АЛЫП КӘСІПОРЫНҒА – 30 ЖЫЛ

1 059 Views

Тамыздың бірінші жексенбісі – теміржолшылар Күні

АЛЫП КӘСІПОРЫНҒА – 30 ЖЫЛ

Ғасырға жуық тарихы бар қазақ темір жолы бүгінде қарқынды даму үстінде. Бұл дегеніміз бағыты айқын, бағдары анық мемлекетіміздің дұрыс жолды таңдағанның белгісі. Тамыз айының алғашқы жексенбісі жарты ғұмырын шойын жолдың бойында өткізетін теміржол қызметкерлерінің төл мерекесі. Осы бір айтулы күннің қарсаңында, біз аталмыш салаға қатысты кәсіпорындар мен қызметкерлер жайында сөз қозғауды жөн көрдік.

Темір жол саласы – біздің өңірдің күре тамыры іспетті. Сол себепті де, «Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорны» ауданымыздағы ең ірі кәсіпорындардың бірі болып саналады.

1988 жылдың 1 тамызында аталмыш кәсіпорын алғаш рет пайдалануға берілген болатын. Демек, биыл алып кәсіпорынға 30 жыл толып отыр.

Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорыны оңтүстік өңірлік жолдар шаруашылығындағы рельстерді дәнекерлеу және рельстерді жөндеуден өткізу қажеттілігі бойынша үлкен жетістіктерге ие. Біздің рельстерді темір жол магистралындағы жаңа құрылыс  телімдерінде, жөндеу жұмыстарында кеңінен қолданады.

Бүгінгі таңда кәсіпорында 291 адам жұмыспен қамтылып, тынымсыз еңбек етуде. Ұжымда әр түрлі жас аралығындағы жұмысшылар және 20-30 жыл еңбек өтілі бар ардагер азаматтар да қызмет атқарады. “Луговой рельс дәнекерлеу” кәсіпорнында бірнеше ұрпақ бойы теміржолшы мамандығын кәсіп етіп келе жатқан династиялық әулеттер де көптеп саналады. «Жас келсе іске» деп аузы дуалы қарияларымыз айтқандай, бүгінде кәсіпорынды білімді де білікті басшы Бақтияр Түлеков басқарып келеді. Сапалы өнімге қол жеткізу жолында директордың орынбасары Мақсат Юнусов, бас инженер Тұрғынбек Әденовтер қалтқысыз қызмет атқарып жүр. Мекемеде рельс дәнекерлеу цехы, жылжымалы рельс дәнекерлеу машинасы, балқыту колоннасы, автокөліктер цехы, машиналарды және механизмдерді жөндеу цехы, рельс тасымалдау құрылымы, ескі жарамды рельстерді жөндеу цехы, бу қазандық цехы жұмыс істейді.

Үнемі үзілмейтін қызу еңбек рельс дәнекерлеу цехында да жүріп жатады. Цехта төрт айналым бойынша күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс атқарылады. Түйістірілген рельс бұрнақтарының ұзындығы 800 метрге дейін жетеді. Аталған жұмыстар тәжірибелі мамандардың қатаң бақылауымен жүргізіліп отырады. Цехтың бас шебері Қанат Әлпейісовтың айтуынша, оның қарамағында еңбек ететін озат жұмысшылар жетерлік. Солардың қатарында А.Шаяхметов, Н.Шырынбаев, Б.Човдырбаев, М.Масалимов, Д.Сапақбаевтарды ерекше атауға болады.

Рельс дәнекерлеу цехынан шыққан рельсті жол дистанцияларының сұраныстары бойынша керекті жерге жеткізуді рельс тасымалдау құрылымы атқарады. Онда рельс тасуға арналған арнайы вагондар жасақталған. Рельсті көтеріп, тиеу істері бойынша шебер Бауыржан Айтымбетов бастаған машинистер құрамында Бердияр Испанқұлов, Ғани Бүркітбаев, Ермек Өмірбаев, Ерлан Шотаевтар елеулі еңбек атқаруда. Жылжымалы рельс дәнекерлеу машинасы теміржолдағы ақаулы рельс тағандарын белгіленген станцияларға бүтін күйінде қалпына келтіру, рельстерді темір жол үстінде дәнекерлеу жұмыстарын атқарады. Онда аға шебер Медеу Толықбаев басқаратын жеті жылжымалы рельс дәнекерлеу машиналары жұмыс істейді. Балқыту колоннасының тракторлары рельс басы мен аяғының айқастырмаларын балқыту, бірікпелерді дәнекерлеумен айналысады. Аталған бригада да шебер Серік Құрманов бастаған Исмайл Янширов, Сұлтанмырат Базарбаев, Берік Мамреев, Абдрахман Құдайбергеновтер қажырлы еңбек етуде. Одан бөлек электроцехтың шеберлері Сержан Тымбаев, Амангелді Шайлазимов, Еркін Айыповтар мекеме мен цехтарды электр және жарықпен қамтамасыз етеді.

Машиналарды және механизмдерді жөндеу цехының шебері, бас механик Жанатбек Беспаевтың кәсіпорынға сіңірген еңбегі зор. Онда Валерий Балахнин, Ерлік Қаратаевтар жөндеу жұмыстары жүргізіп отырады. Қыста мекемеге жылу беру үшін бу қазандықта Асқар Акилов, Болатбек Беспаев, Жамбылбек Биназаров от жағумен айналысады.

Күндізгі және түнгі ауысымдардан шыққан жұмысшыларды арнайы автобус жеткізіп отырады. Оны Серік Құлмағанбетов, Талғат Мұсаханов, Расиль Омбаев сияқты жүргізушілер жүргізеді. Кәсіпорындағы өз істерінің білікті де білгірлері, ерен еңбектерімен кәсіпорын жүгін алға сүйреп жүрген жетекші инженер Мақсат Базарбаев, нормалаушы инженер Азамат Шолпанқұлов, қауіпсіздік жөніндегі инженер Самат Қамшыбеков, өндірістік оқыту жөніндегі шебері Сабила Ахметжанова, эколог-инженер Дәулетхан Шүкеев, кадр жөніндегі менеджер Мөлдір Джуанышева, қоймашы Данияр Сәтімбеков, инженер-технолог Жеңіс Сейсенбаев, жетекші экономист Ербол Секербеков сияқты мамандарды ерекше атап өткен жөн. Олар заман талабына сай кадрларды тәрбиелеуде, іс-құжаттарын жүргізуге, оқу-өндірістік, инженерлік, экономика талаптарына сәйкес жұмыстарын жалғастыруға әрқашанда дайын жандар.

Жастар саясатын қолдау мақсатында «Жол картасы» бағдарламасы бойынша білімгерлердің тәжірибеден өтуіне тұрақты түрде мүмкіндік жасалуда. Бірқатар теміржолшылардың қосымша мамандық алып, біліктілігін арттыру мақсатында Тараз және Астана қалаларындағы оқу орталықтарында курстардан өтіп тұрады. «Қазақстан темір жолы» ҰҚ АҚ жұмысшыларымен 2018-2020 жылдарға арналған ұжымдық келісімшарт негізінде қарастырылған барлық жеңілдіктерді сақтап, жұмысшылардың денсаулықтарын жақсарту, балаларының жазғы демалыстарында лагерьге баруына барлық жағдай жасалған. Кәсіпорын жұмысшылары некеге тұрғанда, балалы болғанда, жасанды тіс салғанда, жақындары қайтыс болғанда, денсаулықтары сыр беріп ота жасатқан жағдайларда материалдық көмек көрсетіледі. Зейнеткерлер, жұмысшылар және олардың отбасы мүшелеріне жолаушылап қайту үшін жылына бір рет темір жол көлігімен тегін жүру жеңілдігі де қарастырылған.

Бүгінгі таңда кәсіпорынының еңбек ұжымы ағымдағы жылды табысты қорытындылау үшін жұмылып еңбек етуде. “Луговой рельс дәнекерлеу” кәсіпорнының теміржолшылары ел экономикасын көтеру жолындағы игілікті іске алдағы уақытта да үлес қосып, абырой биігінен көріне бермек.

Т.КЕҢШІЛІКҚЫЗЫ,

“Луговой рельс дәнекерлеу”

 кәсіпорнының іс жүргізушісі.

Поделиться ссылкой: