Шөпшек сүйген Сағат әже
Шөпшек сүйген Сағат әже
Тарих беттерін парақтасаңыз, халқымыздың сан түрлі тар жол, тайғақ кешулерді өткергенін көресіз. Қолдан жасалған ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс сынды оқиғалар қазақ халқының қабырғасын қайыстырғаны жасырын емес. Осы бір қиын қыстау күндер Құлан ауылының тұрғыны Сағат Қалқабаеваны да айналып өте қойған жоқ. Бүгінде сол қасіретті күндерді көзіне жас алып, еске алады. Алайда, 106 жасқа келіп отырған әжеміздің әлі де көрер қызығы мен басынан өткерер қуанышы көп екен.
Сағат әжеміз көпті көрген кейуана. Жастайынан колхоздың жұмысына араласып, мал шаруашылығы саласында көптеген жылдар бойы қызмет атқарған. Алтын құрсақты анамыз дүниеге он баланы әкеліпті. Оның төртеуі ұл, алтауы қыз. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Сағат әжеміздің әулетіндегі адам саны жылдан жылға ұлғаюда. Бүгінде отбасы мүшелерінің саны 163-ке жетіп отыр. Атап айтқанда, әжеміздің ұл-қыздарына өмірлік жар атанған 4 келіні, 6 күйеу баласы бар. Олардан тараған 34 немересі мен 78 шөбересін қосыңыз. Сонымен қатар, 30-ға жуық немере келіндері мен күйеу балалары тағы бар.
Бүгінде өркенін жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулет тің ақылшы тірегі, арқа сүйері болып отырған әжеміздің шаңырағында жуырда шөпшек дүниеге келді. Дания есімді кішкентай бүлдіршін қарт ананың үлкен қызы Фарида мен күйеу баласы Асылбайдың немересі Әлімханның тұңғыш қызы. Бір қызығы Әлімхан да Сағат әженің ең алғашқы шөбересі. Қазіргі таңда Әлімхан Көгершін ауылдық округінде жетекші маман болып қызмет атқарады. Ал анасы Мөлдір Ақтоған орта мектебінде шәкірттерге білім беріп жүрген аяулы ұстаз.
Ғасырдан астам уақыт жасаған әжемізбен тілдесу барысында шөпшек сүйіп, ұрпағының жалғасып жатқандығына риза екендігін аңғардық. «Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Осы бір бейбіт күнде шөпшегімнің маңдайынан иіскеу бақыты бұйырған менде басқа арман жоқ шығар, сірә! Жақын арада тағы екі шөберем отау құрғалы жатыр. Әрбір бала әулетімнің баға жетпес байлығы» деп асыл ана қуанышын жасыра алмады.
Осы бір сүйінші хабарды ести салысымен, ақ жаулықты анамызды аудандық ішкі саясат бөлімнің басшысы Ләззат Өтеулиева бастаған бір топ қызметкерлер мен аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Сәуле Әденова арнайы барып, апамызға сый-құрметін көрсетті. Өз кезігінде әжеміз құттықтай келген жандарға алғысын жеткізіп, ақ батасын берді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.