215, қара сөздерін жатқа оқудан 40, əнін орындаудан 35 жарияланым əлеуметтік желі қолданушыларының назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, аудан əкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Əбу Насыр əлФарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай аудан көлемінде кең ауқымды іс-шаралар өткізіліп, ұлы тұлға туралы анимациялық фильм көрсетілді. Пандемия ке зінде облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің бастамасымен ауданда «Қымызмұрындық» жобасы аясында Қарақыстақ ауылдық округі əкімдігі, «Жастар ресурстық орталығы» мамандарының ұйымдастыруымен, кəсіпкерлер мен белсенді ауыл тұрғындарының демеушілігімен орталық ауруханада коронавирус жəне пневмония дертімен ауырған науқастарға жəне емдеуші медицина қызметкерлеріне 500 литр қымыз жəне шұбат сусындары таратылды. Табиғи ем саналатын ұлттық сусындар науқастардың еміне шипа болса, үздіксіз еңбек атқарып жүрген ақ халатты жандарға қуаныш сыйлады. Науқастар мен орталық аурухана қызметкерлері игі істі ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Жыл басында М.Өзбеков атындағы аудандық мəдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты аудандық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Байқауға ауданның жас ақындары қатысып, іріктелді. Осы жылдың маусым айында ауданымызда «Джип-сафари» экспедициясы өтті. Онда Əулиеата жерінің қасиетті жерлерін аралаған танымал қонақтар қатарында отандық эстрада жұлдыздары, атақты спортшылар мен блогерлер болды. Аталған іс-шара ойлағандай əсерлі əрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Экспедицияның ашылуында қонақтар назарына көне жəдігерлер, халық қолөнері бұйымдары ұсынылып, ұлттық салт-дəстүрлер туралы баяндалды. Облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері əзірлеген көрмеге XIIXIII ғасырлардағы 50-ден астам археологиялық жəдігерлер қойылған десек, олар көне Тараздың өткенінен сырт шертеді. – Этноауылда қонақтар көшпелі қазақтардың тіршілігіне бойлай алды. Облыстық «ARAI» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың фотокөрмесі өңір табиғатының сұлулығынан сыр шертті. Сондай-ақ «Рысбаева жəне Ко» компаниясы Жамбыл өңірінің көрнекі орындары бейнеленген кəдесыйлар топтамасын көрсетсе, «ASPARA» сəн үйі ұлттық əйелдер киімінің сəн көрсетілімін өткізді. – Іс-шарада сөз алған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев: «Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қазақстандық жəне шетелдік туристерді тартатын орталыққа айналуы тиіс. Əлемнің көптеген елдері мемлекет қазынасынан қомақты қаражат қарастыра отырып, туристік жобаларды сəтті жүзеге асырып келеді. Бұл орайда біздің өңіріміздің де əлеуеті жоғары. «Джип-сафари» экспедициясы ішкі туризмді дамытуда үлкен рөл атқаратынына сенімдімін. Іс-шара алдағы уақытта дəстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын болады», – деді. Ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру аясында ұлттық құндылықтар ұлықталып, түрлі форматта ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Сондай мазмұнды іс-шараны «Ұлттық өнер – рухани қазына» тақырыбымен аудан əкімдігінің ішкі саясат, мəдениет жəне тілдерді дамыту, білім бөлімдері бірлесе ұйымдастырды. Басты мақсат – ұлттық өнерді насихаттау арқылы жастарды патриотизмге баулу, өзге этнос өкілдеріне ұлттық өнерді үйренуді насихаттау, домбыра мен қобыз аспаптарына деген қызығушылықты ояту, халықтар арасында достық пен татулық, келісім мен бірлікті насихаттау болды. Іс-шара аясында Мэлс Өзбеков атындағы мəдениет үйінің өнерпаздары мен Мұқан Төлебаев атындағы музыка мектебінің ұстаздары концерттік бағдарлама əзірлеп, оған мүмкіндігі шектеулі ерекше жандар өз үлестерін қосты. Бұл күні «Сұлутөр» фольклорлық ансамблі күмбірлете күй тартса, «Құлан сазы» фольклорлық ансамблі əуелете əн шырқап, «Əдемі-ау» халықтық əн-би ансамблі мың бұрала би биледі. М.Төлебаев атындағы музыка мектебі домбыра үйірмесінің оқытушысы Айман Сұлтанбергенова ұйғыр қызы Гузаль Касымоваға, қобыз үйірмесінің оқытушысы Айшабибі Орманова кəріс қызы Анастасия Янға домбыра мен қобыз тартудың тəсілдерін үйретіп, жиналған қауымға шеберлік сағатын өткізді. «Домбыра – ұлттың ұлылығы», «Қобыздың шығу тарихы» тақырыбымен өткен мазмұнды шеберлік сағатының іс-шараға қатысушыларға берері мол болды. Аталған мектептің ұстаздары Айдана Күлтасова мен Лескүл Жиенбетова ұлттық аспаптар көрмесімен таныстырып, əр аспап туралы деректерді жария етті. Аудандық тарихи-өлкетану музейі де ұлттық аспаптардың көне тарихын таныстыратын тақырыптық көрмесін ұсынды. Көрермен қауымға əр аспаптың шығу тарихы мен қолданылуы бойынша ақпараттар ұсынылды. 20 жылдан аса тарихы бар «Əдемі-ау»халықтық əн-би ансамблінің мүшелері қазақ биінен түрлі элементтер көрсетіп, би үйренудің нақты жолдарын көрсетті. Ұлттық өнерді насихаттау мен ұлықтау үшін белсенділер қатарынан аудан жастары да көрінді. Іс-шара ашық аспан астында өтіп,барлық санитарлық талаптар мен карантиндік шектеулер қатаң сақталды. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында Стивен Кови кітабының, Ювал Hoah Хараридің «Болашақтың қысқаша тарихы» жəне «ХХІ ғасырға 21 сабақ» атты кітаптарының таныстырылымы ұйымдастырылды. Кітапханаларда «Латын əліпбиіне көшу – уақыт талабы» атты ақпараттық сағат, дөңгелек үстел отырыстары өткізілді. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мəдениет» арнайы жобасы шеңберінде облыс əкімдігі мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасына қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен қолға алынған «Театр – өмір айнасы» фестивалінде аудандық мəдениет үйінің жанынан құрылған Б.Битанов атындағы халық театры «Абай – Əйгерім» шығармасын сахналады. Шығарма М.Əуезовтің «Абай жолы» эпопеясының желісі бойынша Бекен Римованың «Абай – Əйгерім» лирикалық драмасынан ықшамдалып алынған. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында «Бүкіл қазақстандық ағаш егу» акциясы, «Табиғат ана» атты ерікті жастармен тал егуі іс-шарасы, «Табиғатты аяла» атты жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің мектепішілік форумы өткізілді. Аудан аумағындағы ортағасырлық қалашықтар тарихынан сыр шертетін Құлан, Өрнек тарихи-мəдени ескерткіштері ЮНЕСКО тарапынан Бүкілəлемдік мəдени мұралар тізіміне енгізілген. Ауданның «Киелі жерлерінің картасы» жасақталып, киелі жəне тарихи маңызы бар орындар туралы көпшілікке таныстырылу жұмыстары ұдай жүргізіліп жатыр. Облыс əкімдігінің тапсырмасына сай «КӨРПЕ FEST» ұлттық қолөнер бұйымдары фестивалі өтті. Фестиваль аясында шеберлік сағаты, қолөнер бұйымдары көрмесі таныстырылды. Іс-шара негізінен аналар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау бойынша тəжірибе алмасуға бағытталды. Фестивальге əр ауылдық округтен қолөнер шеберлері, қолөнер үйренуге бейім жас аналар, жастар мен жасөспірімдер шақырылды. М.Өзбеков атындағы мəдениет үйінің Б.Битанов атындағы халық театрының əртістері М.Əуезовтің «Айқаракөз»драмасынан үзінді көрсетті. Одан бөлек «Əке қамқорлығы» атты қойылым қойды. Осы жылдың қаңтар айында аудан əкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен аудан жастары арасында «Туған жердің тарихы – тұнған шежіре!» атты тарихи-танымдық экспедици өткізілді. Еріктілер жылының басталуын жəне Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын жұртшылық арасында кеңінен насихаттау жəне экотуризмді дамыту мақсатында аудан жастарынан құралған ерікті жастар мен экспедиция мүшелері Өрнек ауылының таулы аймағында орналасқан «Дегерес» шыңын бағындыру марафонына белсенді түрде қатысты. Жастар бағындырған «Тянь Шань Алатауы» тау сілемінде орналасқан биік шыңға Абай Құнанбаевтың есімі жазылған жалауша ілініп, адамзат ақыл-ойының алыбы атанған тұлға рухына тағзым көрсетілді. Аудан əкімдігі білім бөлімінің «Жас натуралистер станциясы» КММ «Дəстүрді дəріптейік» жобасы аясында ұмыт болып бара жатқан дəстүрлерді қайта жаңғырту мақсатында «шөбере қолынан май жалау», «деңгене» секілді салтымызға арналып бейнеролик түсірілді. Ол бейнеролик əлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы жарияланды. Одан бөлек, аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен ауданның Құрметті азаматы, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижановтың «Атадан қалған асыл сөз» атты кітабының тұсаукесер рəсімі өтті. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Ауданымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары бойынша арнайы айдар ашылып І, ІІ жартыжылдыққа арналған медиажоспар бекітілген болатын. Осы орайда «Ақпарат толқыны» бағыты бойынша ағымдағы жылдың 10 айында аудандық «Құлан таңы» газетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары негізінде 105 мақала жарияланды. Жалпы аудан бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасы аясында өткізілген іс-шаралар бойынша аудан əкімдігінің фейсбуктегі əлеуметтік парақшасында 355, инстаграм əлеуметтік желісінде 355 жазба жарияланып, «Рухани жаңғыру» əлеуметтік желісіндегі парақшасына 330 тақырыптық материал салынғанын айта кеткеннің артықтығы болмас. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дəстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, əдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мəңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Əуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мəдениетіміздің бір парасы ғана. Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық əлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен əдеттерден арылу дегенді білдіреді. Мысалы, жершілдікті алайық. Əрине, туған жердің тарихын білген жəне оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мəселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға əсте болмайды. Біз əркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кəсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді. Осының бəрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мəдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» – деген болатын. Нұрсұлтан Əбішұлының бұл ойы көпшіліктің көкейіне қонғанына ешқандай күмəнымыз жоқ. Түйіп айтар болсақ, Тұрар Рысқұлов атындағы ауданда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты жазбасында көрсетілген міндеттерді өз деңгейінде жүзеге асыру мақсатында жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Оған барлық саланың мамандары жұдырықтай жұмыла білді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да лек-легімен іске аса беретіні сөзсіз. Өйткені аталмыш мақалалардағы басым бағыттар қай кезде де өзінің құндылығын жоғалтпайтыны айқын.
Назира АЛТАУОВА,
аудан əкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі.