ДЕРТТІ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖОЮДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ – ЖАППАЙ ВАКЦИНАЦИЯЛАУ

598 Views

«Covid-19» коронавирустық инфек­циясының пандемиялық таралуын тоқтатудың ең тиімді тәсілі – жаппай вакцина салу. Бұл арқылы халықтың жасанды иммунитеті қалыптасады. Адамзат тарихында мұндай тәжірибелер асқынған аса қатерлі аурулар кезінде қолданылған. Мәселен, шешек инфекциясы тарағанда әлем халқының 98,5 пайызы бұл дертке қарсы екпе салдырған. Соның нәти­жесінде, аталмыш инфекцияны толық жойып қана қоймай, қоздырғышты да ауыздықтау мүмкін болды. Демек, «Covid-19» дертін түбегейлі жоюдың жалғыз жолы – жаппай вакцинациялау.
Елімізде 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакцинация басталды. Вакцина алған барлық адамдар алғашқы 30 минут бойы медициналық мекеменің қабырғасында, дәрігердің бақылауында болады. Одан әрі 3 күн бойы тіркелген жерлері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады. Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көріністері, вакцинаны енгізу және сақтау, тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцинаның нұсқаулығы талап етіледі. Осыған байланысты қарсы көрсеткіштерді қазіргі уақытта тізіп шығу мүмкін емес. Адамның организмі кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ, иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын атап айту маңызды. Бұдан басқа, вакцина алған әрбір адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген парақшалар мен емханалардың телефон нөмірлері жазылған арнайы жаднама беріледі.
Вакцинациялау вакцинаның келіп түсуіне байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде инфекциялық аурухананың, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері вакцинамен қамтылды. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтары мен бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызметкерлер вакцина салдырады. Үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар екпе ектіреді. Бұдан басқа ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жұмыстары жоспарлануда. Халықтың осал топтары үшін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін ұсынылады. КВИ-ге қарсы вакцинаны 21 күндік аралықта екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.
Ендеше ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп, індеттің алдын алайық!

Назкүл Аманкелдиева,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы.

Поделиться ссылкой: