Жоспар айқындалып, тапсырма жүктелді

555 Views

Өткен сейсенбіде аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті алтыншы сессиясы өтті. Аудандық мәслихат депутаты Бердіхан Бабасовтың төрағалығымен өткен сессия отырысына аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Іңкәрбеков, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мектеп директорлары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия отырысында аудандық білім бөлімінің 2020-2021 жылы атқарған жұмысының барысы қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова мінбеге көтеріліп, баяндама жасады. Майра Айдарбекқызы:
– Білім бөліміне қарасты барлық мекемелер саны – 68. Оның 38-і мектеп. (Орта мектеп – 28, оқушы саны – 14178, негізгі мектеп – 2, оқушы саны – 392, бастауыш мектеп – 8, оқушы саны – 306, ШЖМ – 8, оқушы саны — 661, қазақ тілінде оқытатын мектебі – 30, оқушы саны – 9568, аралас мектеп – 8, оқушы саны – 5308). Балабақша саны – 24, бала саны – 2637. Мемлекеттік балабақша – 14, ондағы бала саны – 1485, жекеменшік балабақша – 10. Қосымша білім беру ұйымы – 5, оқушы саны – 5774 (38,6%) және түзету кабинеті. 2020 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 5 мектепке 934 млн.711 мың теңгеге, яғни Болтай батыр, Ақтоған, Ақбұлақ, Б.Момышұлы, №3 шағын орталықты орта мектептеріне, сондай-ақ, М.Әуезов атындағы орта мектебіне 97,4 мың теңгеге қосымша мәжіліс залы және 2 пән кабинетін соғу жұмыстары жүргізілді. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 3 мектепке 879 млн. 581 мың теңгеге № 1 мектеп- лицейі, Ә.Бөкейханов және Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 6 мектепке жалпы сомасы 48 млн. 241 мың теңге қаражатқа Малдыбай, Ы.Алтынсарин, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейі, Құлан мектеп-гимназиясы, Қорағаты және № 2 шағын орталықты орта мектептеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бұдан бөлек аудандағы 29 мектептің санитарлық тораптарын ішке орналастыру жұмыстарына жалпы сомасы 112 млн. 612 мың теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, 8 млн 999 мың тенгеге «Жас натуралистер» станциясына жылыжай орнатылып, Құлан ауылындағы «Балдырған» балабақшасына 6 млн. 720 мың тенгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Т.Рысқұлов ауданы бойынша үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы мектептер жоқ. 2021 жылы Ю.Гагарин негізгі мектебіне қосымша спортзалын соғуға 114 млн. теңге, Максим Горький атындағы орта мектебінің отқазандығын газға қосуға 32 млн. 704 мың теңге бөлінді. 2020 жылға интернет желісі бойынша білім бөлімінің және 29 мектепті «Транстелеком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 14,3116 мың теңге 20 м/бит интернетпен, «Қазақтелеком» АҚ 9 мектепті 1,7834 мың теңгеге интернетпен қамтамасыз етті. 2021 жылға интернет желісі бойынша білім бөлімінің және 38 мектепті «Транстелеком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 35136,6 мың теңге келісімшарт бойынша 20 м/бит, 40м/бит, 100м/бит интернетпен қамтамасыз етілуде. Аудан бойынша мектептерде физика кабинеті – 27, химия кабинеті – 26, биология кабинеті – 23, ЛМК – 30 (30 мектепте), проэктор – 285, экран – 285, робототехника кабинеті – 20 мектепте, ІТ кабинеті – 3 мектепте заман талабына сай жабдықталған. Ауданда 38 мектепте санитарлық қағидалар толықтай сақталған. Білім беру мекемелерінің оқу кабинеттері мен ішкі санитарлық тораптары талап етілген санитарлық талаптарды толық қанағаттандырады. Оқушылар мен педагог қызметкерлердің өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдары 785 өрт сөндіргіш құралдарымен жабдықталған, – деп ақпарат айтты.
Баяндама аяқталған соң, аудандық мәслихат депутаты Серік Дәлібаев білім бөлімі басшысының баяндамасында тек мектепке қатысты сөздердің көп болғандығын, түзету мекемесі жайында пікір пішен болғанын тілге тиек етіп, сауал қойды. Мәслихат депутатының қойған сауалына бөлім басшысы жан-жақты жауап беріп, ол көтерген мәселе аудан басшысының басты назарында екенін айтты. Осы ретте аудан әкімі пікір білдіріп, депутат көтерген проблеманың шешілу жолдары қарастырылып жатқанын айтты.
Содан соң жарыссөзге шығып сөз сөйлеген аудандық мәслихат депутаттары Айнұр Баймұратова мен Мұратжан Мейманханов та түйткілді мәселелерді сөз етіп, ой қозғады. Аталған мәселеге аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы өз ойын білдіріп, айтылған мәселелерді қаперге алып. белсенді жұмыс жасау қажеттігін айтты. Сессияда бұдан басқа да мәселелер талқыланып, оның орындалу барысы қаралды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: