МӘДЕНИЕТ пен ӨНЕР саласының қызметкерлері марапатталды

685 Views

Өткен жұмада аудан әкімі Ерболат Садырқұлов мәдениет және өнер сала­сының қызметкерлерін қабылдап, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен кездесу барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар ескерілді. Өз сөзінде аудан басшысы:
– Сіздер сонау бабадан жеткен төл өнерімізді, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан жауһар құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Айтулы мереке қарсаңында мәдениет пен өнер саласының барша өкілдеріне, әсіресе, төл өнеріміздің құнын жоғалтпай, осы күнге дейін дәріптеп келген аға ұрпаққа айтар алғысым зор. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын.Ел мәдениетінің одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп, халқымызды шығармашылық табыстарыңызбен қуанта берулеріңізге тілектеспін, – деді.
Содан соң аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов сөз сөйлеп, сала қызметкерлеріне ізгі тілегін білдірді. Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Әдебиет пен өнер ұлы болмай, ұлт та ұлы болмайды» деген сөзін айтып, аталмыш салада еңбек етіп жүрген жандардың еңбектері ұшан-теңіз екенін тілге тиек етті. Кездесу соңында аудан мәдениетінің өркендеуіне үлес қосып жүрген бір топ азаматтар мен азаматшалар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: