Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
22 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
– Манарбек Әміреұлы үстіміздегі жыл өздеріңіз үшін оңай болып жатқан жоқ. Қауырт жұмыс, қарбалас тірлікпен арпалысып келесіздер. Жыл басында аудан сайлаушылары Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына таңдау жасаса, енді жаз мезгілінің бел ортасына қарай еліміздің әрбір азаматы өзінің тұрғылықты жеріне әкім таңдауға құқылы болып отыр. Жаңа форматта өткізілгелі отырған сайлау науқанына дайындықтарыңыз қандай?
– 2021 жылы елімізде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өткендігі баршаңызға белгілі. Бұл саяси науқан күллі жаһанды әуреге салған пандемияға қарамастан, біздің елде жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп айтуға толықтай негіз бар. Атап айтсақ, саяси науқан кезінде ауданда 36 сайлау комиссиясы құрылды. Оның 1-еуі аудандық аумақтық сайлау комиссиясы болса, 35-і учаскелік сайлау комиссиясы. Аумақтық сайлау комиссиясы 7 комиссия мүшесінен тұрды. Ал қалған 35 учаскелік комиссия құрамында 237 мүше болды. Олар науқанның жоғары деңгейде өтуіне барынша атсалысты. Осы сәтті пайдалана отырып, сайлау кезінде қажырлы еңбек еткен әрбір жанға жеке алғысымды айтқым келеді. Аздаған уақытты араға тастап, күш-жігерімізді бойға жинап, жұмысқа қайта кірісуге тура келіп тұр. Себебі өздеріңіз білетіндей шілденің 25-інде республика бойынша тағы да бір сайлау өтеді. Бұл науқанның жөні бөлек, жосығы ерек болғалы тұр. Ендігі кезекте қазақстандықтар өз ауылына әкім таңдауға мүмкіндік алып отыр. Қазіргі таңда кандидаттар толықтай құжаттарын өткізіп, тіркеліп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Бұрын-соңды мұндайды өткізіп көрмеген едік. Сондықтан да бізге жүктелген жауапкершілікті екі есеге арттырып, сақадай сай дайын отырмыз. Жоспарлы және жүйелі ұйымдастырылған жұмыстарға қарап, кезекті бұл сайлауда жоғары деңгейде өтетіндігіне кәміл сенімдімін.
– Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі ретінде сайлану үшін тіркелген кандидаттарға қандай талаптар қойылды?
– Өте орынды сұрақ. Сайлауға түсетін кандидат 25 жастан асқан, бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Сондай-ақ, жоғарғы білімі де болуы шарт. Сонымен қатар, бұл сайлаудың тағы да бір ерекшелігі кандидат өзін-өзі ұсына алады. Бұл баянды бастама басқару жүйесіне қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертіп, «ауылды биікке көтере алымын» деген жандарға зор мүмкіндік сыйлап отыр.
– 25 шілде күні аудан аумағында қай округтің сайлаушылары дауыс бере алады?
– Аудан бойынша ең алғашқы жаңа форматтағы сайлауға 8 округтің тұрғындары қатыса алады. Олардың қатарында Тереңөзек, Қайынды, Ақыртөбе, Өрнек, Абай, Қарақыстақ, Жаңатұрмыс, Қорағаты ауылдық округтері бар. Аталмыш ауылдарға партия атынан және өзін-өзі ұсыну арқылы 24 азамат кандидат ретінде тіркелді. Жалпы биыл облыс бойынша 122 үміткерден өтініш келіп түскен. Оның ішінде, біздің аудан бойынша 25 үміткер өтініш берді. Оларға аудан бойынша 12 866 сайлаушы дауыс береді деп жоспарлануда. Сайлаудың әділ өтуін қадағалау мақсатында 48 байқаушы тартылып отыр.
– Аудан сайлаушыларына айтарыңыз болса…
– Сайлауда әркімнің дауысы ерекше маңызға ие. Кез келген адам өзінің берген дауысы арқылы болашаққа ыкпал ете алады. Сондықтан да біз осы бір маңызды қадам жасау алдында жауапкершілік жүгін мықтап сезінуіміз қажет. Демократиялық қоғамның кез келген саналы азаматы өзінің белсенді сайлау құқығын тек қана құқығы ретінде емес, міндетім деп қабылдауы керек. Сол себепті де мен сіздерді алдағы саяси додаға белсенділікпен қатысуға шақырамын.
– Сауалдарымызға жауап беріп, маңызды ақпараттармен бөліскеніңіз үшін көп рақмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
Сұқбаттасқан
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.