«Жыртықты жамағанмен, жаңармаймыз…»

498 Views

Қарақаттық тұрғындар ауылдан жаңа мектеп соғылуын қалайдыБекітілген кестеге сәйкес сәрсенбі күні Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаров округ құрамына енетін Қарақат және Шөңгер елді мекен тұрғындарының алдында есеп берді.

Округ әкімі өз баяндамасын бастамас бұрын есепті кездесуге ауыл тұрғындарын көптеп шақыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Кейіннен мінберге шығып, өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстарды тізбектей бастады. Еркін Серікханұлы өз баяндамасында ауылшаруашылығы, әлеумет, кәсіпкерлік, салық, білім, спорт, денсаулық салалары бойынша атқарылған ілкімді істерге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар инфраструктуралық даму жұмыстары туралы да сөз қозғап, газ жүргізу, ауыз сумен қамту, жолдарды асфальттау аясында алға қойған жоспарларымен де бөлісті. Еркін Сейтжапаровтың баяндамасын «қанағаттанарлық» деп есептеген тұрғындар, ізінен көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдады. Солардың алғашқысын ауылдық мешіттің имамы Азамат Барменов қойды. «Ауыл әкімінің жұмысына өз басым «қанағаттанарлық» деген баға беремін. Бірақ, өзекті өртейтін бір жайт бар. Былтыр біздің ауылдың орталық көшесіне асфальт төселді. Игі бастама басталмай жатып, ауыл халқының сынына ұшырады. Кейіннен аудан басшысының және ауыл халқының араласуымен бәрі ретке келтірілді.
Сондай олқылықтарды болдырмас үшін әрбір жоба жергілікті әкімдіктің қатаң бақылауына алынса деймін. Бұл – бір. Екіншіден, сіз өз баяндамаңызда биыл мектепке күрделі жөндеу жүр­гізілетінін айттыңыз. Бұл қуанышты хабар әрине. Дейтұрғанымен, жыртықты жамағанымызбен, жаңар­майтынымыз белгілі. Қыруар қаражат жұмсалып жасалған жөндеу жұмыстары бірер жылдан кейін қайта өз қалпына келетіні айтпаса да түсінікті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, біздің ауылға жаңа, сәулеті келіскен білім ошағы қажет. Ал іргетасы 1960 жылдары қаланған мектепті балабақшаға айналдыру жолдарын қарастыру ке­рек»- деп көптің көкейінде жүрген мәсе­лені қозғап, тиісті бөлімдерге жеткізуді өтінді. Өз кезегінде ауыл әкімі ұсынысты жан-жақты қарастырып, аудан басшыларына жеткізетінін айтты.
Расымен де қарақаттық тұрғындарға жаңа мектеп керек-ақ. Себебі, мұнда демографиялық өсім бар. 3-4 жыл бұрын мектептегі оқушылар саны жүзге әрең жетсе, қазіргі таңда 180-ге жуықтап қалған. Одан бөлек аудан орталығында оқитын 30-ға жуық оқушы бар. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмаған барлық балалардың саны – 274-ті құрайды. Айта кету керек, келер жылы мектеп табалдырығын 20 оқушы аттағалы отыр. Аталмыш мәліметтің барлығын бізге мектеп директоры Ербол Қайпулдаев мәлімдеп берді.
Жиын барысында өзге де ауыл тұрғындары өз ұсыныстарын жеткізді. Ал жиынды ауыл ақсақалы Үмбет Жан­әділов қорытындылап, ауыл әкімінің жұмысына сәттілік тіледі.
Дәл осындай форматтағы жиын түс мезгілінен соң Шөңгер ауылында да өтіп, бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: