осыдан 50 жыл бұрын

516 Views

Редакция табалдырығын корректор болып аттағанымда редакторымыз Оспанбек Хатиев болатын. Корректорлар ол кезде көбіне баспаханада отыратын. «Коммунистік еңбек» деп аталуының өзі оның Компартияның меншігі екенін айғақтап тұрса керек. Редакторымыз газет шығарылатын жерге шанда бір келетін. Газет екі тілде: орыс және қазақ тілдерінде аптасына үш рет шығады. Орысшасының корректоры Тамара Шихова да, қазақшасынікі мен едім. Бізге газет оқуға «подчищиктер» көмектесетін. Ол заманда қазіргідей компьютер жоқ, терімші Қайрат пен Рафхат шақпақтың шиіндей қарпі бар темір қалыпшаны қолмен құрастыратын. Жұмысымыз өнімсіз болған соң, түннің бір уағына дейін газет шығаратын едік. Оның үстіне кезекшілер де, біз де қате жібермеуге тырысатынбыз. Әбден теріліп, беттелген дайын «оттискіні», яғни беттің көшірмесін таза қағазға бастырып алып, редакторға апаратынбыз, түн мезгілі болған соң, тікелей Осекеңнің үйіне апарамыз. Ол кісі газетті асықпай-аптықпай аударыстырып, бір жапырақ қағаздың ішінен бірдеңе табылып қалатындай әбден сүзгіден өткізген соң ғана Кәрекең (Кәріпжан аға Нүсіпов) екеуіміз баспагерлерге әкеліп, қатесін түзеттіреміз.
Иә, сонау 1969 жылы газетке корректор болып орналасқан алғашқы жылдары осындай қиындықтарды көрдік. Бір күні әлгі сіріңкенің шиіндей әріптер бекітілген станинадағы дайын бет шашылып қалды. Әрине, баспагерлердің кінәсінен. Ол «жөкеңдер» қарап жүре ме, қастарында обшепиттің лимонад шығаратын цехы болған соң, сондағылармен әмпей-жәмпей болысып тоқсан бес градус болатын «дурочка» деген пәлекетті әкеліп, ішетін. Міне, сөйтіп газетті сол күні таң ағарып атып келе жатқанда әупірімдеп әрең біткеніміз бар. Ол тұста газетті райкомдағылар да жиі оқитын. Қате кетсе болды, редактор да, оның орынбасары да Шолтырова Нұрсұлу Ешенғалиқызының алдында отыратын. Райком қатал, тіпті коммунистерді партиядан шығарып жіберетін. Бізде ондай тосын оқиға болған емес, бірақ Красногор ауданындағы газетте «КПСС» деген сөз: «КТСС» болып қате басылып кеткені үшін газеттің бас редакторы Е.Төреқұловты орнынан алғанын естігенбіз.
Баспахананың жұмысы линотип станогы әкелінген соң, кішкене болса да жеңілдеді. Баспа директоры Нұртас Адамсопиев станокты өзі де жөндей беретін. Баспагер Қали Қалжыровтың, расында да еңбегі адал еді. Өзі де бойшаң, денелі, иығына екі кісі мінгендей атан жілікті жігіт қой, ауыр жүкті көтеру оған түкке де тұрмайтын. Қалекең марқұм көп сөйлемейтін, есесіне бір «колхоздың» жұмысын бір өзі бітіріп тастайтындай қауқарлы азамат болатын. Біз ол екеуіміз кей күндері Луговой теміржол беке­тіне түнделетіп жаяу ба­ру­­шы едік. (Мен сонда пәтерде тұратынмын). Сол жылдары баспа қызметіне Мая Рысқұлбекова, Роза Ғаппарова, Перизат Кабираева келді. Міне, бүгінде газетті жаңа заманғы технологияны меңгерген Перизат бір өзі шығарып отыр. Өйткені ол компьютердегі ғаламтор арқылы барлық амалдарды жете меңгерген нағыз білгір полиграфистің өзі.
Редактор мені бір-екі жыл әс­кер қатарында болып келген соң творчестволық ұжымға әдеби қыз­меткер етіп алды. Редакциямыз қа­зіргі мемлекеттік мұрағат үйінде еді. Осы ұжымда мен редактордың орынбасарлары Рахметілдә Құдабаев, Әбдіжақып Туғанбаев, Константин Михайлович Арбузов, Есенгелді Төреқұлов, жауап­ты хатшы болған Әлібек Бахитов, Рахмаш Сүлейменов, Мұрат Ахалиев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болған Владимир Иванович Казакеев, өзім сияқты тілшілер Әбдіғали Тезекбаев, Байбосын Әбілдаев, Серік Нұрманбетов, Тұр­­сынхан Жаманбаев, Галина Глунцова, Рая Сакаева, Досан Құлбеков, Мырқажы Қайыпов, фототілшілер Ботбай Шатаев және Валерий Каргин, Марат Қасабеков, корректорлар Қыдыралы Қойтаев, Рәткүл Айна­құлова, Нағима Халтаева, Шырайкүл Шөпшекова, Гауһар Әзімбаева секілді білгір мамандармен бірге жұмыс істедім. Ал Васфия (біз оны Валя дейтінбіз) Физлова газет есепшісі болып отыз жылдан аса уақыт жұмыс істепті. Байырғы баспагер Бата ақсақалды да, машинистка Рыскүл Құрманбаеваны да естен шығарған емеспін.
Оспанбек Хатиевтен кейін редактор болған Өсер Уәзиев, Анатолий Николаевич Деридович сондай-ақ, әдеби қызметкерлер Анастасия Романовна Арбузова, Гүлдана Тоқбаева, аз уақыт болса да газетте аудармашы, тілші болған Нұржан Мырзалиев пен Бауыржан Иманалиевтер әлі есімде. Қызметтес болған әріптестерімнің кейбірі «о» дүниелік болып кетті.
Оспанбек аға аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болған соң, қызметкерлеріне жоғары талап қоя білетін. Олардың еңбегін бағалауға да айрықша мән беруші еді. Мәселен, қатардағы журналист Мұрат Ахалиевтің еңбегін ескеріп, оны «Еңбектегі Ерлігі үшін» медаліне ұсынды. Өзі де кейін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Мен Әбдіжақып Туғанбаевтың орта арнаулы білімі бола тұра, редактордың орынбасары қызметіне дейін көтерілгенін көріп, оны осы орынға нағыз лайықты азамат деп бағалайтынмын. Өйткені ол шетел әдебиетін көп оқыған, екі тілді де жетік меңгерген білімді әрі парасат пайымы мол азамат болатын. Мен ол кісіден аударманы үйрендім. Ал Кәріпжан Нүсіпов ағамыз ешқашан жоғары лауазымға ұмтылмайтын, өзінің ақындығымен жүрегіңді баурап алатын. Осындай жаны жайсаң жанның шәкірті болғанымды әлі күнге дейін мақтан етемін. Ол кісі хаттар бөлімін бас­қарды. Қашан көрсең, талантты шайырларды жанына жинап алып, оларға өлең оқытып, кейде өзі шығарған өлеңдерін оқып беруші еді. Редакциямыздың штаттан тыс тілшілері де көп болатын. Статист Ержет Оспанов, есепші Жорабек пен оның ағасы Төребек Әбдікерімовтер, тереңөзектік ақын Серік Кесікбаев, Құмарықтан Жақсыбек Түзелбаев, Өрнектен мұғалім Кенжебай Аманқұлов, Жарлысудан Қонысбай Толғанбаев, Көкдөненнен Жаңбыршы Үсейінов пен Қамшыбек Ахатаев, Қорағатыдан ақын Құлмахан Пірімқұлов, Жаңатұрмыстан Жақсылық Шайлазымов, Луговой кентінен Қобыланды Көрегенов, Құланнан Әбілда Мерханов, Каменкадан Бекқұлы Әлі, Алғабастан Ержан Құрымбаев, ветеринария ғылымының кандидаты, оқытушы Бармақ Орынбаев және тағы басқалары біздің тілшілеріміз болатын. Олардың көзі тірілері күні бүгінге дейін редакцияға хат жазып тұрады.
Біздің редакцияда көптеген талантты жастар жұмыс істеді. Мәселен, менің шәкіртім Нұржан Мырзалиев әдебиетті оқуға өте құмар еді. Оның әкесі Кершәйіз ағайдың бай кітапханасы болды. Нұржанмен жарыса шетел классиктерінің шығармаларын оқуды мен де өзіме әдетке айналдырдым. Нұржан бәрібір өзі армандаған заңгерлік ілімді таңдады. Сөйтіп, ол прокуратура, заң органдарында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, Қазақстан Республикасы Шекара әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор шеніне дейін көтерілді. Дәл осындай әдебиетке құмар шәкіртімнің біреуі Бауыржан Иманалиев болатын. Ол да жоғарғы қызметте. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінде, заң органдарында қызмет етті. Ал талантты сатирашы, өмірден аққан жұлдыздай «жалт» етіп өте шыққан Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері Басқар Битанов бауырымыз тірі болғанда, Қазақстан жазушыларының ортасынан ойып тұрып өзінің орнын алар ма еді, қайтер еді, өмірден қыршын жасында, жасындай жарқырап өтті де кетті. Бірақ, аудандық «Коммунистік еңбек», бүгінгі «Құлан таңы» газетінде еңбек етіп, ерекше көзге түскен қаламы қарымды журналистеріміз Қыдыралы Қойтаевтың, Тұрсынхан Жаманбаевтың барына да шүкіршілік етеміз. Қыдекең «Халық кеңесі» газеті мен «Ақиқат» журналы сияқты республикалық басылымдарда басшылық қызметте істеп, бүгінде өзінің жекеменшік газеттері мен журналдарын шығарып отырған республикамызға танымал журналист қана емес, баспагер де. Ал Тұрсынхан болса, журналистер арасында тұңғыш рет аудандық мәслихаттың хатшысы деген лауазымға ие болып, айды аспанға бір-ақ шығарған азамат. Сөйтіп жүріп, «Құрметті журналист» деген атаққа да ие болды. Мен аудандық газетте 21 жыл осы азаматтармен бірге еңбек еттім. Бөлім бастығы, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редакция партия ұйымының хатшысы да болдым. Бірақ маған бәрінен де – журналист деген мамандық қымбат. Мейлі, Шерағам айтпақшы, «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» болсын, бірақ оның жазғаны ақиқат емес пе?! «Шындықтың жолы шырғалаң» деген сөзді де Шерхан ағам айтқан. Ол кісіні және Арғынбай ағаны Парламентке екі мәрте депутаттыққа сайлағанда да мен сол кісілердің сенімді өкілі болғанымды мақтан етемін. 1992 жылы облыстық «Ақ жол» газетіне Меркі және Луговой аудандары бойынша меншікті тілші қызметіне ауыстым. Қазақстан Журналистер Одағының хатшысы, жазушы Камал Смайылов қол қойған «Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты» деген атақты да Шерағам облыстық «Ақ жол» газетінің 70 жылдық мерейтойында маған өз қолымен әкеліп табыс етті.
Журналистердің төл мерекесін өзім еңбек жо­лымды бастаған «Құлан таңы» газетінде жауапты хатшы болып отырып қарсы алғанымның өзі білген кісіге зор мәртебе емес пе? Кәрекең марқұм екеуіміз тәрбиелеген шәкірттер қазір облыстық «Ар-Ай» және «Ақ жол» газеттерінде белді қыз­метте жүр. Бүгінде Ардақ Үсейінова мен Табиғат Абаилдаевты, Қамар Қарасаеваны, өзіміздің газетте еңбек етіп жүрген Марат Диханбай мен Жәнібек Базылбекті дүйім жұрт білетін болды. Тегі республика бойынша «Үлгілі әкім» атанған Мұратбек Арыстанбеков те мені өзіне ұстаз тұтады екен. Осының барлығы көңілге қош ұялатады. Ал қатарымызға жаңа­дан келіп қосылған қала­мының қарымы бар Ахмет Қанатұлы Қам­шыбек сынды тума талант иесіне тілейтінім: тек шындық. Өйткені қаламгердің атын шығаратын да сол шындық деп білемін. Мен бүгінгі журналистер мерекесі күні өмірден озған әріптестерімді сағына еске ала отырып, олардың рухына бас иемін. Ал көзі тірі әріптестерімді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Аты аталмай қалғандардан кешірім сұраймын.
Журналистер күні құтты болсын! Әріптестер!

Сейсен Қожеке,
журналист.

Поделиться ссылкой: