Ауыл арасындағы ауыр көліктер қатынауын қашан қояды?

479 Views

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» – халықаралық транзиттік автожолы, өткен ғасырлық Ұлы Жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы. Бұл транзит дәлізін алғаш салу идеясы 2008 жылы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында бекітілген болатын. Қазақстандағы Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының аумақтарын қамтыған бұл үлкен жол Құлан ауылының солтүстік жағымен де жүргізілген.

Бүгінде аталмыш күре жолмен ауыр жүк тиеген автокөліктер тынымсыз жүріп өтуде. Дегенмен, кейбір жүк көлігін тізгіндеген жүргізушілер «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автодәліз бағытын өзгертіп, Орталық Қазақстан және елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына бару үшін Луговой ауылын көлденең кесіп өтуде.
Луговой ауылы – аудан орталығының солтүстік беткейінде орналасқан елді мекен. Аудандағы халық саны бойынша Құлан ауылынан кейінгі тізімде тұрған екінші ауыл. Шамамен ауылда 2000-нан астам аула бар. Қазіргі таңда екі үйдің бірінде автокөлік бар екенін ескерсек, ауылда кем дегенде 1000-нан астам жеңіл және ауыр жүк көліктері бар деп топшылауға болады. Бұл тізімге теміржолға қарасты көліктерді тағы да қосыңыз. Ол аз десеңіз, вокзалға келіп кетуші көліктер мен ауыл аумағында орналасқан Луговой әскери гарнизон қарамағындағы автокөліктер тағы бар. Бәрін айт та, бірін айт, әйтеуір, Есімов пен Құрымбаев атындағы орталық көшелер көліктерден бір сәтке болса да арылмай жатады. Тіпті, кейде Қорағаты, Ақбұлақ ауылдық округіне апаратын теміржол өткелі жабылғанда, ауылда кәдімгі қаладағыдай көлік кептелісі де орын алады. Әрине, бұл – ауыл тұрғындары үшін қолайсыздық туғызатыны айтпаса да белгілі. Қысқасы дәл осындай келеңсіздіктердің орын алуына әсер ететін басты фактор – ауыр жүк көліктерінің ауыл арасымен өтуі.
«Теп-тегіс тақтайдай күре жол тұрғанда, ауыр жүк көлік жүргізушілері Луговой ауылы арасымен жүруге неге құмар?» деген заңды сауал тұрған болар санаңызда. Ендеше сол сұрағыңызға шама-шарқымыз жеткенше жауап беріп көрелік. Негізінен, жүргізушілер солтүстік өңірлерге бару үшін Меркі және Шу ауданындағы арнайы жолмен қатынай алады. Бірақ ол жақтың жолы біздікіне қарағанда тым ұзақ. Екіншіден, жол сапасы да айтарлықтай мәз емес. Осыған сәйкес бүгінде ұзақ әрі сапасыз жолдан және артық жанар-жағармай жағудан қашатын жүргізушілер Луговой ауылын кесіп өтуден арланбай тұр.
Жалпы елімізде көліктің маркасы мен түрлеріне сай, жүк тасудың заңмен бекітілген ережесі бар. Оны ауыр жүк көлігі иелері білмейді емес, жақсы біледі. Әйтсе де соған қарамастан, заңды бұзатындар өте көп. Бұл заң бұзушылық халыққа қолайсыздық тудырып қана қоймай, жол сапасының бүлінуіне, жарылуына да айтарлықтай әсер етуде. Оған көз жеткізу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Тек Луговой ауылындағы аспалы көпірден бастап, Қорағаты елді мекеніне дейінгі жолды көлікпен жүріп өтсеңіз жеткілікті.
Енді «Бұл олқылықтың орнын толтыра алатын амал бар ма?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Әрине бар. Ол үшін құзырлы органдар тарапынан бақылауды мейілінше күшейтіп, тексеру жұмыстарына басымдық беру қажет. Сонда ғана артық салмақ артқан ауыр жүк көліктерінің ауыл арасымен жүруін тежей аламыз. Алдағы уақытта ауданымызда осы салаға қатысты мамандар тиісті деңгейде жұмыс жүргізеді деген сенім мол.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: