Аудан басшысы кітапханаға кітап сыйлады
54 ViewsӘулиеата өңірінде кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Осы орайда, өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркепов кітапхана қызметкерлерімен жеке кездесіп,…
Токиода өтіп жатқан ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарында жерлесіміз, дзюдошы Елдос Сметов қола жүлдеге ие болды. Ел мерейін асқақтатқан Елдостың бұл жүлдесі барша қазақ жұртын бір суынтып, бір ысытты. Бәрі де Елдостың Токиода жүлде алатынына кәміл сенді. Бірақ, қандай медаль? Көкейдегі көп сауалдың бастысы осы еді. Ақыры, елді де елеңдеткен, теледидарға да телмірткен Елдос ел мерейін үстем етті. Қола медаль қанжығада.
Бұл медаль Елдостың қоржынына оңай түспеді. 60 келі салмақта белдескен жерлесіміздің жолында небір кіл мықтылар тұрды. Алғашқы белдесуінде ол түрік дзюдошысы Михра Аккушке қарсы шығып, оны иппон ұпайымен ұтты. Ширек финалда Елдос Сметов алдымен ваззари, одан кейін иппон ұпайын еншілеп, кореялық Ким Вон Джиннен айласын асырды. Жарыс жолын сәтті жалғастырып келе жатқан Елдостың жартылай финалдағы қарсыласы үш дүркін әлем чемпионы Наохиса Такато еді. Осы уақытқа дейін талай мәрте байрақты бәсекелерде Елдостың алдын орап жүрген де осы дзюдошы.
Осы беледесуге Елдос тас-түйін дайын шыққаны байқалды. Салған жерден екеуі де тартыса кетті. Такато да титан екен, тыным таппады. Елдос бірнеше рет арқасынан асыра лақтыруға тырысып еді, бой бермеді Наохиса Такато.
Ақыры негізгі 4 минут уақыт бітіп, қос дзюдошы қосымша уақытта бақтарын сынап көретін болды. Ереже бойынша белдесудің бұл бөлігінде бірінші болып ұпай еншілеген дзюдошы жеңіске жетеді. 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында Елдос финалдық кезеңде ресейлік Беслан Мудрановтан осы бір қосымша уақытта жеңіліс тауып еді. Екінші мәрте дәл осындай жағдайдың орын алмағанын қаламады ма, Елдос барын салды. Наохиса да аянып қалмады. Екеуі де алыса жүріп, арбасты. Бір-бірінің қам-қарекетіне қарасты. Аңдысып жүріп, тартысты. Елдос арқадан да асыра лақтырды, іштен де шалды, қылқындыру әдісін де жасады. Бәрі де нәтижесіз болды. Наохиса Такато да өз кезегінде барын салды. Тіпті, бір мәрте кездесуді ертерек аяқтайтындай мүмкіндігі болды.
Сөйтіп жүргенде қосымша кезеңде 7 минут, жалпы 11 минут күресіпті. Екі дзюдошының түрінен шаршағандары байқалды. Бойдағы соңғы күштерін сарқыған еді. Осындай жан алысып, жан беріскен сәтте Елдос есе жіберіп қойды. Наохиса Такато Елдосты аяғынан шалып құлату арқылы ваззари ұпайын еншілеп кетті. Елдос үшін де, елі үшін де көңілді құлазытар сәт болды. Елдостың бұл Олимпиадада алтыннан үмітті екені айдан анық еді. Алайда, жеңіс Такатоның еншісінде. Бұл үшін Елдосқа кінә артуға болмайды. Себебі, ол татамидің төрінде барын салды. Өзі де жарыстан кейінгі сұқбатында: «Токиода барымды салдым» деген еді. Тіпті, сол белдесуді көзімен көрген журналистердің айтуы бойынша аренадан «Елдос, сен біз үшін чемпионсың» деген дауысты естігендерін айтты.
Сөйтіп, Наохиса финалға жолдама алса, Елдос үшінші орын үшін белдесетін болды. Үшінші орын үшін белдесуде Елдос Сметов нидерландылық Торнике Цакаджоені қосымша уақытта жеңіп, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ащы тер мен табан еңбектің арқасында келген бұл жүлденің бағасы да, бәсі де Елдос үшін өте қымбат. Олимпиаданың алғашқы күнінде мұқым қазақты қуантқан Елдос өзі көз жасына ерік берді. Татамиден шыға салып, жеңін көзіне апарған Елдостың әрекетіне барша қазақ қосылып егілді. Қаншама жылғы жаттығу мен еңбектің ақталғаны осы емес пе?!
Жарыс қорытындысы бойынша дәл осы салмақта Наохиса Такато чемпион атанса, тайпейлік Ян Юнвей күміс медальді қанжығасына байлады. Ал қоланы Елдос Сметовпен қатар франциялық Лука Мхекидзе иеленді.
Елдос жарыстан кейінгі сұқбатында: «Бұл олимпиадаға алтын үшін келгенмін. Қолымнан келгенін жасадым, бірақ бұйырғаны үшінші орын екен. Аллаға шүкір. Қазір қуанышты сезімдемін, сөзімді айтып жеткізе алмаймын. Өйткені барымды салдым. «Әттең-ай» дейтін ештеңе жоқ. Осы уақытқа дейін не тәжірибе жинадым, күреске деген бойымда не қасиет бар, соның бәрін салдым деп ойлаймын» – деді.
Расында, Елдос бұл Олимпиадада аянып қалмады. Төрт жылдықтың басты бәсекесіне тыңғылықты дайындықпен келгені көрініп тұрды. Алтыннан алқа тақпаса да, халқының алтын баласына айналды. Қоласы қоржында, алтыны алдағы Олимпиадада деп сенеміз.
Ахмет ҚАНАТҰЛЫ.