«Қызыл Жұлдыз» орденді жауынгер

710 Views

Жұмахан Қораласбаев 1963 жылы Луговой кентінде көп балалы, қарапайым теміржолшы отбасында өмірге келді. Әкесі Ілімхан 41 жыл бір мекемеде темір ұстасы болып жұмыс істеген. Өзінің турашылдығы, әділдігімен ауылда абырой-беделге ие болған жан-етін. Анасы Күлсін үй шаруасында, отбасындағы 11 баланы бағып-қағу сол кісінің мойнында. Жұмахан осы 11 баланың ортаншысы, ауылдағы сол кездегі №313 (қазіргі Тұрар Рысқұлов атындағы) орта мектепті бітіре салып, ПЧ – теміржол мекемесіне монтер болып жұмысқа орналасты.
1981 жылы сәуір айында Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге шақырылады. Алматы облысында әскери дайындықтан өткеннен соң Ауғанстандағы шектеулі Кеңес әскерлерінің контингенті қатарында соғысқа кіреді. Онда Баграм қаласында орналасқан 271-ші инженерлік сопер баталионында минаны залалсыздандырғыш жауынгер ретінде талай шайқас, қанды қырғынның ортасында жүрді.
Сондай шайқастардың бірі – аты шулы Паншер таулы аймағындағы ұрыс еді. Ұзындығы 118 шақырымды құрайтын бұл шатқал қиян-кескі соғыс жүріп жатқанда бірде Кеңес әскерлерінің, бірде моджахедтердің қарамағына өтіп отырды. Стратегиялық маңызы зор осы Паншер аймағын толықтай дұшмандардан тазарту туралы жоғарғы жақтан тапсырма келеді.
1982 жылы 15 наурызда басталған «Паншер – 1» операциясының басы­нан аяғына дейін қатысқан Жұмахан осы шайқаста әскердің алдыңғы қатарында жолды минадан тазартып, қаншама жауын­гердің өмірін сақтап қалды десеңізші. Осы ұрыста өзіне жүктелген әскери тапсырманы бұлжытпай орындағаны, көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғары Кеңесінің Жарлығымен ол жоғары награда — «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.
Бүгінде Жұмахан Ілімханұлы отбасымен бірге Алматы қаласында тұрады. Сол бір сұрапыл жылдарды жиі еске алып, жастармен, мектеп оқушыларымен болған кездесулерде әділетсіз соғыстың зардаптары мен қанды қырғында мерт болған қаруластары туралы тебіреніспен айтып отырады.

Б.ӘШІМӘЛІ.
Суретте: Ауған соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Жұмахан Ілімханұлы Қораласбаев.

Поделиться ссылкой: