«АҚТОҒАННЫҢ» АҚ БИДАЙЫ

632 Views

«Ақтоған» диірменіне бара қалсаңыз, осында сонау 1994 жылдан бері қожалық жетекшісі Сайд-Хасан Сейдахметұлы Ахаевпен бірге ыстық пен суыққа бірдей төзіп, астық өсіріп, оның қызығын бір өзі көрмей бүкіл аудан жұртшылығымен бірге көріп келе жатқан Омар Ахаевты, Иса Меджидовты кездестіресіз. Кездестіресіз де олардың қажымас қайратына, мұқалмас жігеріне тәнті боласыз.

Сайд-Хасан (оны жұрт Аду дейді) иманы таза, ұстанымына берік адам. Оның ағалары Ариф пен Сайд-Селим де ислам мұраттарына адал азаматтар. Десек те, Сайд-Хасанның астық өсіріп, оны өндірістік жолға көшіріп, табыстың «тайқазанын» тасытқанына міне, отыз жылдың жүзі болып қалды. Қазір қожалықтың төрт мың гектар егістік алқабы, жиырмадан аса астық комбайны, оннан аса «К-700» тракторы бар.– Биыл 3300 гектар алқапқа бидай егіп, оның әр гектарынан 9 центнерден, ал, мың гектар жаздық арпаның әр гектарынан 4 центнерден өнім алдық. Біз аз алдық па десек, бізден де төмен түсім алғандар бар екен, – дейді С.Ахаев. – Шынымды айтайын, биылғы орақ өте қиын орақ болды. Қолда бар 11 комбайнның сегізі «Есіл», бәрі де жиын-терінге қатысты. Әсіресе, Егор Кудряшов пен ағайынды Алексей мен Иван Дочкиндер аптап ыстыққа қарамай дән бастырды. Жүргізушілер Станислав Калашников пен Владимир Смирнов, Владимир Вольдшмидттер уақытпен санаспай еңбек етті. Осынау жауапты науқанға қожалықтың барлық диқандары жан аямай атсалысты. Мен элеватор операторы Алексей Логутенконың, шофер Владислав Луневтың, тіпті есепші Расул Ахаевтың еңбегіне дән ризамын. «Газ-53» жүк көлігінің шофері Алексей Бабкин туралы да жақсы лебіз білдіруге болады. Қысқасы, коллективіміз жұмыла жүк көтеріп, ауыр жұмысты жеңілдетті. Соның арқасында екі жүзден астам үлескерімізге қолда бар бір гектар жері үшін 100 келіден дивидент үлестірдік. Қазір пайшыларымыздың 80 пайызы өз үлестерін алып та қойды. Олардың ішінде көгершіндіктер мен Қонаев ауылының азаматтары да бар, – дейді Аду.
Біз «Ақтоған» шаруа қожалығына барған күні диқандар жылқы зауытының екінші бригадасындағы егістікке дән себуді қолға алыпты. Алты тракторға 20 дән сепкішті тіркеп алған ағайынды Константин, Дмитрий, Алексей және Сергей Колесниковтар болашақ өнімнің негізін қалап жүр екен. Олар өнімді жақсы беріп жүрген бидайдың бірінші репродукциялы «Стекловидный-24», «Наз», «Мереке» сорттарын жер қойнауына жасырып, айнала төңіректі қою шаңға бөлеп кетіп бара жатты. Айту ләзім, диқандар осы күзге 4000 гектар пар әзірлепті. Біз бәрінен де егінші-механизаторлардың биылғы нашар түсімге сағы сынбай, қайта дала төсін дүбірге толтырып, еңбек көрігін қыздыра түскеніне риза болдық. Осы қожалықта он жылдан бері қажымай-талмай еңбек етіп келе жатқан қуатты «К-700» тракторын жүргізіп жүрген Леонид Юшков пен Иван Дочкиннің күнге тотыққан жүзіне қарап, олардың нағыз еңбек майталмандары екеніне тағы да бір рет көзімізді жеткіздік.
Бір мезгілде алты мың тонна астық тазалайтын элеватор да тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Ол жұмыс істеп тұрса ұн да тартылады, макарон да өз цехтарынан шығарылады. Әзірге қожалық жетекшісі жал-жал болып қырманға түскен астыққа көңілі толып, диқандардың қажырлы еңбегіне ризашылығын білдіруде. Тек осы күзде үлескерлерге мың тоннаға тарта астық таратылады екен. Содан соң ғана 27 түрлі ассортиментпен өнім шығаратын цехтар жұмыс істей бастайды. Әзірге ақтоғандық диқандар жиын-терін қорытындысын шығарып, күзгі егіс-дала жұмыстарын ыждаһаттылықпен бастады. Олардың күткені біреу, ол – жауын. Дәл қазір күздің көл-көсір жауыны диқандарға әбден керек болып тұр. Сонда ғана «Ақтоғанның» ақ бидайына бәріміз қарық боламыз.

С.Қожеке.
«Ақтоған» шаруа қожалығы.
Суреттерде: қожалық жетекшісі Сайд-Хасан Ахаев (бірінші бетте) механизаторлар Леонид Юшков және Иван Дочкинмен бірге қырмандағы тазаланған астықтың сапасын көруде; жас шофер Алексей Бабкин; кассир Иса Меджидов; элеватор операторы Алексей Логутенко, есепші Расул Ахаев және шофер Владислав Лунев элеватор жанында.

Поделиться ссылкой: