АЗАТТЫҚ ТУЫН КӨТЕРІП

512 Views

Биыл Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл толады

Біз ағам Болат екеуіміз 17-ші желтоқсан, 1986 жылы орталық алаңға қарай ағылған жастармен бірге Абай көшесімен жүріп отырып Үкімет үйіне жақын маңдағы көп қабатты үйдің жанына келдік. Біздің тобымызда Киров атындағы Алматы поршень зауытының жұмысшылары да болды. Біз шешендер сөйлеп жатқан мінбеден сөйлеп тұрғандардың дауысын күшейткіш арқылы ғана естідік. Бірден бірге сөз жеткізушілердің айтуынша Роза Бағланова сөйлеп тұр екен. Ол кісінің сөзі де талып естіледі. Өйткені алаңға ұрандатып кірген жастардың біразы Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін айтып жатса, енді бір топ: «Колбин кетсін! Бізге өзіміздің қазағымыз -Қонаев керек. Далой Колбина!» деп айқайға басып жатты. Біздің де қанымыз қайнап, басымызға теуіп тұрған, әлгі айқайшыларға біз де қосылып кеттік. Осы тұста дойыр ұстағандар екі бүйірден көтерілісшілерді қыспаққа алып, ұрып-соға бастады. Көп тобырдың ішінде жүргендердің басым көпшілігі қазақтың қаршадай қыздары болатын.
Осылайша айқайға басып, алға ұмтылып бара жатқанымда жаныма қарасам, Болат ағам көрінбейді. Шынымды айтсам ол менен, мен одан көз жазып қалдым. Сонымен қараңғы түсіп, қас қарайғанша бір-бірімізді таба алмай алаңға жағылған алауға жылынып отырсам, менімен Қордайдағы Ырғайты техникумында бірге оқитын бір студент: «Болат ағаңды көрдім. Үйге келсін» деп айтты деді. Сонымен он-сан тобыр мен милиция жасағын, қара киімділерді қағып-соғып үйге қарай жүгірдім. Әйтеуір мені құдай сақтады. Әлгі қыз-жігіттерді аяусыз соққының астына алып жатқан Колбиннің жандайшаптарының қолына ілікпей сол Абай көшесі маңындағы пәтеріме әрең жеттім. Бар болғаны осы. Ал ағамның қайда болғанын одан сұрамаппын. Менің бар білетінім, Болат ағам қазір республика бойынша «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысының төрағасы. Мен осы қозғалыстың аудандағы басшысымын.
Мен аудандағы желтоқсан­шы­лардың басын 2015 жылы біріктіріп, осы қозғалысты аштым. Қазір біздің қатарымызда 11 адам бар. Олардың бәрі де сонау 1986 жылы алаңда болып, азаттық туын көтеріп, Колбинге қарсы болғандар. Атын атап айтар болсам, Нұржамал Бейсенова, Гүлмира Нәбиева, Роза Айбасова, Сәбира Нәлібаева, Орынбасар Омарова, Ләззат Қалабаева, Сая Ыбырайымова, Сандуғаш Шәріпханова тағы басқалары.
Иә, 1991 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Президентінің желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды түгелдей пәле-жаладан ақтау туралы Жарлығы шықты. Әйтпесе, бұған дейін несін жасырамыз көпшілігіміз өкіметтің құрығына түсіп қалып, жазықсыздан- жазықсыз жалаға ілігіп қаламыз ба деп, бұқпантайлап жүрдік қой. Сондағы бар кінәміз үш күн бойы көк мұзда тұрып елімізге азаттық сұрағанымыз ба? Сол желтоқсанның ызғары әлі сүйегімізді сырқыратады. Оны Болат аға Құрымбаевтар шығарған «Желтоқсан ақиқаты» атты он томдық кітаптан тауып оқуға болады. Бүгінде осы желтоқсан оқиғасына Үкіметіміз – «Ұлт азаттық көтерілісі» статусын берсе екен деген үміттеміз. Өйткені осы желтоқсандағы жастар наразылығынан соң, біз Тәуелсіздігімізді жарияладық. Сондықтан ол күн ел тарихында мәңгілік қалуы тиіс деп ойлаймын.

Бауыржан Құрымбаев,
«Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысының аудандағы төрағасы.

Поделиться ссылкой: