Қарашайға келін қазақ қызы
Эльмира Жақсыбайқызы 30 жылдан бері бір орында, онда да аудандағы үлкен мәдениет ошағында еңбек етіп келеді. Егер ауданымызда 6 этно-мәдени орталық бар болса соның ішіндегі екеуі Эльмираның еншісінде. Мәдениет саласының майталманы, сонымен бірге Басқар Битанов атындағы халықтық театрды басқарады. Өзі қарашайға келін. Эльмира қарындасымыз 27 жылдан бері Байрамуковтар отбасының түтінін түзу шығарып, екі ұлттың салт-дәстүрін қатар ұстап жүр. Қазір Эльмирасыз ауылда бір қыз ұзатылмайды, бір нәресте бесікке салынбайды. Өйткені төріне өнер қонған, көкірегі ояу, көзі ашық әр азамат оның өнеріне тәнті.
Эльмира Жақсыбайқызы 2012 жылы қарашайдың «Эльбрус» атты этнографиялық ансамблін құрып, өзінің Алинур, Абдолла, Асланбек, Әзірет есімді төрт ұлымен бірге Құлан өңіріне кавказ халқының ұлттық биі мен әндерін насихаттап жүр. Эльмираның күйеуі Исмагул да, оның әкесі де, басқа жақын туған-туыстары да қазақ тілінде еркін сөйлейді. «Батыстан гитлершіл басқыншылар баса көктеп Кеңес жеріне кіргенде Кавказ халықтары Қазақстанға қоныс аударды. 1943 жылдың 2 қарашасында осы Калинин мен Подгорный елді мекендеріне елу шақты қарашай отбасы көшіп келді. Содан бері олар қазақтармен тонның ішкі бауындай болып араласып, тіпті құдандалы болып кетті. Әзірет атамыздан тарайтын үш қыз бен үш ұл қазір үлкен әулет болды. Әбуғали мен Сейталы атамыздың әйелдері ғана қарашай, ал қалғандарының барлығы қазақпен бел құда. Мәселен, Мұртазалының әйелі Карл Маркс колхозындағы атақты сауыншы Шатай Байрамукова, Таужан мен Маржан, Аружан әпкелеріміз үшеуі де қазаққа тұрмысқа шыққан. Ауданға депутат болған Маржан Әзіретова апайымызды білмейтін кісі жоқ шығар, сірә. Қайным, Олимпиаданың күміс жүлдегері Исламды дүние жүзі біледі. Міне, мен осындай өскен-өнген әулетке келін болып түстім. Оған өкінбеймін. Өйткені дініміз бір, тіпті тіліміз де бір десем болады» дейді Эльмира Жақсыбайқызы Асылбекова.
Иә, ол ынтымағы жарасқан осындай отбасында тату-тәтті тұрып жатыр. Біз 1 мамыр – Бірлік пен ынтымақ күні Байрамуковтар отбасын шын жүректен құттықтаймыз.
С.Қожеке.