Білім бәйгесінде бағы жанған Диана

542 Views

2019 жылы Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев белсенді шығармашыл және талантты жастарды қолдау мақсатында «El Umiti» бастамасын ұсынған еді. Аталмыш бастаманың аясында «Елбасы медалі» бағдарламасы да қарастырылып, ол Нұрсұлтан Назарбаев Қорының, мем­лекеттік атқарушы билік органдардың, білім беру мекемелерінің және қоғамдық ұйымдардың серіктестігімен жүзеге асырылып келеді.
«Елбасы медалі» бағдарламасы еліміз­­дің білімді жастарының шығармашылық қабілеттерін ашуға бағытталған. Өзін-өзі дамытуға және өзін-өзі қалыптастыруға қабілеті бар жас буын өз халқына пайдасын тигізе алатыны бесенеден белгілі. Аталған бағдарлама бойынша ауданымыздың атынан қатысқан М.Горький атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Диана Баймуратова 7 бағытты толық бағындырып, қола медальға ие болды. Жобаға ерекше ықыласпен қатысқан Диана «Спорт және дене шынықтыру», «Дарын мен дағды», «Кітап оқу», «Ұлттық мұра», «Еріктілік» деп аталатын бағыттары бойынша өзінің білімі мен білігін көрсете білді. Атап айтқанда, «Спорт және дене шынықтыру» бағыты бойынша өзі қатысып жүрген бокс өнерінің қыр-сырын жетік меңгергенін көрсетсе, «Кітап оқу» бағыты бойынша Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасының мазмұны мен идеясын жілікше талдап берді. «Ұлттық мұра» бағытында қолынан шыққан алқа, білезік, тұмар сияқты туындыларын көпшілікке таныстырса, «Еріктілік» бағыты бойынша қайырымдылық іспен айналысу, қарттар мен жалғызбасты аналарға көмектесу сияқты игі істермен айналысқанын тәжірибе жүзінде көрсете білді.
Дарындылармен оза шауып, аламанда алғашқылардың қатарында келген қаблеті жоғары оқушы Диана Баймуратоваға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов аталмыш медаль мен төсбелгіні өз қолымен табыстап марапаттады. Аудан басшысы: ««Елбасы медалі» бағдарламасына қатысу арқылы жастар өз уақытын тиімді өткізуге, болашақ өміріне мақсат қоя білуге және оларды жүйелі түрде жүзеге асыруға үйренеді. Білімді де алғыр Диананы бұл жеңісімен құттықтай отырып, дарынды оқушының жеткен жетістігі аудан оқушыларына үлгі боларына сенімім зор, – деп жас өренге ізгі тілегін жеткізді.

Өзипа ШЫМЫРБЕКОВА,
М.Горький атындағы орта мектептің директоры.

Поделиться ссылкой: