Уақыт талабына сай қадам

845 Views

Уақыт талабына сай қадам

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы еліміздегі ең өзекті әлеуметтік мәселелерді қамтуымен жұртшылықтың көңілінен шығып отыр. Халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған ауқымды шаралардың баспана, жатақхана сияқты тұрмыстық жағдайды нысанаға алуы тегін емес. Ірі қалаларда жастардың баспанасыз жүргені көпшілігімізді алаңдататын. «Өз үйім – өлең төсегім» дегендей, әркімнің жеке үйі, пәтері болуы, оның алаңсыз жұмыс істеуінің, үбірлі-шүбірлі отбасы болуының басты шарты екені белгілі жайт. Сондықтан Елбасы «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» және «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамаларын көтерді. Елбасының «7-20-25» бағдарламасы жұмыс істейтін әрбір адамның несиеге пәтер сатып алып, отбасылық бюджетінің аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынды. Яғни, Нұрсұлтан Әбішұлы Үндеуде баспана алу үшін несие төлемінің мерзімі 25 жылға, үстемесі 7 пайызға дейін төмендетілетінін айтты. Бұл тұрақты жұмысы бар тұрғындарымыз үшін үлкен жеңілдік екені даусыз. Бүгінгі таңда баспана бастамасы жүзеге асырылып, қолға алынуда.

Үндеуде «Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді.

 Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр.

Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі. Сонымен бірге техникалық және ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек.

Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд» деп нақты атап көрсетілген. Шын мәнінде, компьютер жөндеу шеберлері, телефон, радио құрылғылары мамандары және тағы басқа сұранысқа ие салаларға көбірек көңіл бөлінгені дұрыс.

Бұл ұсыныс Президенттің Жолдауында айтылған төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жаңа экономика құру міндетіне де сай келеді. Жаңа экономикаға ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология сияқты салалардың мамандарын даярлау қажет.

Дамыған 30 елдің қатарына қосылудың басты шарты да осында. Адам ресурстары жеткілікті ел ғана даму көшіне ілесе алатыны дәлелденген. Бұл ретте жоғары оқу орындары студенттерінің санын да, сапасын да көтеру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі ұсыныстар жастарға қамқорлықтың нақты көрінісі. Ендігі міндет Елбасы Үндеуінде айтылған бастамалардың нақты тетіктерін дәйектілікпен жүзеге асыру деп білеміз.

Қ.АРЫСТАНБЕКОВ,

“Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы

төрағасының бірінші орынбасары.

Поделиться ссылкой: