Әріптесіміз жүлдегер атанды

509 Views

Биыл газетіміздің бірқатар тілшілері сан салалы байқауларда үздік шығып, марапатқа ие болып жатыр. Күні кеше ғана табан еңбек, ащы тердің арқасында «Құлан таңы» газетінің тілшісі, біршама айдарлардың тізгіншісі Марат Жолдасбекұлы Диханбай да тағы бір марапатты қанжығасына байлады. Ол облыстық тілшілер арасында ұйымдастырылған «Мемлекетті тіл және БАҚ» байқауына қатысып, Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың алғыс хатына ие болды.

Марат Жолдасбекұлы аталмыш байқау барысында «Тілге де шорқақ, сөз бен іске де шорқақ», «Ән мәтіндері тек қазақ тілінде жазылса» атты екі мағыналы мақала жазған еді. Бұл мақалалардың арқалағаны атан түйеге жүк болардай. Себебі, Марат Жолдсбекұлы мақалада шұрайы кетсе де, шырайы кетпеген ана тіліміздің қазіргі таңдағы жағдайына алаңдаушылықпен қарайтынын білдірген-ді. Шерхан Мұртаза, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов секілді заңғар тұлғалардың ұлт руханияты жолында еткен еңбектерін де қалыс қалдырмады. Бұл журналистік өренің биіктігін айқындайтын негізгі көрсеткіш екені сөзсіз.
Марат Диханбай – журналистикаға адал қызмет етіп жүрген жандардың бірегейі. Ісі мен сөзі қабысқан майталман маман. Ал қазіргі таңда дәп осындай кәсіби журналистерді ырымға таппайсыз. Журналистиканы кәсіп, тілшілікті пайданың көзі ретінде таныған кейбір жандарға қарағанда Марат Жолдасбекұлының расында, «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ». Біз де ұжымның атынан Марат Диханбайға шығармашылық табыс тілейміз. Қаламы қарымды, адымы алымды, сөзі шалымды журналистіміз тек биіктен көріне берсін дегіміз келеді!

«Құлантаңдықтар».

Поделиться ссылкой: