Майдангер әкемнің басынан кешкендері

657 Views

Әкем Даулет Абылғазин Сөгеті аулында өмірге келген. Оның әкесі Наурызбай Сөгеті болысы болған екен. Атам ол кісінің жалғыз баласы болған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қызыл әскерге сұранып, Әулиеатада оны орнатуға қатысады. Сол кезде әкем Дәулет өмірге келеді. Атамды байдың баласы болған соң, абақтыға жапқызады. Бірақ, ол кісі ақталып шығады. Сөйтіп, баласы Дәулет пен қызы Нәзімкүлді Меркідегі мектеп–интернатқа оқуға береді. Әкем жастайынан білімге құштар, оқуына өте зерек екен. Сол жерде орта мектепті бітіріп, 1939 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Педагогикалық институтының «физика-математика» факультетіне оқуға түседі. Сонда оқып жүргенде әскер қатарына шақырылады. Содан Ұлы Отан соғысы басталып кетеді де, алғашқы қырғын соғысқа Смоленск қаласы түбінде кіреді. Осы шайқаста 7 жерден жараланып, госпитальға түседі.
Госпитальда 8 ай жатады. Бір күні әкем жатқан госпитальды немістер басып алады. Сол аласапыран кезде немістер әкемді тұтқындап, Германияға алып кетпекші болады. Оларды үсті брезентпен жабылған жүк машиналарына тиеп алып кетеді. Әкем орыс тілін жақсы білген ғой, қасындағы Давид деген беларусь жігіті оған: «Даулет сен маған ілесесің бе?» деп сұрайды. Бұл кезде олар Белоруссияның Бобруйск тоғайына келіп кірген екен, қар өте қалың: «Мына машинадан білдіртпей секіріп түскен соң қардың астын кеулеп жүріп отырсақ, осы тоғайдың шетіндегі беларусьтардың хуторы бар содан шығамыз» дейді әлгі серігі. Әкем: «Неміске тұтқын болып түскенше мынаның айтқанын орындап, тәуекел етейін» дейді де, келіседі. Олар арттағы машина көрінбей кеткенде барып екеуі де бірдей секіріп түседі де, келісілгендей қардың астын кеулеп жүріп отырады. Олар расында да бір үйдің қасынан шығады. Бейтаныс хутор тұрғынының есігін тақылдатады. Бір егделеу келген беларусь кемпірі есігін ашады. Екі қашқын осылайша қалың орманды паналап, бейтаныс әжейдің қамқорлығын көріп, ғайыптан аман қалады. Әйтпесе, суқаны жаман немістердің қолына түссе, көрген күндерінің не болары беймәлім еді.
Әкемнің айтуына қарағанда олардың екеуі де аязға үсіп кеткен екен. Әлгі мейірімді әжей олардың үсік шалған аяқтары мен құлақ-шекелеріне қаздың майын жағып 40 күндей емдеп, жазса керек. «Бізді беларусь кемпір өзінің үлкен пешіне тығып қойып бақты» дейді. Өйткені күнде немістер келіп: «яйко дай», «млако дай» деп олардан тамақ алып кетеді екен. Содан біз жазылғаннан кейін байқұс кемпір бізге бар жұмыртқасын, салосын, нанын салып беріп тұрып: «Осы тоғайдың ішінде партизан отряды бар, соған қосылыңдар» деп шығарып салды»,– дейді.
«Сонымен біз партизан отрядына қосылып, Польшаны, Чехословакияны фашистерден азат ету соғыстарына қатысып, Германияға да жеттік. Германияның Потсдам қаласын жау қолынан азат етіп жүргенімізде бір күні таңертең тұрсақ: «Ура, Победа!» деген дауыстарды естідік. Сөйтіп, Жеңіс күнін де көрдік. Елге келсем маған: «өлді» деген қара қағаз жіберген екен. Тегі туған-туыстарым менің асымды да беріп қойыпты. Армияға кетерде бір қызбен сөз байласып жүрген едім, ол қызды менің ініме алып беріпті. Содан не керек, ағайындарыма ренжіп, қалаға, нағашымның үйіне кеттім. Мені бұрынғы «пленник» деп, жөні тәуір жұмысқа да алмай қойды. Сонымен не керек, «басқа түссе баспақшыл» демекші, біраз жыл қара жұмыс та істедім. Алматыға келіп, сырттай оқитын бөлімге оқуға тіркелдім.Содан кейін ең алғаш мұғалімдік қызметімді Ақшолақтағы бастауыш мектепте бастадым. 1952 жылы Қайыңдының жеті жылдық мектебіне ауыстырды» деп айтып отыратын. Әкем 1954 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, сол Қайыңды мектебінде алғаш оқу ісінің меңгерушісі болып, одан кейін сол мектептің директоры болып жұмыс істейді. 1980 жылға дейін мектепте директор болады. Қайындыдағы жаңа мектепті салуға бірден – бір атсалысқан, Қонаевқа бірнеше рет хат жазып, бір рет кездесіп, сол мектепті салдыртады. Сол кездерде ауылдық совет пен аудандық кеңеске де депутат болып сайланады.
Әкем соғыста жүргенде бірнеше медальдар мен ордендермен марапатталған. Ұлы Отан соғысының екінші дәрежелі орденін кеудесінен тастамай тағып жүретін. Әкем оқу – ағарту саласында аянбай еңбек етіп, көптеген шәкірт тәрбиелеген, еңбегіне адал, халық қалаулысы болған жан еді. Оқу ағарту ісінің үздігі, Қазақстан мұғалімдер съезінің делегаты болып қатысқан.
Ол кісі 1980 жылы зейнетке шығып, 1983 жылы өмірден озды. Оның артында екі қызы мен бір ұлы қалды. Олардан 9 немересі мен шөбересі бар. Мен әкемнің осыншама тағдырдың қиын-қыстау шағынан өтіп, ортамызға оралуының өзін тағдырдың бізге берген тартуы деп білемін.

С.Абылғазина,
зейнеткер.

Поделиться ссылкой: