ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ ЕКІНШІ ЖЕКСЕНБІСІ – ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР КҮНІ

917 Views

 Құрылыс қарқынды жүріп жатыр

 «Құлан таңының» тілшілері жыл сайын сала мамандарының кәсіби мерекесіне орай арнайы материалдар әзірлеп, оны газет бетіне жариялауды үрдіске айналдырып келеді. Әріптесіміз МАРАТ ДИХАНБАЙ құрылысшылар күні қарсаңында аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Мирзаян Тасыбаевпен сұхбаттасып, Жалпақсаз ауылында бой көтеріп жатқан жаңа мектеп құрылысының жай- жапсарымен танысып қайтқан еді.

 – Мирзаян Еркебекұлы, сіздің аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалғаныңызға 1 жылға жуықтады. Десек те бұл саланы бес саусағыңыздай білетін боларсыз. Өйткені, аталмыш салада 30 жылдан аса еңбек етіп келесіз…

– Иә, өзіңіз айтқандай, маған бұл сала мүлде таңсық емес. Себебі, менің алғашқы еңбек жолым осы саладан бастау алды. Оның үстіне, өзім Жамбыл гидромелоративтік құрылыс институтын тәмамдадым. 16 жасымнан бастап еңбекке араластым. Қара жұмысты да істедік. Содан құрылыс мастері, прораб, инженер, ПТО бастығы, техникалық қадағалаушы, ГАССК мекемесінде инспектор болдық. Бертін келе біраз уақыт облыс әкімдігінің құрылыс басқармасында да еңбек еткен жайымыз бар.

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында ауыл аймақтарды толығымен ауыз су жүйесімен қамтып, еліміздегі құрылыс саласын одан әрі ілгері дамытуды тапсырған еді. Осы тұрғыда ауданымызда атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?

– Елбасымыз «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында “Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу” керектігін ескертіп, “ауылдық елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет” деп айтқан болатын. Жолдау жүктеген міндеттер бойынша ауданымызда көптеген игі істер атқарылуда. Атап айтсақ, ағымдағы жылы аудан аумағында 4 нысан бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Соның біріншісі -Луговой ауылының ауыз су жүйесінің құрылысы. Оның жалпы сметалық құны – 1 млд.190 млн. 887 мың теңгені құрайды. Мердігер «Асыл тау» ЖШС-і. 2016 жылы басталған ауыз су жүйесінің құрылысы жыл соңында толығымен аяқталады. Бұдан бөлек, Луговойдағы 1 және 2 кезектегі тұрғын алабына қиыршық тас жолын салу көзделіп отыр. Оның жалпы сметалық құны 556 млн. 423 мың теңге. Әзірге мердігер анықталған жоқ. Мемлекеттік сатып алудың біріңғай ұйымдастырушысы облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Ағымдағы жылы құрылыс – монтаж жұмыстарына облыстық бюджеттен 108 млн. 40 мың теңге бөлінген. Бұл жоғарыда атап өткен 4 нысанның екіншісі. Үшіншісі – Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын-үй алқабына электр желісінің құрылысын салу. Өздеріңізге белгілі, дәл осы алқапқа 5 қабатты 80 пәтерлі 2 үй салынатын болады. Нысан 2017 жылдан өтпелі. Мердігер «Талас Құрылыс» ЖШС-і. Құрылыстың жалпы сметалық құны 587 млн. 365 мың теңге. Төртінші нысан -Жалпақсаз ауылындағы 48 оқушыға арналған бастауыш мектеп құрылысы. Жалпы сметалық құны 338 млн. 210 мың теңгені құрайтын мектеп жұмысын «Құрылыс ТЭД» жеке шаруашылық серіктестігі жүргізуде. Нысан 2019 жылға өтпелі. Ағымдағы жылы құрылыс-монтаж жұмыстарына облыстық бюджеттен 100 млн. теңге бөлінген. Қазіргі таңда мектеп құрылысы межелеген жоспарға сәйкес жүріп жатыр.

– Алдағы жылдары ауданда бұдан өзге қандай құрылыс жұмыстары жүргізіледі?

– Құмарық және Алғабас ауыдарына су шығару ғимараты мен ауыз су жүйесі құбырын жүргізуді келер жылға жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, «Арай» тұрғын-үй алқабына ішкі инженерлік желілер мен кәріз коллекторын салу, сондай-ақ, кешен құрысына абаттандыру жұмыстарын жүргізу алдағы жылдары негізгі межелердің бірі болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет.

ЖАЛПАҚСАЗДА ЖАҢА МЕКТЕП САЛЫНУДА

Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Журналист – жортып жүретін жолаушы» деген сөзі бар. Бұл сөздің құрылысшыларға нендей қатысы бар дей көрмеңіздер. Яғни, мақаланы жазар кезде журналист көп ізденіп, ақпаратқа дұрыс қанығу қажет. Бар саналы ғұмырын журналистикаға арнаған Әзағаңның осы бір терең мағыналы тіркесі біз секілді жастарға өнегелі өсиет деп білеміз. Құрылысшылар күніне әзірлеген материалымызда ең әуелі осы ұстанымды ескеріп, Жалпақсаз ауылына жол тарттық.

Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Жалпақсаз елдімекенінде 457 тұрғын бар. Алайда, осындай бірлігі жарасқан берекелі ауылдағы бастауыш мектептің апатты жағдайда тұрғаны көңілге кірбің салады. Ауылға жаңа мектеп салу мәселесі ауыл әкімі мен аудан басшысының жыл жайынғы қорытынды есептік жиналыстарында сөз болушы еді. Түйткілді сауалдың жауабы биылдан бастап өз шешімін тапты деуге толық негіз бар. Бүгінде 1966 жылы салынған ескі мектеп ғимараты жанынан аумағы 12 мың шаршы метрді құрайтын заманауи үлгідегі жаңа білім ошағының іргетасы қалану үстінде.

«Құрылыс ТЭД» ЖШС-і құрылыс учаскесінің басшылығын көгершіндік Ерланбек Дәулетқұловқа сеніп тапсырыпты. Ал Ерланбек Төребекұлының Көгершін ауылының мешіті құрылысына тигізген көмегі өте көп екендігін біз жақсы түсінеміз. – Менің құрылыс саласында 33 жыл еңбек өтілім бар. Алматы қаласында көптеген зәулім үйлер мен завод кешендерінің іргесін салдық. Маған аталмыш серіктестік жетекшілері зор сенім артып отыр. Жауапкершілік жүгін сезініп, қолдан келер бар мүмкіндікті жасап жатырмыз. Негізінен, аталмыш серіктестік Жуалы ауданында және Павлодар облысы мен Астана қаласында мектеп ғимараттарын салған. Яғни, серіктестіктің бұл салада әбден тәжірибесі толысқан десек болады. Дәл қазіргі уақытта құрылыс алаңында 30-ға жуық азамат еңбек етуде. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін мектеп ғимаратының құрылысы толығымен аяқталуы тиіс, – дейді Ерланбек Төребекұлы. Ал өзін құрылыс мастері деп таныстырған Жасұлан Срайловтан мән-жайды сұрағанымызда:

– Бәрі ойдағыдай. Айлық жалақымыз да жаман емес. Орташа есеппен айына 60-70 мың теңге алып отырмын,-деп жауап қатты.

Поделиться ссылкой: