Вокзал кезекшісіне артылған жүк ауыр
Вокзал кезекшісіне артылған жүк ауыр
Осы бір мамандық түріне жүктелген міндеттің көп екендігіне Луговой вокзал бастығының кезекші көмекшісі, жас маман Гүлбану Қалдарбековамен тілдесу барысында көз жеткіздік. Жолаушылардың сан түрлі сұрақтарына жауап беру аса бір төзімділікті талап ететіндігін де байқадық. Теміржол саласында алғашында касса қызметкері болып бастаған Гүлбану Серікбайқызы вокзал көмекшісі ретінде жұмыс істегеніне биыл 3 жыл толыпты. Күнделікті күйбең тіршілігі, қызығы мен шыжығы таусылмайтын қызмет түрін кейіпкеріміз өзі таңдап, М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына оқуға түскен. Онда Гүлбану 5 жыл бойы білім алып, инженер мамандығын игеріп шығады. Негізінен, Гүлбанудың теміржол саласында қызмет атқаруына әкесі Серікбайдың қосқан үлесі орасан зор. Ол жайында вокзал қызметкері былай деп еске алды.
– Менің әкем осы салада диспетчер болып ұзақ жылдар бойы қызмет атқарды. Оның айтуынша, болат жолдың бойында жұмыс істеу үшін адам баласы өте білімді болуы керек дейтін. Сол себепті мен мектепті де, жоғары оқу орнын да үздік бағамен бітірдім. Қазіргі таңда алған білімім қызметімде көп көмегін тигізуде. Алға қойған мақсатым – теміржол саласында қызмет атқарып, биік белестерге жету және әкемнің маған артқан сенімін ақтау, -деп өз ойымен бөлісті.
Біз күнделікті өмірде вокзал кезекшісін пойыздардың келіп-кетуін хабарлау, жолаушыларды ақпараттандырудан басқа міндеттері жоқ деп ойлауымыз мүмкін. Алайда, осы жөнінде сөз өрбіткен Гүлбану Серікбайқызының толыққанды жауабынан кейін дұрыс емес пікір екендігін аңғардық.
– Вокзал көмекшісі тікелей халықпен жұмыс істейтіндіктен, алдыменен өзінің жеке мінез-құлқына, байыпты сөйлеуіне аса қатты мән беруі тиіс. Сырт келбеттен бөлек жеке бас қауіпсіздігін сақтау, өз кезекшілігіндегі орын алған кейбір өзекті жайттарды келесі ауысымдағы әріптесіне жеткізу сынды міндеттер жүктелген. Бұдан бөлек қауіпті аймақта жолаушылар мен азаматтардың жүру тәртібін сақтауын қадағалау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, билет кассирлерінің жұмыс тәртібін тексеріп, кассадан билет алу кезегін реттеу сынды жауапкершіліктер де вокзал кезекшісінің құзырындағы міндеттер. Вокзал стратегиялық ғимарат болғандықтан, ондағы қауіпсіздік шаралары да қатаң сақталуы керек. Сондықтан әрбір кезекші түр келбеті күдік тудыратын адамдарды назарда ұстап, желілік сақшылармен тығыз байланыста болуы қажет. Сонымен қатар, мүгедек арбасына танылған және қарт жандардың вагонға орналастыру мен сәтті сапар тілеу біздің тікелей жұмысымыз,-деп өзіне жүктелген міндеттерді жіпке тізгендей баяндап берді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.