Берекеге бөлеген мереке

584 Views

Қазақтың рухани әлемінде Наурыз мерекесі айрықша орын алады. Себебі Наурыз – әдеміліктің әлемі, сұлулықтың сазы, тіршіліктің тынысы. Бұл мезгілде барша табиғат жаңарып, өзгеше бояуға бөленетіні белгілі. Наурызбен бірге жаңа жыл келеді. Халқымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық нақышын да өз бойына сіңіріп, жаңғыртатын осы бір мерейлі мереке. Шығыстың данышпандары Махмұд Қашқари, Омар Хайямнан бастап қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт қайраткерлері де Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, асыл сөздер жазып қалдырған. Наурыз мерекесі күні – қасиетті күн. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша белгілерін ескере отырып белгілеген. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған.
Осы орайда ауданымыздағы «Балауса» бөбекжай-бақшасында бүлдіршіндерге Наурыз мерекесінің маңызын түсіндіру үшін «Берекеге бөлеген мереке» атты іс-шара өтті. Іс-шара барысында аталмыш балалар бақшасының тәрбиешілері Гаухар Байтүгелова мен Ақсұңқар Үкіметова балақайлардың танымдық көкжиегін кеңейту мақсатында түрлі ойындар ұйымдастырып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өз кезегінде балалар да іс-шараға белсенді атсалысып, өз өнерлерін ортаға салды. Тәрбиешілердің айтуынша, дәл осындай іс-шаралар бүлдіршіндердің тәрбиелік жағынан толысуына көп септігін тигізеді екен. Сол себепті, аталмыш іс-шараның мағыналық тұрғыдан маңызы зор.
Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Наурыз мерекесін асыға күтетініміз, ерекше даярланатынымыз содан болса керек.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: