Олардың өмірге деген құштарлықтары да ерекше
Өткен жұмада «Бұқаралық спорт іс-шараларын өткізу орталығы» КММ-де (Спорт кешені қазір осылай аталады) аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық білім бөліміне қарасты қосымша білім беретін іргелі ұжымның бірі «Психологиялық педагогикалық кабинеті» ерекше білімді қажет ететін балалар арасында спорттық іс-шара ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар алдымен анасы, баласы және тәрбиеші үштігінен эстафеталық ойын өткізуді құп көрген екен. «Толағай» деп аталған эстафеталық ойынға 5 команда қатысып, өзара жүлдені сарапқа салды. Барлық ойын нәтижесі аяқталған соң жеңімпаз бен жүлдегерлерді қазылар алқасы анықтады. Әділ қазылар алқасының ұйғаруымен жүлделі үшінші орынға «Мұзарт» және «Шабыт» тобы ие болса, «Жасұлан» және «Болашақ» топтары жүлделі екінші орынды еншіледі. Ал «Қыран» тобы «Толағай» деп аталған эстафеталық ойынның жеңімпазы атанды.
Іс-шара мұнымен аяқталған жоқ. Бұдан өзге асық ату, арқан тартыс және қол күресінен де сайыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің арнайы медалі мен дипломдары табыс етілді. Біз барлық сайысты көрдік. Тамашаладық. Сонда біздің көкейге мынадай ой келді. «Біз әдетте өмірге құштарлық деп жатамыз ғой. Отбасында туындаған азын-аулақ кикілжіңге бола ащы суға сылқия тойып, көшеде құлап жатқан адамдар жоқ емес, бар. Басқа сәл қиындық түссе, өз-өзін жегідей жеп тынатындарды да көргенбіз». Ал ерекше білімді қажет ететін балалардың өмірге деген құштарлықтарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кескін-келбеттерінен адалдықтың иісі аңқып тұрғандай сезіледі. Іс-шараның алғашқы күніне белгіленген жарыстан осындай ойдың аурасымен қайттық.
Марат Диханбай.