Елбасын қарсы алған қария

593 Views

2003 жыл… Аудан тарихында есте қалған жылдардың бірі. Мамыр айында орын алған жер дүмпуі Құлан жұртшылығының әлі есінде. Түн жарымда орын алған апаттан талай тұрғын үй, сан түрлі ғимараттар қирағаны санамызда күні кеше болғандай жаңғырып тұр.
Құландықтар зілзаладан кейін жалғыз қалған жоқ. Керісінше еліміздің әрбір өңірінен қолдаулар, көмектер келіп жатты. Араға бірнеше айды салып, тұрғындар жаңа үйге қоныстанды. Тіпті, оның кейбірін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп табыстап, құрылыстың жүргізілу сапасын өз көзімен көрген еді. Сол сәтте Тұңғыш Президентіміздің ең алғаш болып бас сұққан шаңырағы Ақжайық көшесіндегі № 36 үй болатын. Аты аталған шаңырақта әлі күнге дейін Базарбай ақсақал тұрады. Сол күндерді ой елегінен өткізген қария «Елбасының қарапайымдылығына қайран қалдым» деп еске алады.
Базарбай Қозғанбаев 1941 жылы Жарлысу жерінде дүниеге келген. Ал 1961 жылы қазіргі Ресейдің Мурманск қаласында әскерде болып, Отан алдындағы міндетін өтеген. Әскерден оралып, 1965 жылы алғашқы еңбек жолын Ақыртөбеде орналасқан училищеде аға комендант болып бастаған. Кейінгі жылдары аудандық тұтынушылар одағының сауда-саттық базасында, Луговой рельс дәнекерлеу зауытында зейнетке шыққанға дейін жұмыс атқарды.
1967 жылы жары Оразкүлмен бірге шаңырақ көтеріп, 54 жыл жұптары жазылмай өмір сүріп келеді. Құланның қазыналы қариясына айналған ақсақалдың 1 ұл, 3 қызы, 12 немересі бар. Ұлы Ғалымжан ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында қызмет етіп, бүгінде зейнетке шыққан. Ал, келіні Әсия ауданның білім ошақтарының бірінде оқушыларға дәріс беруде. Ақсақалдың ұлынан тараған немерелері де елдің дамуына айрықша үлес қосуда. Атап айтатын болсақ, үлкен немересі Тоқтасын әке жолын қуып, Қордайда тергеуші қызметін абыроймен атқарып жүрсе, кіші ұлы Аян төтенше жағдай мамандарын даярлайтын Ресейдегі оқу орындарының бірінде білім алуда. Ал үйдің сүт кенжесі Аяулым аудан мектептерінің бірінде оқиды.
Адам баласының бойындағы шыншылдық қасиетті жоғары бағалайтын ақсақал зейнетке шыққаннан кейін Құлан ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін де атқарған. Одан бөлек зілзаладан кейін жаңадан соғылған төрт көше комитетінің төрағасы қызметін әлі де атқарып келеді.
Базарбай Қозғанбаев биыл 80 жасқа келіп отыр. Жапырағын жайған мәуелі бәйтерекке айналған қарияны аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері атынан шын жүректен құттықтаймыз! Ел алдында абырой беделмен жеткен осынау мерейлі жасыңыз құтты болсын! Әрқашанда Алланың назарында, бақыттың базарында шалқып-тасып жүре беріңіз!

Қожайхан БИЖАНОВ,
аудандық ардагерлер
Кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: