Жерлестеріміз жеңіспен оралды
Жерлестеріміз жеңіспен оралды
Шахмат ойыны – адамның ақыл-ой ұшқырлығын талап етеді. Ежелден қалған аңыздар бойынша, шахматты ең алғаш болып біздің дәуірімізге дейін 1000 жыл бұрын үндістандық математик ойлап тауыпты. Ал кейбір деректер бойынша, шахмат біздің дәуірімізге дейін II-III ғасырда Мысыр, Ирак және Үндістанда пайда болған деседі.
Ғасырлар бойы әлемге аса танымал болған шахматтан ресми чемпионат алғаш рет 1886 жылы өтіпті. Содан бері әлемнің әр өңірінде дәстүрлі түрде жарыстар ұйымдастырылып келеді. Сондай байрақты бәскелердің бірі жуырда Шри-ланка елінің Калутара қаласында өткен болатын. Оқушылар арасындағы XIV Азия чемпионатына елімізден 50-ге жуық балалар аттанып, бақ сынап келді. Олардың қатарында Шапағат Қонысбай, Нүсіпбек Ешенқұл, Алим Тугузбай секілді ауданымыздың оқушылары да бар.
Бас-аяғы он алты мемлекеттен келген 400-ден астам шахматшы 7-17 жас аралығында топқа бөлініп, жарысқа түскен. Жекелей және топтық сындарда қарсыластарына айтарлықтай басымдық көрсеткен еліміздің жас шахматшылары командалық есепте Өзбекстан мен «шахмат Отаны» деп саналатын Үндістанды алдыға жіберіп, жүлделі үшінші орынға табан тіреген. Бұл жеңіске ауданымыздан барған жігіттердің де қосқан үлестері орасан зор. Жандос Адибаев пен Шыңғыс Серікбайдан тәлім алатын А.Тугузбай 10-11 жас аралығында жарысқа түсіп, жекелей есепте қолаға, ал командалық есепте алтын және қос бірдей қола медальға ие болған. Ал, луговойлық Шапағат Қонысбай 14-15 жас аралығында сынға түсіп, командалық есепте үш бірдей күміс медальға қол жеткізген. Сәл ғана балдық көрсеткіш бойынша өзге елдің қатысушыларынан қалып қойған Нүсіпбек Ешенқұл жүлделі орынға іліге алмады десек те, бапкерінің айтуынша, ол әр мемлекеттен келген 44 оқушымен бақ сынасқан екен. Алдағы уақытта білікті бапкер Нүсіпбектен зор үміт күтетіндігін де жасырмады.
Бес жасынан бастап шахматпен әуестеніп, жүлдеге қол жеткізген Алим мен Шапағаттың бұл жеңістері алғашқысы емес. Алим осы күнге дейін Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы атанып үлгерген. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Chess bala» және «Маралсай» шахмат жарыстарына қатысып, тұғыр биігінен көрінген. Одан бөлек, Бразилия (Жуис-ди-Фора) мен Тайвань (Тайчунг) елдерінде өзінің мықты екендігін көрсетіп, жүлдегер атанған. Ал, Шапағат үшін бұл алғашқы рет шет елге шығып бақ сынауы. Алғашқы нәтижесі жаман емес. Дегенмен, дәл қазір елімізде Шапағатқа тең келер қарсыластардың саны ілуде біреу ғана. Осының өзі Шапағаттың дарынды екендігін айқындайтыны анық.
Шет елге шығып, халықаралық жарыстарға қатысу оңай емес. Жататын жер, тамақтану, жол ақысы тікелей қатысушының мойынында екендігі белгілі. Қомақты қаражаттың табылмауы көптеген спортшылардың «маңызы зор жарыстарға қатысып, бақ сынаймын» деген армандарына тұсау болып жататындығы бар. Осындай сәттерде жас спортшыларға қол ұшын созатын жомарт жандардың болғаны көңіл қуантады. Сөз соңында Шапағат Қонысбай арманының орындалуына септігін тигізген “Ақтоған” шаруа қожалығының басшысы А.Ахаевқа, сонымен қатар, аудандық спорт бөлімінің басшысы Ә.Бестерековке және дайындық кезінде үнемі қасында болып, демеу көрсеткен мектеп мұғалімі А.Юнусовқа алғысы шексіз екенін жеткізді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.