Мерекелік құттықтау

1 072 Views

Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірменді көпшілік!
Баршаңызды Ұлы дала елінің ұлық мерекесі, елдігіміздің тұмары – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Тәуелсіздік – дәуір мен уақыттың бізге берген үлкен сыйы, халқымыздың мәңгілік құндылығы.
Жер бетіндегі қай халық үшін де тәуелсіздіктен биік ұлы мұрат жоқ. Еліміздің Тәуелсіздігі – ұлтымыздың ежелден еркіндік аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің көк байрақты жеңісі.
Ұлы далада сан ғасырлық қоғамдық құбылыстарды басынан өткізген ел мен халық үшін Ұлы дала сахнасында болған тарихи оқиғалар ізсіз кеткен жоқ.
Сол соқпақты жолды жүріп өткен бабаларымыз талай ғасыр азаттықты аңсап өтсе де, рухы мықты, өр намысын ешкімге таптатпады.
Еркіндікті аңсаған халықтың арманы 1991 жылы жүзеге асты. Тарих бетінде Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті пайда болды.
Тәуелсіздігімізді орнықтырудың ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер саясатының нәтижесінде ортақ мақсаттар жолында жұдырықтай жұмылған баршамыз Тәуелсіз мемлекетімізді бірлесіп құруға мүмкіндік алдық.
Осылайша, Қазақстан әлемдік тарих бетінде Тәуелсіз ел ретіндегі жаңа парақтарын бастады. Бүгінде ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың бағындырған белестері, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылған мемлекетіміздің толағай табыстары орасан. Тілегі татулыққа негізделген қазақ елін бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды.
Осы уақыт ішінде мемлекетіміздің экономикасы қарыштап дамып, көпұлтты, бірлігі жарасқан, ынтымағы бекем, келешегі кемел ел болдық.
Тәуелсіздік жылдары өңіріміздің де экономикалық даму көрсеткіштері қарқын алып, осынау жыл ішінде Т.Рысқұлов ауданы зор жетістіктерге қол жеткізді. Уақыт талабына сәйкес, аудан көлемінде жаңартулар мен жаңғыртулар жасалды. Бұл тарапта әрбір тұрғынның еңбегі, лайықты үлесі бар.
Ардақты ағайын!
Әрине, біз Тәуелсіздігіміздің тағы бір жаңа парақтарын ашар тұста азат ел екенімізді, өткеніміз өнегелі, келешегіміз кемел екендігін зор мақтанышпен айтамыз. Ұлы мерекені ұлықтау – ел болып еңсе тіктегенімізді көрсетеді. Қазақ үшін қандай да бір мереке болмасын оның бастауында – Тәуелсіздік күні тұрады.
Ендеше, қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен еңбегін бағалау жолында бәріміз жұмыла еңбек етуіміз қажет.
Баршаңызды ұлық мерекеміз –Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс тілейміз!
Қазақ елінің Тәуелсіздігі ғұмырлы, Туымыз тұғырлы болсын! Мереке құтты болсын!

                Аудан әкімі                                                                                           Е.Садырқұлов.

               Мәслихат хатшысы                                                                            Т.Жаманбаев.

Поделиться ссылкой: