Тегін таксиге отырып көрдіңіз бе?

590 Views

Такси – діттеген жеріңізге жеткізетін, сол үшін ақы төлететін тасымалдау қызметінің ең байырғы түрі. Тарих қойнауына үңілсек, оның ең алғашқы қызметі 1903 жылы Лондонда тіркелген деген дерек бар. Бүгінгі таңда әлемдегі ең қымбат такси қызметі осы қалада болып шықты. Ал ең арзан такси Қытайда екен. Күншығыс елінде бұл көлік түрлерінің 30-40%-ын нәзік жандылар тізгіндейтін көрінеді. Әлемдегі ең үлкен таксопарк Мехикода болса, 1975 жылы Мәскеуде дүниежүзілік ең алғашқы такси көрмесі ашылған. Сондай-ақ, Вьетнамда сізді көздеген мекен-жайыңызға кәдімгі көлікпен емес пілмен жеткізсе, ең жоғары жалақыны финляндиялық такси жүргізушілері алады екен. Олардың бір айлығы 15 000 АҚШ долларына тең.
Финляндиялық такси жүргізушілері бүгінгі валюта бағамымен есептегенде айына 6 405 000 теңге жалақы алып жүргенде, біздің аудандық жастар ресурстық орталығының жігіттері Құлан ауылының тұрғындарын тегін-ақ тасымалдап жүр. Әрине, бұл – таң қаларлық жағдай. «Қалайша?» дейсіздер ғой. Ендеше бәрі түсінікті болуы үшін басынан бастап баяндасақ.
Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осыған байланысты түрлі бастамалар мен сан алуан бағдарламалар қолға алынған. Солардың бірі – «30 игі іс» марафоны. Аталмыш марафон аясында республика деңгейінде көптеген іс-шаралар іске асырылуда. Олардың жүзеге асуына еріктілер, қоғам қайраткерлері, әртістер, жастар ерекше атсалысуда. Бұл бастамаға соңғы кездері Айбек Сәрсеханұлы бастаған ұжым да үн қосып жүр. Жоғарыда атап өткеніміздей, олар «30 игі іс» марафоны аясында дүкендерден шыққан қарт және мүмкіндігі шектеулі жандарды үйлеріне тегін жеткізуде. Бұл туралы бізге аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Әбіләшім Мырқасымов мәлімдеп берді.
– Бұл бастаманы аудан халқы жылы қабылдады. Әрбір жолаушымыз үйіне жеткенше батасын беріп, ізгі тілегін жаудырып жатады. Қазақ халқында «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» деген тәмсіл бар емес пе? Жасырып қайтеміз, жолаушылардан жақсы сөз естіген сайын жанымыз рахаттанады. Осыған қарап, көздеген мақсатымыз, алған бағытымыз дұрыс деген ойда қаламыз. Әзірге тұрғындарды қос бірдей көлікпен тасымалдаудамыз. Алдағы уақытта көліктер санын көбейтсек пе деген ойымыз бар. Әр аптаның жұмасында өтетін игі іске қатысам деушілер болса, қатарымызға қосуға әрдайым дайынбыз. Ол үшін орталық ғимаратына келіп, жолықсаңыз жеткілікті, – деп аудан жастарын қайырымды істерге қатысуға шақырды.
Расымен де, дәл осындай тың бастамалар жиі-жиі ұйымдастырылса, үлкенге деген құрметке, кішіге деген ізетке сәт сайын куә болар едік. Біз өз кезегінде қайырымдылықтың озық үлгісін қолға алған ұжымның бастамасына ұзақ ғұмыр тілейміз. Жақсылық жасауға жақындататын игі істеріңіз өз жалғасын таба берсін демекпіз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: