Еңбекпен есейген
Еңбекпен есейген
«Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ілкімді істері облысымызға ғана емес, республикаға белгілі екендігін аймақ жұртшылығы жақсы біледі. Көгершін ауылы тұрғындарының сөзіне сенсек, бүгінде аталмыш серіктестік 1000-ға жуық аудан тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр екен. «Луговой жылқы зауытының» негізгі табыс көзі – егін шаруашылығы болып есептеледі. Дегенмен, атағы алысқа тараған серіктестікті басқарып отырған басшылар мұнымен шектеліп қалғанды құп көрмейді. Мал шаруашылығымен қатар балық өсіруді де ілгері дамытуды мықтап қолға алған. Осылайша, серіктестік басшылығы ұжымның зор абыройын одан әрі шарықтатуға бар күш жігерлерін салып, тонның ішкі бауындай еңбек ету үстінде. Осындағы қарапайым еңбек адамы ішінен біз көгершіндік Виктор Васильевич Исаченковтың есімін ерекше атар едік. Себебі, ол – жанкештілік танытып, күндіз-түні бой жазбай еңбектенгенінің арқасында III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін кеудесіне таққан абыройлы азамат. Алғашында Виктор Василийұлын (әңгімелескеннен кейін кейіпкеріміздің тегін осылай атауды жөн санадық) жазу туралы хабар жеткенде, іштей бір қорқыныштың болғаны рас. Оның басты себебі -орысшаға орашолақтығымыз еді. Кейбіреулер секілді «скийді» қосып, сұрақты төпелететін жанкештілігімізде жоқ екен бойымызда. Ойдың бәрі тек қана жазу.Содан тәуекелге бел буып, Тоқтарәлі Бәрпиев көшесін бетке алдым. Есік қақпаның алдына келгендегі толқынысты айтсаңызшы. «Не болар екен деп» әбден дегбірім қашты. Есікті бойы ұзынша келген өзім құралпы жігіт ашты. Оған не себепті келгенімді айтып жатыр едім, артынша дене бітімі толысқан, бойы да сергек ер азаматтың дауысы естілді. Амандық-саулықтан кейін журналист екенімді, не мақсатпен келгенімді айтып ауыз жимастан Виктор Василийұлы “қазақша түсінемін, сұрағыңды қоя бер” демесі бар ма? Іздегенге сұраған. Менің де қалауым осы ғой. «Әп бәрекелді!» десіп, жайғаса кеттім.
– Мен 1958 жылы Көкдөнен ауылында (бұрынғы Калинин) дүниеге келгенмін. Екі қыз, бір ұлдың әкесімін. «Луговой жылқы зауытында» 2005 жылдан бері ауыр жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс жасап келемін. Ақтоған орта мектебінің түлегімін. 8-сыныптан кейін, еңбекке араластым. Колхоз жұмысына жегілдік. Трактор және комбайын жүргізушісі болдым. 1975 жылдан бастап есептесек, мінеки, биыл 43 жылдың жүзі болыпты. Абай атамыздың «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей» деген ұлағатты сөзін өзің де жақсы білесің. Дала данышпанының осы сөзі менің ғұмырлық ұстанымым десе де болады,-дейді Виктор Василийұлы.
Айта кетейік, Виктор Исаченковке бұл орден 2015 жылы берілген. Одан бөлек, кейіпкерімізге табысты еңбек атқарғаны үшін сыйақы ретінде Халит Базарбайұлы Базаралиев 2009 жылы «Ваз-2107» автокөлігін табыс еткен. Қазіргі күні Виктор Исаченковтың ұлы Денис те осы серіктестікте еңбек етеді. Денисті сөзге тартқанымызда ол әкесінің кісілігі мол, ақжарқын жан екенін айтты. Айтпақшы, осы арада Денистің де қазақшаға судай екенін жазып өткеніміз жөн болар.
– Менің әкем өте алғыр жан. Ол шаршау дегенді мүлде білмейді. Бар көздейтіні – еңбек және еңбек. Абай атамыздың ұлағатты сөзін өзі жаңа тілге тиек етті ғой. Маған ылғи осы сөзді айтып, ескертіп отырады. Мен өз әкемді мақтан тұтамын,-дейді Денис.
Марат ДИХАНБАЙ.