Наурыз айы келгенде…

818 Views

Өткен сенбіде Наурыз мерекесіне орай аудан орталығындағы бірегей білім ошағы саналатын Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте ілкімді іс-шара ұйымдастырылды. Аталмыш шараға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Пазыл Сүлейменов және ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысып, сөз сөйледі. Өз сөзінде аудан басшысы әз-Наурыз мерекесінің тарих бедерінде өзіндік орны бар екенін тілге тиек етіп, жиналған жұртты келіп жеткен ұлттық мерекемізбен құттықтады. Содан соң Ербол Абақұлы мен Пазыл Әбілдаұлы да ізгі тілектерін білдіріп, Ұлыстың ұлы күнінде осындай іс-шараның ұйымдастырылғаны жас ұрпақ пен аға буын өкілдерінің арасына дәнекер болып, көпке үлгі екенін атап өтті. Ал аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы әлемде болып жатқан қиындықты да берекелі бірліктің арқасында еңсеретінімізді айта келе:
– Айналайын қазағым!
Өсе берсін мал басың,
Көбейе берсін жан басың.
Жау жағадан алмасын,
Бөрі етектен шалмасын.
Тау тұлғалы ерлерді,
Жаратқан өзі жақтасын.
Бәле-жала қазақты,
Іздесе де таппасын.
Бақ дәулетті ырыс-құт,
Елге келіп орнасын.
Мединеде Мұхаммед,
Түркістанда Қожа Ахмет.
Маңғыстауда пір Бекет,
Ықыласпен тілек тіледім,
Тілекті Алла қабыл ет, – деп батасын берді.
Одан соң мектеп директоры Нұргүл Төленқызы да өз ойын ортаға салып, қазақ халқының ұлттық мейрамы әз-Наурыз мерекесі жайында оябы бөлек сүбелі сөздер айтты. Аталмыш білім ошағындағы ата-аналар комитетінің төрайымы Мәрзия Құттыбаева да бұл шараның маңызы мен мазмұны ерекше екенін айтты.
Расымен де мұндай іс-шаралардың көптеп ұйымдастырылғаны жас ұрпақтың бойына айға ұмтылуды емес, адамгершілікті, кісілікті емес, кішілікті, есерсоқтықты емес, еңбекқорлықты дәріптейді. Оны Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Мадина Шәбденнің сөйлеген сөзінен де аңғардық.
Шара соңында келген қонақтар мен мектеп мұғалімдері және 11 сынып оқушылары арнайы белгіленген жерге тал егіп, естелік суретке түсті.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: