Ботулизмнің алдын алу
36 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Осыдан төрт жыл бұрын (2017 жылдың ақпан айында) Парламент депутаттарының қозғау салуымен «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған болатын. Жақында Сенат депутаты Абдалы Нұралиевтің облыстық «Ақ жол» газетінде (4 наурыз, 2021 жыл) «Жайылым мәселелері алаңдатады» деген мақаласы жарияланды. Сенатор осы көкейтесті мәселенің наурыз айында атқарылуы туралы Үкіметке депутаттық сауал жолданғанын айтады.
Иә, «Ештен, кеш жақсы» деген ғой, әйтеуір ауыл халқының «жанайқайының» Парламент қабырғасына жеткенінің өзі жақсылықтың нышаны емес пе? А.Нұралиев елден барған азамат қой, ауылдың мұңы мен мұқтажын ол кісіден артық кім біледі. Ол рас, дәл қазір қолда бар малдың 80 пайызы ауыл маңынан әрі бармайды. Малды бақпаншы бекітіп, құмға немесе таудағы жайылымға жаз бойы жіберген дұрыс қой. Бірақ, жұрт сол малшының өзінен қорқады. Өйткені шалғай шетте жападан жалғыз отырған малшыға қоқан-лоқы көрсетіп, малын көпе-көрнеу тартып әкететіндер де, үйір-үйірімен, тіпті табынымен, отарымен айдап немесе «даймандарға» басып әкететіндер де жоқ емес. Жұрт солардан қорқады. Сондықтан ауылдағы малын амандаған жұрт «он саулығым аман болсын» деп алысқа жібермейді.
Парламент депутаттары ауылдық округ пен аудан әкімдігі мәслихат бекіткен жоспарға сәйкес «жайылым пайдаланушылар бірлестігін құруды» ұсынады. Бәлкім бұл ұсыныс та дұрыс шығар. Бірақ, қазіргі таңда ауылдық жерлердегі ұрлық-қарлықты тоқтатпайынша, бұл мәселені қозғау ертерек пе деп қаласың. Жақында ауыл мен аудан әкімінің бірлескен жиналыстары болып өтті. Сол жиналыстарда жайылым мәселесі де кеңінен сөз болды. Әкім: «Ауылдағы әр тұрғын қолдағы малы 30 бастан асса, онда сыртқы, таулы, құмды аймақтарға малшы тауып шығарсын. Біз оған жайылым тауып береміз»деді.
Иә, ондай сөзді айту оңай ғой, бірақ соны ұйымдастыратын кім? Ауыл-аймақ әкімдері ме? Онда аудан әкімі өз өкімімен ауыл әкімдеріне осы тапсырманы жүктеуі керек шығар. Сонда ауыл әкімі малшыны да, жайылымды да тауып, баяғы колхоздағыдай әр бадашыға малды санап тұрып бекітіп беріп, күзде қайтадан санап алатын болады. Сонда ғана жауапкершілік болады. Сонда ғана жұрт жекеменшік малын сондай адамға сеніп тапсыра алады. Егер бадашы малын жоғалтса, өлтірсе – төлейді.
Жаңатұрмыс ауылында өткен осындай жиналыста «Құлбарақ» шаруа қожалығының жетекшісі Кәдірбек Құлбарақов: «Біздің таулы аймақтағы, дәлірек айтқанда, «Аманжолдағы» екі мың гектар жайылымымызды көрші Меркі ауданы уақытша пайдалануға алған. Пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кетті. Енді осы жерді қайтарып беріңіздер, елге жайылым керек» деді мәселені турасынан қойып. Аудан әкімі жер қатынастары бөліміне осы мәселемен етене жақын айналысуды тапсырды. Осы көрші ауданның ақсақалдары «Қарақыстақ» мал жайылымындағы өзен суын ластап, улап отырған «Golden Compass» алтын өндірушілерін сынға алған еді. Одан алтын өндірушілер кешікпей қорытынды шығаруға уәде берді. Осы «Қарақыстақ» өңірінде мыңдаған гектар жайылымдық жер пайдаланусыз жатыр. Қазір алтын қазғандар асудың арғы жағына жол салып қойған. Жаз айларында кеңес өкіметі тұсында-ақ жерлері бар Қорағаты, Ақбұлақ, Жаңатұрмыс ауылдық округтері өздерінің малдарын бос жатқан «Жүз асу», «Кіші және Үлкен Көкқия» жайлауларына шығарса болады ғой. Дегенмен, осы аймаққа полиция бақылауын күшейтіп, қажет болса салт аттылы полицейлер жасағын ұйымдастыру керек шығар. Сонда ұрлық та тыйылған болар еді.
Жайылым мәселесі әр ауылдық аймақта бар. Көктемде ғана Жаңатұрмыс, Қарақыстақ, Абай, Құлан, Көкдөнен, Тереңөзек округтерінің тау сағасына дейінгі жайылымдары малға өріс болады. Ал мамыр, маусым, шілде айлары келісімен «Сарманқұл», «Тастақ», «Жалғыз тал», «Шөңгер», «Сарбұлақ», «Ақжар», «Көкдөнен» жазықтарындағы өсімдік біткен қурап, дала тап-тақыр құладүзге айналады. Барлық елді мекендерге дерлік шаруа қожалықтары егістік жерлерін әбден тақап айдап, ол жерлерге арпа мен бидай сеуіп тастаған. Тіпті, кейбір ауылдарда жекеменшік малды өріске айдап шығаратын айдасын да (прогон) жоқ. Сондықтан болар жекеменшік мал иелері қашан көрсең қожалық қожайындарымен сөзге келіп жатады. Ең өкініштісі кейбір елді мекен маңындағы мемлекеттік қордағы жерлердің өзіне егін егіп жібергендер бар.
«Сенатор А.Т.Нұралиевтің көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Біздің қожалықтың төрт түлік малы түгелдей таулы аймақта. Жекеменшік иелеріне ешқандай қиыншылық туғызып жатқан жоқпыз. Айтайын дегенім, кейбір қожалықтардың қыруар жері бар, бірақ оған бағатын малы көп емес. Ал кейбір кәсіп иелері жайылымдық жер таппай, алақандай жерге мыңдап мал бағып отыр. Осы мәселені аудандық жер қатынастары бөлімі ескерсе деймін» дейді ауданның Құрметті азаматы, байырғы кәсіпкер Қ.Дәулетов.
Ауданымызда 514158 гектар жайылымдық жер бар екен. Осынау қыруар жер ресурсы бола тұрып, «Жайылымдық жер жетпейді» дегеніміз дұрыс па? Бәрінен бұрын жайылымдық жерді пайдаланушылардың иелегіндегі жерлерді тексеріп, шалғайдағы «Үмбет», «Арғынқамалған», «Түлей», «Елқаттаған», «Баскөл» жайылымдарына мал шығару жағын да ауыл әкімдерімен бірлесе отырып, «жайылым пайдаланушылар бірлестігін құру» туралы Парламенттің бастамасына қолдау көрсететін уақыт жеткен сияқты. Қазіргі таңда жайылымдық жерлерді пайдалана отырып, мал басын өз төлі есебінен көбейтіп, мал өнімдерін молайту мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселе болып саналады.
Сейсен ҚОЖЕКЕ.