Қоңыр әуенді Қуандық ақын

682 Views

Ауданымыздың топырағында туып, алты алаштың ардағына айналған тұлғалар баршылық. Олар өнерде де, спортта да, саясатта да озық шығып, өз саласының майталманына айналған жандар. Әдібай Табылды, Нұрлан Байкөзов, Азаматхан Әміртай, Ермахан Ыбырайымов секілді саңлақтар тек аудан абыройына емес, ұлтының ұстынына айналған жандар. Ал осы бір сан салада сайыпқыран атанаған дүлдүлдер қатарында ақын Қуандық Шолақтың есімін ауыз толтырып айтуға болады.Себебі, ол қазақ әдебиеті мен поэзиясына өзінің жаңа ырғағымен, жаңа бояуымен келген ақын.
Өткен аптада Құрметті азаматы, жерлес ақын , Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш»әдеби сыйлығының лауреаты, TURKSOI-дың «Мақтұмқұлы» атындағы төсбелгінің иегері, Қуандық Шолақ Абашұлының 80 жас мерейтойына арналған «Қоңыр әуенді Қуандық ақын» атты кітап сыйлау акциясы өткен еді. «Парасат жолы» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараның мәні терең, мағынасы ерен. Себебі, поэзия әлемінде өзіндік орны бар ақынның шығармашылығына жете үңіліп, насихаттау үлкен парыз.
Аталмыш іс-шараға Қуандық ақын денсаулығына байланысты қатыса алмады. Алайда, Қуандық Шолақтың өмірі мен шығармашылығы жөнінде оның жақын жандары, ауылдастары, замандастары, оқырмандары біраз сырды ақтарды. «Қоңыр әуенді Қуандық ақын» атты тақырыпта өткен іс-шараға Тілеуқабыл Елшібаев, Өмірзақ Шынқожаев, Мұрат Рысмедетов, Көшкінбай Құрманалиев секілді замандастарымен қатар ақынның келіні Кенжегүл Рысбекова да қатысты.
Келелі іс-шара барысында ақын туралы біршама естеліктің тиегі ағытылды. Сондай-ақ, ақын өлеңдері де оқылып, ол туралы шағын бейнероликтер көрсетілді. Жаңатұрмыс ауылдық клубының әншісі Гүлмарал Қорабаева әннен шашу шашты. Іс-шара соңында сөз алған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Ұлжан Нұрходжаева ақынның шығармашылығына тоқталып, осындай іс-шаралар руханиятымыздың өркендеуіне өзінің үлесін қосарына сенім білдірді.

Алия ИСКАКОВА,
аудандық цифрландырылған ақпараттық орталықтың кітапханашысы.

Поделиться ссылкой: