Кітапханашылар – мәртебелі мамандық иелері
Кітап – жан азығы. Адам өмір сүру үшін тәнін азықтандырады, ал толыққанды адам болу үшін тәнін ғана емес, жанын да азықтандыру керек. Жан азығын біз небір ғұламалар сан ғасырдан бері сусындап кеткен кітаптан аламыз. Кітап – қазына болса, кітапхана – қазына ордасы. Кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Кітапта ата-бабадан жалғасып келе жатқан қаншама тарих, ғалымдар қалдырған еңбектер мен ақын-жазушылардан қалған сөз маржандары тізіліп тұр. Сол өлшеусіз қазынаны халыққа жеткізіп, ұсынып, насихаттаушы – кітапханашылар. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Мамандықтың маңыздылығы туралы Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемдік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» — дейді. Қазіргі заманауи кітапхана саласының мамандары тек кітап берумен ғана шектелмей, оқырмандарға басқа да қызмет түрлерін ұсынуда. Айта кететін болсақ, халыққа қызмет көрсететін цифрландырылған ақпараттық орталық пен оқырмандардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған «Коворкинг» орталығы жұмыс істеуде. Сондай-ақ оқырмандарды кітап оқуға қызықтыру мақсатында атаулы мерекелерге арнап кітап көрмелерін жасап, түрлі бағытта іс-шаралар үздіксіз өткізіліп отырады.
Айта берсек, кітапханада атқарылып жатқан еңбек аз емес. Мұның барлығы болашақ жастардың игілігі үшін. Кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар. Кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін, ешкім жоққа шығара алмайды. Ендеше, мәртебелі мамандық иелері, әріптестерімзді 15 қазан – кітапханашылар мерекесі күнімен құттықтаймыз. Еңбектері еленіп, алғыс пен құрметке бөленіп жүре берсін деп еңбектеріне табыс, шаңырақтарына шаттық пен береке тілейміз!
Аудандық кітапхана ұжымы.