Ауданның құрылғанына 80 жыл толуы қарсаңында
Адалдықтан айнымаған азамат
Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты төрт елдімекен бар. Олар: округ орталығы болып есептелетін Рахым Сәбденов, Қызылшаруа, Байтелі және “Разъезд-98” ауылдары. Ауыл әкімі Ербол Құлманов берген мәліметке сүйенсек, ауылдық округтен 7 бірдей азамат Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген екен. Соның бірі де бірегейі – Рахым Сәбденұлы Сәбденов.
(Суретте: Социалистік Еңбек Ері Рахым Сәбденовты Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың марапаттау сәті).
шыны керек, Рахым Сәбденұлының есімін ауданымызда білмейтін жан баласы жоқ шығар, сірә. Әсіресе, онымен қызметтес әрі сыйлас болған аға буын өкілдері абыройлы азаматтың кісілік келбетін таңды-таңға жақында Рахым Сәбденұлының тұңғышы Марат Сәбденовтың құтты шаңырағында қонақ болдық. Сонда 65 жасқа келген Марат ағамыздың әсерлі әңгімесін тыңдай отырып, көптеген жайттарға қанықтық.
– Менің әкем 1929 жылы мамыр айының 9 жұлдызы күні Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылында дүниеге келген. Он жасынан бастап еңбекке араласқан асқар таудай әкемнің ең алғашқы еңбек жолы 1939-1946 жылдары Головачовка ауылы «Новая жизнь» колхозынан бастау алды десем болады. Әкем аталған қолхозда қарапайым жұмысшы болып еңбек етті. Ол алған бетінен қайтпайтын алғыр жан болатын. Осы табандылығы оны асқақ шыңдарға жетелеген болу керек,-дейді Марат аға бізбен өз ойын бөлісіп.
Расымен де, Рахым Сәбденұлының өмірбаянына қарап, біз оның өте күрескер азамат болғанын ұғындық. Ол 16 жасында Жамбыл зооветеринарлық техникумына оқуға түседі. Бұдан соң, ВАСХН-илдің Алматы қаласындағы филиалынан «Овцевод» мамандығы бойынша тәлім алып шығады. 1949 жылы сол кездегі тәртіпке сәйкес Талас облысындағы Киров есімін еншілеген ауданға жолдамамен жұмысқа жіберіледі. Осында уческелік зоотехник болып еңбек етіп, өзінің табандылығын, іскерлігін дәлелдей түседі. 1958-1960
КЕРЕК ДЕРЕК: Ленин совхозы Луговой ауданы құрылғанға дейін Меркі ауданына қараған. Ол кездегі атауы – Жыланды деп аталған.
Рахым Сәбденов әріптестерімен жұмыс үстінде
жылдары «Чолпонбой» колхозында бас зоотехник қызметін атқарғанда да атадан қалған адалдықты ту етіп ұстапты. Еңбек ете жүріп, К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ауылшаруашылық институтының «Зоотехник» мамандығын тәмамдайды. Қырғыз елінде 1965 жылға дейін түрлі лауазымдарда қызмет атқарған Рахым Сәбденов Луговой ауданындағы «Ленин» атындағы асыл тұқымды қой кеңшарының директорлығына 1971 жылдың 21 сәуірінде тағайындалады.
Совхозды 1954 жылдан бері басқарып келген Иван Петрович Маякиннен кейін тізгінді өз қолына алған Рахым Сәбденов кеңшар шаруашылығын одан әрі ұлғайтуға көп күш жұмсайды. Австралиядан әкелінген мал тұқымымен совхоз қойын будандастырып, асыл тұқымды қой санын еселеу ісі де Рахым ағаның негізгі идеясы болатын. Осынау ұйымдастырушылық қабілеті үшін оған 1971 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалі беріледі. Рахым Сәбденұлының басшылыққа келуімен «Ленин» атындағы асыл тұқымды қой совхозының атағы алысқа тарап, тіпті екпіндей түседі. Ол кеңшарды 1971 жылдан 1992 жылға дейін басқарады. Ауылшаруашылығын ілгері дамытып, зор табысқа кенелген оған 1973 жылы «Еңбек Қызыл Ту», 1976 жылы «Ленин» ордені табыс етілсе, ал 1980 жылы сол кезеңде ең жоғары награда болып есептелетін Социалистік Еңбек Ері деген атақты иеленеді. Марат Сәбденовтың айтуынша Рахым ағаның 4 ұл, 3 қызынан 16 немере, 28 шөбере бар. Ал атақты тұлғаның келіні Сағадат апай болса, қайынатасының адамгершілік болмысын былайша еске алды.
«Мектепте орысша оқығандықтан қазақ тілінде сөйлеу маған өте қиын болды. Атадан бірдеңе сұрасам міндетті түрде қазақ тілінде жауап беретін. Осылайша, өз ана тілімді меңгеруге атамның көп ықпалы тиді десем, артық айтқандық болмас»,-дейді Сағадат Сәбденова. Айта кетейік, бұрынғы Ленин атындағы асыл тұқымды қой совхозының атауы 2004 жылы өзгертіліп, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы ономастикалық комиссияның шешімімен ауылға Социалистік Еңбек Ері Рахым Сәбденовтың есімі берілді.
Қойбайдың еңбегі ел есінде
Сөзбасында Ақбұлақ ауылдық округінен 7 бірдей Социалистік Еңбек Ері шыққанын жаздық. Осы арада сәл кідіре тұрып, Телтай Дәуітов, Әлмақан Әбдіманақов, Александр Филиков, Рахым Сәбденов, Бекбай Байқонысов, Қойбай Қайыпов және Уәли Мырзалиев сынды дәл осы марапат иелерінің есімдерін атап өтсек дейміз. Біз бүгін аты аталған тұғырлы тұлғалардың ішінен қызылшаруалық Қойбай Қайыповтың еселі еңбегін бөле жарып әңгімелеуді құп көрдік.
Қойбай ақсақалдың өмірбаянын оқыған кез-келген адам, оның балалық шағы қиыншылыққа толы болғанын аңғарады. Әкеден ерте айырылған бала Қойбай Рақымбай көкесінің тәрбиесімен жетіліп өседі. 7-сыныпты бітірген соң отбасы жағдайына байланысты еңбекке ерте араласып, колхозда жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында жер жыртып, егін еккен Қойбай Қайыповқа 1947 жылы өзіне берілген ақ егістен мол өнім алғаны үшін КСРО Жоғарғы Советінің Қаулысы бойынша Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.
Қос ғасырдың куәгері
Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Байтелі елдімекенінде 103 жасқа келген қарт кейуана тұрады. Жүз жасаған Бүбіжамал Оспанованың ғибратты ғұмырын біз бұған дейін де газет бетінде жариялаған едік. Алайда, өздеріңізге белгілі, ауданымызда қос ғасырдың куәсі болғандардың саны саусақпен санарлық. Қазақ қашанда болсын қазыналы қарттарын қадірлеген халық қой. Осы қағиданы ескеріп, ауданның 80 жылдығы қарсаңында Бүбіжамал апа жөнінде аз-кем сөз қозғауды жөн санадық.
Осыдан 3 жыл бұрын тілдескенімізде: «Еее, несін айтасың, жарқыным. Біз жастайымыздан қиыншылық көріп өстік. Ашаршылықты да, екінші дүниежүзілік соғысты да, тың игеру науқанын да бастан кештік. Ұзақ жылдар бойы қолхозда сауыншы болып еңбек еттім. Күні-түні демей, алмағайып заманда білекті сыбана еңбек еттік қой, қарағым. Ол заман балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заман еді ғой. Мына өскелең ұрпақ бақытты. Біздің басымыздан кешкен күнді Құдай сендердің пешенелеріңе жазбасын. Ел бірлігін, татулықты сақтайық. «У ішсең – руыңмен» дейді қазақ. Патшамызға құдай қуат берсін, осындай бейбіт күнге жеткеніміз елін сүйген Елбасының арқасы,-деп айтқан еді.
Тыл ардагері Бүбіжамал апа 10 ұл-қыздарынан 45 немере, 76 шөбере, 11 шөпшек сүйіп отыр. Бір таңқаларлығы, апамыз солардың барлығының есімдерін мүдірмей айтады. Жүз емес, отызға толмаған мына біздер кейде ұмытшақтыққа ұрынып, шатып-пұтып жатамыз. Бұл бір Алланың берген қабілеті ме дейсің. Бүбіжамал әжей әлі күнге дейін намаз оқиды.
Жалқаулыққа жаны қас қария
«Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Рахым Сәбденов ауылының тұрғыны Жолдасбек Әлкереев ақсақал жасы 77 келсе де еңбектен қол үзген жоқ. Таң ала кеуімнен тұрып, мал қораның астын тазалау ол кісінің күнделікті жұмысы деуге болады. Республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінде жеңімпаз атанған Жолдасбек ақсақалмен әңгіме өрбітудің өзі бір ғанибет қой, шіркін. – Менің жалпы еңбек өтілім 44 жыл қарағым. Қой да бақтық, зоотехник те болдық. Тоқырау жылдарында да нарық заманына бейімделіп, үздіксіз еңбек еттік. Қысқасы, қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Барлығы бала-шағаның қамы. Мені іздеп, жазамын деп келгеніңе үлкен рахмет. Дегенмен, кезінде атақты шопан болған Көшкінбай Батырақов, Диханалы және Бекіш Мусраливтерді жұрт ұмытып барады. 80 жылдық қарсаңында осы азаматтар турасында газеттеріңе тұщымды мақалалар жазсаңдар нұр үстіне нұр болар еді, -деген ойын жеткізді.
Біздің әңгімемізге ақсақалдың кенже ұлы Жақсылық та қосылып, өз ойымен бөлісіп отырды. Ол өз сөзінде әкесінің «Ерен еңбегі үшін», «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» секілді медальдармен марапатталғанын айтып, аталмыш наградалардың түпнұсқасын алдымызға ұсынды.
Марат ДИХАНБАЙ,
арнайы “Құлан таңы” үшін Ақбұлақ ауылдық округінен.