Сабақтар дәстүрлі форматта оқытылады

463 Views

Еліміздегі індет білім алып жүрген ұрпақтарымызды өздерінің дәстүрлі форматтағы оқып жүрген сабақтарынан алшақтатып, оларды арақашықтықтан оқытуға мәжбүрледі. Дегенмен, биылғы 2021-2022 оқу жылы бұрынғыша оқытылатын болды. Осыған орай және алдағы мұғалімдердің тамыз кеңесі қарсаңында біздің тілшіміз аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Айдарбекқызы Базароваға жолығып, жаңа оқу жылына әзірліктің барысы жайлы сұқбат алған болатын. Сәті түскен сұқбатты басылымның келесі бетінен оқи аласыздар.

Тілші: – Майра Айдарбекқызы, Білім күніне де санаулы уақыт қалды. Жаңа оқу жылында барлық оқушылар партаға отырады деп естідік. Балалар да, педагогтар да онлайн сабақтан жалыққан болар. Енді бес жылдан бері мектеп табалдырығын аттамаған Әліппе де ортамызға қайта оралатын болды. Осындай қуаныштарыңызға ортақпыз. Жаңа оқу жылын неден бастағалы отырсыздар?
М.Базарова: – Оныңыз рас, биылғы оқу жылын бірінші сыныпқа баратын 1400 оқушы Әліппемен ашқалы отыр. Ал, жалпы 15284 оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Былайша айтқанда, олар бұрынғыша дәстүрлі форматтағы оқуын партада отырып жалғастырады. Сабақтардың ұзақтығы 45 минут болып белгіленді. Біз «Бір сынып – бір кабинет» деген дәстүрлі оқыту жүйесіне көшіп, кабинеттік жүйеден еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бас тарттық. Бүгінгі таңда мұғалімдеріміздің 98,9 пайызы вакцина салдырды. Енді ұстаздарымыз карантиндік шараларды сақтай отырып, сынып сағаттарын барлық сыныптарда бірдей өткізеді. Біз балалардың бір-бірімен араласуына да шектеу қойдық. Ендігі жерде балалар сапырылысып жүрмейді. Барлық сыныптарда сабақ кестесі бойынша пән сабақтары өтеді. Бала ауырып қалған жағдайда үйде отырып «онлайн-сабақ» оқиды. Дәлірек айтқанда, «Дарын», «Білімленд» платформаларын пайдалана алады.
Бәрінен бұрын, біз пандемиядан сақтануға айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Сондықтан да мектептерге 800 литр антисептик, 494 дана кварц лампасын, 67 дана тепловизор, 500 дана медициналық кілемше таратып бердік. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша 5 миллион 293 мың 625 теңгенің қаражатын бөлдік. Үнемделген қаражат есебінен тағы 50 дана тепловизор, 144 дана медициналық кілемше, төрт мың литр антисептик, 800 дана порошок, 300 дана сұйық сабын, 900 дана кір сабын сатып алынды. Сонымен, 1 қыркүйек күні тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған шәкірттерге салтанатты түрде Әліппе мен Букварь табысталады.
Тілші: – Биыл мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді екен, оның есесіне барлық 38 мектеп ағымдағы жөндеумен қамтылыпты. Жаз айларындағы аптап ыстықтарды көрдік, енді қыстың шілдесі қандай болады? Сондықтан алдағы жылыту маусымына осы бастан әзірлік жұмыстарын жүргізудің қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті ғой.
М.Базарова: – Ол рас, «Қыс қамыңды – жаз ойла» дейді ғой. Өткен жылы төрт мектептің: Мамайқайыңды, Көкарық, Шынәсілов, Сөгетінің қазандықтарын қалпына келтірген едік. Енді биыл Максим Горький атындағы мектептің қазандығын «көгілдір отынға» ауыстырып жатырмыз. Облыстық энергетика басқармасы осыған 32 миллион 704 мың теңге қаражат бөлді. Сонымен қатар, Гагарин мектебіне спорт зал салу қолға алынды. Айту ләзім, осы оқу жылында бес мектептегі физика, биология, химия кабинеттері жаңғыртылады. Дәлірек айтқанда, жаңа кабинеттер жаңа жиһаздарымен, мультимедиялық құрылғылармен жабдықталады. Осындай жаңалықты Әлихан Бөкейханов, №1-ші лицей, Шоқан Уәлиханов, Бауыржан Момышұлы, Қызылшаруа мектептерінің педагогикалық қауымы тағатсыздана күтіп отыр. Үстіміздегі жылы 12 мектепке баратын 697 оқушыны 19 автобус таситын болып келісім шартқа тұрды.
Тілші: – Майра Айдарбекқызы, сіздер оқу бітіретін жас мамандарға зәру емессіздер ме? Тағы бір айтайын дегенім, жаңа оқу жылының қандай ерекшеліктері бар? Жаңа ғана мектеп директорларымен кеңес өткіздіңіздер, оның үстіне тамыз кеңесі алдындағы секциялық жұмыстарыңыз да басталып кетіпті осы жөнінде не айтасыз?
М.Базарова: – Биыл 24 маманға сұраныс жасадық. Бізде әлі орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және математика бойынша пән мұғалімдері жетіспейді. Жаңағы айтқан мамандық иелері «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша келіп те қалады. Олар ауданға келген соң, кем дегенде бес жыл жұмыс істеуі тиіс. Әрине, оларға аудан әкімдігі үй сатып алуға несие, көтерме сыйақы беру жағын да қарастырып қойған.
Ал, жаңа оқу жылындағы жаңалықтарға келетін болсақ, ол төмендегідей. Биыл «Оқуға құштар мектеп», «Дебаттар», «Өзін-өзі басқару күні», «Мектеп театры» сияқты жаңа жобаларды іске асырсақ деген ойымыз бар. Мектеп пен отбасымен бірігіп «Кітап оқу» жобасы да келешекте ата-аналардың назарын аудармай қоймайды деп ойлаймын. Өткен жазда қашықтықтан оқыту көптеген проблемалар туғызды, енді алдағы каникулда «Жазғы мектеп» деген жаңа бастаманы қолға алсақ дейміз. Бір сөзбен айтып, алдағы тамыз жиынындағы мәселелерді тауыса алмаймыз. Дегенмен, оқу министрінің жаңа жылдың 1-ші қаңтарынан бастап мұғалімдердің айлығын 25 пайызға көтеру туралы шешімі педагогтарымызға үлкен стимул туғызды деп ойлаймын. Бәрінен де балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беру күн тәртібінен түспеуі керек қой.
Тілші: – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген арнаулы тілшіміз С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: