Дастарханға ақ толатын, елімізге бақ қонатын мереке

795 Views

Наурыз – жыл басы. Күн жадырап, жердің то­ңы жібіп, шұрат жерлер көк желеңге бөленеді. Ал ау­дан көлемінде Наурыз мере­ке­­­сі­нің мән-мазмұнын аша­тын, салт-дәстүрімізді жаң­­ғыр­татын біршама іс-шара ұйым­дастырылып, той-думанға кө­рік берді.
Өткен аптаның жексенбісінде ау­дандық Мэлс Өзбеков атын­дағы мәдениет үйінде каран­тиндік талаптарды сақтай оты­рып, «Наурыз тойым – ме­реке, салт-дәстүрім – бе­реке» атты мерекелік кеш өтті. Наурыз мерекесіне орай ұйым­дастырылған іс-шарада ауданның өнерпаздары әсем ән мен талғамды биден өрнек өріп, мерекенің шырайын кіргізді. Мерекелік кеште өзінің ізгі ниет, жылы лебізін білдіру үшін аудан әкімі Ерболат Садырқұлов құттықтау сөз сөйлеп, Наурыз мерекесінің маңызына тоқталды. – Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Дастарханға ақ толатын, елімізге бақ қонатын бүгінгі арайлы шақты халқымыз Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтаған. Шығыс халқына ортақ әз-Наурыздың тарихы көне замандардан, шамамен 5 мың жылдан бұрын бастау алған. Күн мен түнді теңеген, іргемізді ізгілікке бөлеген Ұлыстың ұлы күні бүкіл адамзатқа шаттық сыйлап, көңілдеріне қуаныш ұялата берсін, – деп Ерболат Салқынбекұлы көңіл түкпіріндегі ақжарма тілегін білдірді.
Мерекелік кеш барысында әншілер әуезді әннен шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Аудандық мәдениет үйінің әншісі Аружан Оразалы «Наурыз думан» әнін шырқаса, Нұрлан Әмірбетов «Тағы да келді бір көктем» әнімен сахна сәнін келтірді. Сонымен қатар Айша Жүнісова, Рысбек Қадырқұлов соло ән айтып, өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте танытты. Ал «Сұлутөр» фольклорлық ансамблі, «Әжелер» ансамблі, «Достар» триосы сынды өнерпаздардың өнері көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің ажарын аша түсті. Сондай-ақ, мерекелік кеш барысында «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің мың бұралған бишілері инсценировка жасап, орындалған әндерге көрік берді.
Концерт аяқталғаннан кейін жиналған көпшілік мектеп оқушыларының бейнелеу өнер туындылары орналасқан жерге ойысты. Бұл жерде оқушылардың полотно бетіне салған сырлы да сұлу суреттері қойылған. Барлық өнер туындылары көздің жауын алып, менмұндалап тұр. Мерекеге орай ұйымдастырылған аудандық «Наурыз – мәңгілік ел салтанаты» атты жас суретшілер шеруіне белсене қатысқан әрбір оқушының ынтасы көз қуантарлықтай. Соның ішінде Ш.Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің 5 сынып оқушысы Алтынбек Нұрмұханбет ерекше көзге түсіп, өз туындысы арқылы көпшіліктің оң бағасына ие болды. «Наурыздың жайдары да жайсаң бұл күнінде ұйымдастырылып жатқан осы байқау оқушылардың шығармашылық қабілетін ашуға көп септігін тигізеді. Менің ойымша, бұл байқаудың мерекеге орай өткізілуі, өнер туындыларының ұлттық нақышпен байланысуы өнердің озық үлгісін жасайды» дейді жас талант Алтынбек Нұрмұханбет.
Сонымен қатар Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шаралардың легі мұнымен толастамай, «Дендро» саябағы мен «Бұқаралық спорт іс-шараларын өткізу орталығы» КММ-де өз жалғасын тапты. Бұл жерлерде де Наурыз мерекесі ұлықталып, кең көлемде атап өтілді.

Ахмет ҚАМШЫБЕК.

Поделиться ссылкой: