ЕЛ АУҒАНҒА АЛАҢДАУЛЫ
Үстіміздегі жылдың 11-ші қыркүйегіне дейін АҚШ өзінің әскерін Ауғанстан аумағынан әкету туралы шұғыл шешім шығарғалы бері тәліптер бірнеше провинцияны (оның ішінде мемлекеттік маңызы бар қалалар да бар) басып алып, өз билігін орната бастады. Ол ол ма, тәліптер Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан шекараларына жақын орналасқан аймақтарға шабуылын күшейтті.
Иә, ауған тарихына көз жіберсеңіз, Талибан қозғалысының діни радикалды сипаты бар екенін аңғарасыз. «Егер Ауғанстан билігі олардың қолына өтетін болса, онда Орталық Азияның тынышы кетіп, жат пиғылды діни топтардың ондағы ықпалы артуы мүмкін» дейді сарапшылар. Әйтпесе, Тәжікстан мен Өзбекстан басшылары тәліптермен тікелей байланысқа шығып, елінің шекарасын күзетудің амалын ақылдасқа сала ма? Тіпті, Ресей мен Қытай сияқты алпауыт мемлекеттердің өздері тәліптердің көсемдерімен кеңесіп, өз мүдделерін ойластыра бастады. Ал, халықаралық сарапшылар болса: «Көп ұзамай Ауғанстан билігі осы діни топтың қолына өтеді» деген болжамын да көпшілік назарына жариялап үлгерді.
Иә, теледидар мен ақпарат құралдары тәліптерді баспасөзде қағыс қалдырмай жазуда. Шынымен де тәліптер Ауғанстанда өз үстемдігін орнатса, «Орталық Азия елдеріне қандай қауіп төнуі мүмкін?» деген сұрақ өздігінен туындайды. Қазақ айтады: «Жау қайда деме – жар астында» дейді. Осынау шиеленістен біз не күтеміз? «Ауылымыз шалғай» деп тып-тыныш жата береміз бе? Сонда бізге төніп тұрған қандай қатер, қауіп бар? Бұл өзі еліміздегі діни топтар арасында алауыздық туғызып, елдің тыныштығын алмай ма? Дәлдеп айтқанда, Ауғанстан тарапынан болуы мүмкін қатерлерден қалай сақтануға болады? Мұндай жағдайда діни радикализммен күрес жүргізетін құзыретті органдардың қандай қадамға барғаны жөн? Осы және басқа да сауалдар елді мазалайды.
Осыған орай саясаттанушы Сайын Борбасов мынадай пікір айтады: «Егер тәліптер біртіндеп провинцияларды басып ала беретін болса, Өзбекстан мен Қырғызстанның, Түркіменстанның шекарасына да жетеді. Демек Орталық Азияға қауіп төндіреді. Бұны діни қозғалыстардың қаупі деп түсінген абзал. Өзбекстанда «Өзбек-ислам қозғалысы» деген қозғалыс құрылды, әлі астыртын жұмыс істеп жатыр. Діни қозғалыстың ықпалы бізге қарағанда Тәжікстанда тіпті күшті. Демек, тәліптердің Ауғанстанды толық билеп алуы Орталық Азия мемлекеттеріне үлкен мәселе туғызайын деп тұр. Қазақстанның ішінде де діни қозғалыстар бар, олар күш алса, қоғамның тыныштығын кетіреді. Саяси ахуалды шиеленістендіреді. Сондықтан оған атүсті қарауға болмайды» дейді.
Осы қатерден сақтанудың жолы жоқ емес, бар. Ол үшін әуелі ҚМДБ Әбу Ханифа мәзхабына байланысты насихатын күшейтуі керек. Жат пиғылды діни топтар: салафиттік, суфистік, уахабиттік т.б ағымдар ауыздықталуы керек және сол діни ағымдарды жақтайтын адамдардың барлығы есепке алынуы тиіс. Халықтың жиырма бес пайызы кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Олардың осындай жат пиғылды діни топтардың жетегінде кетіп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан осындай кемшіліктердің бетін ашып, этникалық қайшылықтарды болдырмау жағын қарастырған жөн. Сонда ғана Қазақстан қауіп-қатерден құтылады – дейді саясаттанушы Сайын Борбасов.
«Тәліптердің негізгі құрамы пуштундар. Бұл 1947 жылы Пәкістан тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекет құруға бетбұрыс жасаған діни топ. Түсінген адамға олардың бір жағында пуштундық, ал, екінші жағында исламдық-радикалдық көзқарас бар. Бізге қауіп сол – олардың негізгі ұстындары, мына біздегі уахабилік, саудиялық радикал-исламистік көзқарас болғандықтан, кейбір жағдайларда ДАИШ тобының идеологиясына жақын келеді. Қазір тәліптерді олармен тату деп айта алмаймын. Орталық Азияда идеологиялық тұрғыдан алғанда негізі ханафиттік дегенімізбен, кейбір медреселерде саудиялық-уахабилік идеология, яғни қатып қалған фундаменталистік көзқарастар басым. Сондықтан бізге де ықпал жасауы мүмкін» дейді дінтанушы Кеңшілік Тышқан.
Иә, Ауғанстан бір ғасырға жуық саяси, геосаяси идеологиялық күрестердің ошағы болды. Кеңес әскерінің контингенті ауған жерінде тоғыз жыл тұрды. Оған дейін Англия мен АҚШ-тың саяси стратегиялық күштері өз билігін жүргізді. «2001 жылы Америкадағы қос мұнараның жарылуына АҚШ Ауғанстанды кінәлі деп тауып, елді ресми түрде басып алып 20 жыл бақылауында ұстады. Пуштундар мұнда 40 пайызды құрайды. Олардың арасында қырғыздар, өзбек пен түрікмендер, әзірбайжандар да бар. Турасын айтатын болсақ, тәліптердің ақидасының мазмұнында салафизм басым. Ауғаныстанның біздің Қазақстанмен ортақ тарихы бар. Өйткені қуғын-сүргін жылдары қазақтар Ауғанға бас сауғалады. Қазіргі таңда тәліптердің ішкі тұрақсыздығының салдарынан осы елдегі түркі тілдес халықтар Иран арқылы Түркияға өтіп жатыр. Ертең Орталық Азияға Тәжікстан арқылы ағылуы әбден мүмкін. Ауғанстан өткен жылы Қазақстаннан бір миллион тоннадан астам ұн алды. Енді оны ала ма? Бүгінде экономикалық емес саяси, әсіресе діни тұрғыдан біздің билікке өте үлкен жауапкершілік артылып отырғанын айтқым келеді» дейді дінтанушы Досай Кенжетай.
Ең қауіптісі діни радикализм. Сондықтан шапан жамылып, тақия кигендерге енді күдікпен қарайтын кез келді, ағайын. Дегенмен, өзіміздің Әбу Ханифа масхабын ұстанған мүміндерімізге айтарымыз – жат пиғылдылардан сақ болыңыздар! Өйткені, олар «өкіл бала» сияқты қолтығыңа кіріп алып тәліптер сияқты бүлік шығарып жүрмесін. Бұл да бір індет сияқты ғой, одан да сақ болайық.
Баспасөз беттеріндегі материалдар бойынша шолу жасаған С.Қожеке.