Келелі жиын өтті
21 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Абдалы Нұралиев пен Мұратбай Жолдасбаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында ауданымызға да арнайы ат басын бұрды. Көрші Меркі ауданында болған халық қалаулыларын аудан әкімі Асқар Қырықбаев шекарадан күтіп алып, Абай ауылындағы «Сүйін» шаруа қожалығына бастап келді. Мал бордақылау кәсібімен
айналысатын қожалық 100 бас жылқы, 42 бас мүйізді ірі қара, 120 бас ұсақ малды жыл он екі ай үзбей бордақылайды. Сенатор Мұратбай Жолдасбаев қожалық басшысы Әлихан Бәрменқұловты сөзге тартып, қожалық жұмысына қанықты. «Бордақы малды аудан аумағынан бөлек Тараз, Алматы қалаларында саудалаймыз» деген оның сөзін ауыл әкімі Мұратбек Арыстанбеков жалғап, «Сүйін» шаруа қожалығының ел сүйсінер істерін атап өтті. – Әлихан өте жанашыр азамат. Ауылға ұдайы демеушілік жасап тұрады. Биылғы жылдың өзінде «Қалқабай-Ата» мешітіне 53000 теңгеге бейнебақылау камерасын орнатып, жағдайы төмен 5 отбасына 500 000 теңге көлемінде қаржы жұмсап, табиғи газ кіргізіп берді. Жыл бойы іс-шараларға қатысып, тұрақты демеушілік көрсетіп отырады, -дейді ауыл әкімі. «Осындай атымтай жомарт азаматтардың көп болғаны жақсы» деп ризашылығын білдірген депутат бордақыдағы жылқыларды аралап көрді. Ауылдың 10 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, 60000-100000 теңге аралығында айлық төлейтін қожалықтың ауылшаруашылығы жәрмеңкелеріне
де қатысып, халыққа сапалы ет өнімдерін ұсынатынын естідік. Ауыл әкімінің айтуынша ауылдағы ағайынды Бәрменқұловтардың барлығы да мал бордақылауды кәсіп көзіне айналдырған екен.
Келесі кезекте аудан орталығы Құлан ауылында 2015
жылы бой көтерген «Аяна» балабақшасына барған халық қалаулылары балабақша ғимаратын аралап көріп, ондағы бүлдіршіндердің жағдайымен танысты. Бүгінгі күн талабына сәйкес үш тілде білім алатын балалар ел ағаларымен үш тілде амандасты. «Құлан жолдары» ЖШС-нің директоры, ауданның Құрметті азаматы Қонысбай Сағынбектің қаржысына салынған 100 орындық «Аяна» жекеменшік балабақшасында 2017 жылдың мамыр айында қосымша 2 топ ашылып, бала саны 150-ге артыпты. Балабақша меңгерушісі Жадыра Сламқұлтегінің сөзіне сенсек, 48 қызметкер жұмыс істейтін балабақшада жыл соңына дейін тағы 15 бөбекке арналған ерте жас тобы ашылатын көрінеді. Сенаторлар заманауи үлгідегі балабақшаның мүмкіндіктерін саралап, өздерінің балалық шақтарын еске алды. «Біздің кезімізде мұндай балабақшалар болып, барлық жағдай жасалғанда біз де көп тілді біліп өсер едік. Қазіргі балалар бақытты» деген Мұратбай Сматайұлының сөзін Абдалы Тоқбергенұлы да қуаттап, Тәуелсіздіктің арқасы, Елбасының сындарлы саясатының жемісі екенін сөз етті.
Сенат депутаттары аялдаған нысанның бірі «Шәушен» шаруа қожалығының ет өндіру, етті тоңазытып сақтау кешені болды. Құрылысы 2015 жылы басталып, 2016 жылы аяқталған кешен құрылысына 250,0 млн. теңге қаражат жұмсалыпты. Сыйымдылығы 35 тонналық ет
сақтау тоңазытқышы мен өзге де құрал-жабдықтары европа елдерінен алынған кешеннің максималды қуаттылығы тәулігіне 200 бас қой, 50 бас ірі қараны союға қауқарлы. Мал сою алаңындағы 20 жұмысшы 90 мың теңге көлемінде айлық алады.
Мал сою кешенін аралап көрген халық қалаулылары Сайрамбай Дөненбаев басқаратын «Шәушен» шаруа қожалығының жұмысына оң бағасын беріп, журналистердің сұрағына жауап берді.
– Көптеген кәсіпкерлік нысандарды аралап келеміз. Жаңа ғана Абай ауылындағы отбасылық шаруа қожалықтың жұмысымен таныссақ, енді міне, 40 мың бас ұсақ малы, 2 мыңнан аса жылқысы бар іргелі шаруа қожалықтың ілкімді істерін көз көрді. Еліміздегі ірілі-ұсақты шаруа қожалықтардың барлығы мемлекеттік қолдаулардың, жеңілдіктердің арқасында өркендеп, жетістіктерге жетіп келеді,-дейді сенатор Абдалы Нұралиев журналистерге берген сұхбатында. Өрнек ауылдық округіне қарасты Сұңқайтыдағы мал сою алаңынан соң Сенат депутаттары Тараз қаласына бет алды.
Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.