Халық қалаулысы ауданға келді

562 Views

Осы аптаның дүйсенбі күні ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәде­ни даму комитетінің мүшесі Нұрымова Гүлдара Алданышқызы жұмыс сапарымен келді. Іс-сапар кезінде Гүлдара Алданышқызы ауданымыздағы бірқатар меке­ме­лерге барып, жұмыс барысымен танысты.
Жұмыс кестесіне сәйкес ол «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында тұрғындарды қабылдап, олардың талап-тілектерін тыңдады. Қоғамдық қабылдау кезінде тұрғын үй, жұмыспен қамту, әлеуметтік сала жөнінде сөз қозғалып, туындаған мәселелердің шешілу жолы айтылды. Өз кезегінде Гүлдара Алданышқызы жоғарыда аталған мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев пен «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Арыстанбековке бірқатар тапсырмалар жүктеді.
– Қоғамдық қабылдау аудан тұрғындарының өтініш-тілектерін ашық айта алатын бірден-бір орын екені сөзсіз. Бүгін де аудан халқы өздерін толғантқан мәселелері бойын­ша бізге қайырылып отыр. Бұл мәселелердің оңтайлы шешілу жолын қарастыру біз үшін өте маңызды, – деді Гүлдара Алданышқызы.
Аудан тұрғындарымен кез­дескен соң Мәжіліс депутаты Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйіне барды. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мәдениет ошағының жай-күйін бағамдауға келген оған өз кезегінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев атқарылып жатқан істер туралы баяндап берді. Құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын айтқан Рүстем Қырықбаев бұл істің 15 тамызда аяқталатынын тілге тиек етті.
– Бүгінгі күні аудандық мәде­ниет үйінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының дең­гейі өте жақсы. Аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлының бастамасы бойынша іске асып жатқан бұл толайым тірліктен күтер нәтиже­міз де өте көп. Жалпы сметалық құны – 32 495 000 теңге. Құрылыс жұ­мыстары сәтті аяқталып жатса, алдағы уақытта мәдениет үйі талай жанның игілігіне жарары анық, – деді Рүстем Қырықбаев.
Бұдан кейін Гүлдара Алданышқызы мәдениет үйіне құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания өкілдерімен де кездесті. Сол кез­де мердігер компания өкілдері де өздерінің пікірлерін білдіріп, бірқатар кемшіліктерге тоқталды. Аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі, техникалық бақылаушы Әбдіқадыр Оңалбеков құрылыс жұмыстарының аяқталу уақыты кешеуілдеп жатқанын айтты. Құрылыстың басталу және аяқталу мерзімдері жөніндегі іс-қағаздарын көрсете отырып, бұл жұмыстың шілде айында бітуі керектігін сөз етті. Ал бұл істің мән-жайын аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев түсіндіріп, іс-қағаздарға байланысты кемшіліктер болғанын жасырмады.
– Бұл мәселенің де өзіндік себептері бар. Іс-қағаздарға байланысты бірқатар шикіліктер орын алған болатын. Алайда, бүгінгі күні бұл мәселе өзінің оң шешімін тапқан, – деді Әлібек Мамытжанұлы.
Осы бір аз-кем тілдесуден кейін Гүлдара Алданышқызы ау­дан­дық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаевқа сәттілік тілей оты­рып, жұмыс кестесіне сәйкес ау­дан­дық орталық ауруханаға ат басын бұрды. Ол жақта Гүлдара Алданышқызын қарсы алған ау­дандық орталық аурухана бас дәрі­герінің орынбасарлары Раушан Жұманқұлова мен Гүлзат Үкібаева аудандағы медициналық ахуал ту­ра­лы баяндап берді. Сондай-ақ, Гүлдара Нұрымова аудандық ор­талық аурухананың техникалық әлеуетіне баса назар аударды. Себебі, бұл қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі.
– Жалпы медицина саласы үл­кен жауапкершілікті қажет ететінін өздеріңіз білесіздер. Менің де негізгі мамандығым – дәрігер. Сондықтан, бұл сала маған таңсық емес. Осы уақытқа дейін мен Үкіметке бірне­ше депутаттық сауал жолдаған едім. Олардың көбі осы медицина са­ла­­сына байланысты. Соның бірі – кадрлардың санын көбейту туралы болған. Қазіргі эпидемиология­лық жағдай ушығып тұрған шақта медицина қызметкерлерінің санын көбейту біз үшін аса маңызды дүние. Түрлі шалғай жерлерден бөлек, үл­кен қалалардың өзінде кадрлардың жетіспеушілігі анық байқалады. Сондықтан, бұл мәселе бүгінгі таңда өте өзекті, – деді Гүлдара Нұрымова.
Өз кезегінде аудандық орта­лық аурухана бас дәрігерінің орын­ба­сары Раушан Жұманқұлова атал­мыш медициналық ғимараттың тех­ни­калық базасымен таныстырды. Сондай-ақ, қазіргі таңда аурухана қызметкерлері коронавирус індеті­мен қалай күресіп жатқандары ту­ралы баяндап берді.
Жұмыс сапарының соңында Гүлдара Алданышқызы Нұрымова аудандық әкім­дікте аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлымен кездесті.

Ахмет ҚАНАТҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: