Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым

1 687 Views

Өткен аптада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде орналасқан Coworking орталығында «Парасат жолы» жобасы мен «Ақ Отау» әуесқойлар клубының ұйымдастыруымен «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым» тақырыбында іс-шара өткізілді.
Жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Өткенді білмей, келешекті білу мүмкін емес. Бұрынғының парқын білгендер ғана бүгінгінің нарқын білер» – деген сүбелі сөзі бар. Сан ғасырдан бері халқымызбен жасасып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің қолданысына, оның эстетикалық көркемдігі мен тәрбиелік мәніне мүмкіндігінше қанық болғанымыз дұрыс. Жақсы жарасымын тапқан салт-дәстүрлер қазақ халқының пайым-түсінігімен, психологиясымен, тектілігімен астасып жатыр. Салт-дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Салт-дәстүр – халық өмірінің айнасы.
Іс-шара барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін бөлісіп, салт-дәстүр, әдеп-ғұрып тақырыбында сөз қозғады. Сондай-ақ, Мұқан Төлебаев атындағы саз мектебінің ұстазы Айнұр Жиенбаева халық әнін шырқап, өз өнерін көрсетті. Сонымен қатар Луговой ауылының тұрғыны, қолөнер шебері, кәсіпкер Тұрсынкүл Сағынбекова апамыз өз қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын әкеліп таныстырды.
Тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен айырылған халықтың құрдымға кетері анық. Біздің сөз еткеніміз салт-дәстүрлердің аз ғана бөлігі. Ал қазақтың тектілігін танытып, көре­гендігін көрсететін әлі де қаншама қасиетті дәстүрлер, жөн-жоралғы, әдет-ғұрыптар бар. Қолданыстан шығып, ұмыт болған дәстүрлерді жаңартып, қайта ұстану өз қолымызда.

Нұршат ЕРСАЙЫН,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің
қызметкері.

Поделиться ссылкой: