Тәңір сыйлаған Тәуелсіздік

622 Views

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай аудандық мәдениет үйінде ілкімді іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Ерболат Садыр­құлов қатысып, ізгі лебізін білдірді. Ауданда көптеген толайым тірліктердің атқарылып жатқандығын тілге тиек еткен аудан басшысы тәуелсіздік жайлы сөз қозғағанда тебірене сөйледі. Өз сөзінде:
– Қадірменді ағайын, ұлан-байтақ жазиралы жері бар қазақ халқы үшін Тәуелсіздік күнінен асқан мереке жоқ. Түп шежіресі сонау түркі дүниесінен бастау алатын, мың өліп мың тірілген қазақ халқы бағзы заманнан бері қан­шама теперішті көрді десеңізші. Ұлтымыздың қабырғалы қалпын, сали­қалы салтын сақтап қалғаны – асқақ рухының арқасы болса керек. Біз Ұлы дала ұрпақтарымыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясат жүр­гізе білгендігінің арқасында әлем мойын­даған іргелі елге айналдық. Ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да әлемдік саясат сахнасында беделі зор екендігін сіз бен біз жақсы білеміз. Ұлардай ұйысып отырған бірлігіміз бекем, татулығымыз қыр асып, тәуел­сіздігіміз баянды болсын,- деді Ерболат Салқынбекұлы. Содан соң аудандық мәсли­хат хатшысы Тұрсынхан Жаман­баев та мінбеге көтеріліп сөз сөйлеп, азаттық рухы жайында толғана ой қоз­ғады.
Іс-шара барысында аудан эконо­ми­ка­сы мен мәдениетінің қарышты дамуы­на сүбелі үлес қосқан азаматтар мен азаматшалар облыс және аудан әкім­дерінің Құрмет Грамоталарымен және алғыс хаттарымен, сондай-ақ, аудан­дық мәслихаттың алғыс хатымен марапатталды. Ал ұзақ жылдар бойы табан­ды әрі еселі еңбектің арқасында абыройға кенелген Өмен Ниязқұлов, Кеңес Көкімбаев, Оразбек Жиентаев, Тыныш­бай Қасымбеков, Әнуарбек Тұрман­бетовке «Тұрар Рысқұлов ауданы­ның құрметті азаматы» атағы беріл­ді.
Шара соңында аудандық мәдениет үйі­нің көркемөнерпаздарының концерт­тік бағдарламасы көрсетілді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: