Қазақтың «Амалы» – татулықтың қамалы

728 Views

Жыл сайын 14 наурыз күні еліміздің батыс өңірінде Көрісу күні атап өтіледі. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Ұлан-ғайыр ұлы даланың батыс аймағы осы күні «Армысың, Амал!» деп әз-Наурызды қарсы алады. Қытымыр қыстың қамытынан босанған жер бусанып, айнала өзгеше реңге бөленеді. Көптен көріспеген ағайын-туыс, бауырлар бұл күні төс қағыстырып, арқа-жарқа болады. Жақын-жұрағаттың амандығын біліп, көңілінің көктемі кемерінен асып-тасып жатады. Аузы аққа толған, көңілі таққа орнаған жұрттың пейілі ерек, ниеті түзік. Ал Наурыз мизамының бұл мерекесі неліктен еліміздің батыс өңірінде ғана тойланады? Көрісу күнінің шығу тарихы қандай? Бұл мереке туралы ғалымдарымыз не дейді? Сан салалы сұрақтың жауабын іздеп, саралап көрейік.
Амал мейрамының шығу тарихы туралы деректер кез келген адамды қызықтыратыны сөзсіз. Себебі ғалымдарымыз әлі де бұл тақырып төңірегінде алуан түрлі пікір айтып, өздерінің дәлел-дәйектерін келтіріп жүр. Бір ғалым бұл мерекенің пайда болуын географиялық һәм табиғи құбылыстармен байланыстырса, екінші ғалым бұл наурыз айының ең алғашқы мейрамы деген пікірде. Ал басқалары бұл мерекені күнтізбенің ауысуымен пайда болды деп топшылайды. Тарихшылардың мәліметіне сүйенсек, 1918 жылдың 24 қаңтарында Халық комиссарлар кеңесі қазақтың ескі жыл санау күнтізбесін қолданыстан шығарып, оның орнына Григориан күнтізбесін әкеледі. Бірақ екі күнтізбенің айырмашылығы 13 күн болып қалған. Соған байланысты 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осы деректі басшылыққа алатын болсақ, 1 наурыз – 14 наурызға тап келеді. Бұдан Көрісу күні – наурыз айының ең алғашқы мерекесі болып шыға келеді. Бұл пікірді көрнекті ақын, ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпеев те қуаттайды. Ол өз жазбаларында: «Ертеде 14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ «Наурыздама» тойлайтын еді, Ол 8, 9 күнге созылатын еді» дейді. Ғалымның осы дерегіне сүйенетін болсақ, бұл пікірдің қисынға келетінін пайымдаймыз.
Қазіргі таңда Көрісу күні тек еліміздің батыс аймағында ғана тойланып жүр. Бұл мереке сол өңірде бекігеніне де талай жылдың жүзі болды. Алайда Көрісу күні ерте кезде барша қазақ, қала берді Орта Азия халықтарына тән мереке болғанын түрлі тарихи, әдеби шығармалардан көреміз. Тіпті, ақын Абайдың «Жазғытұры» өлеңінің мән-мағынасы осы мерекеге байланысты айтылғандай.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып, – деген өлең шумақтары Амал мерекесіне арнап айтылғандай әсер қалдырады.
Бүгінде Көрісу күні Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысының кей аудандарында, Қарақалпақстан, Түркіменстан қазақтарында, Ресей Федерациясының Саратов, Самара, Орынбор, Астрахан аймақтарында сақталған. Көрісу күнін тойлайтын аймақтардың осы тізіміне қарап, ертеде бұл мерекенің тойлану ауқымы өте кең болғанын байқаймыз.
Сондай-ақ, жыл сайын дәл осы күні Табиғат-Ананың мейірі төгіліп, қылаулап қар жауады екен. Оны наурыздың ақша қары дейді. Үлпілдеген аппақ қар. Естеріңізде болар, қазақ халқының рухани әлемінде өзіндік орны бар «Қыз Жібек» жырында «Қыз Жібектің ақтығы, Наурыздың ақша қарындай» деген жыр жолдары кездеседі емес пе!? Міне, осы күні жауатын қардың аппақ бейнесін шебер түрде сұлу арудың көркіне теңеп тұр. Бұл да Амал мерекесінің ерекше белгісінің бірі шығар.
Көрісу күнінің шығу тарихына келгенде, пікірлердің әрқилылығынан бір тоқтамға келу өте қиын. Бұл туралы талай ғалым өзінше зерттеп, өзінше ғылыми айналымға енгізді. Ал біздің мақсат – ғалымдардың шығармаларын баяндап, олардың маңызын айту емес. Керісінше, бұл мерекенің кең түрде етек жайып, қолданысқа енуіне ат салысу, қарға тамырлы қазаққа ортақ мерекенің жандануына өзіндік үлесімізді қосу. Бұл – ұлттық мерекелеріміздің қатарының көбеюіне, одан әрі дамуына әсер етері сөзсіз.

Ахмет ҚАМШЫБЕК.

Поделиться ссылкой: