Шеберлік шыңына талпыныс

643 Views

Агро колледжде

Республикалық байқауда кімнің бағы жанды?

Өткен аптада ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен Құлан агротехникалық жоғары колледжінде республикамыздағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтарының кәсіби шеберлік конкурсы болып өтті.  Байқауға Қазақстанның тоғыз облысы мен Алматы қаласының 16 колледжінен 25 педагог қатысты. Конкурсты Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жамалов Талғат Салханұлы салтанатты жағдайда ашып берген соң әділ қазылар алқасы тағайындалды. 

Байқау теориялық және практикалық екі кезеңде өтіп, алты модульдік тапсырмамен байқауға қатысушылардың назарына қойылды. Мәселен, ветеринария мамандығы бойынша үміткерлер жануарларға диагностикалық лапоротомия жасау, микроскоппен потогенді бактерияларды анықтау, жануарларға дәрілік заттарды енгізу, «УДЗ» аппаратының көмегімен уақ малдың буаз екенін анықтау төңірегіндегі сұрақтарға жауап іздесе, агрономдар топырақ гумусын анықтау, жеміс ағашын телу, яғни будандастыру әдісі мен дәнді дақылдар тұқымының орташа сынамасын іріктеу және жасау, бидайдың ақуыз құрамына анықтама беру, сондай-ақ, топырақтың агротехникалық қасиеттерін анықтау және күздік бидайдың көктем мезгіліндегі азықтандыру мөлшерін есептеу туралы ерекшеліктерін жаңа заман талабына сай жабдықталған лабораторияларда отырып жауап берді. Алдымен олар мамандық бойынша тестілеу мен ауыл шаруашылығы саласының стандарттарын анықтау арқылы тәжірибелік жұмыстарға байланысты теориялық сынақтардан өтті.Қазылар үміткерлерден практикалық тапсырмалардың орындалуын, әр маманның өз бейіні бойынша кәсіби құзыреттілігін бағалауға барынша назар аударды. Теориялық сұрақтар пәндер бойынша тест үлгісімен қойылды. Қазылар алқасының құрамында Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Күлекеев Ерлан Елібайұлы, облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Талғатбек Алтынбек, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің микробиология, вирусология және иммунология кафедрасының профессоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты Мықтыбаева Рая Жақсығұлқызы, осы институттың деканы Асылбек Мусоев, агрономия кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Мырзабаева, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Шилібек Кенжеғали Қошқарбайұлы, сондай-ақ, республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының басшысы Мәлік Әбдіхалықовтар бар.
Екі күнге созылған байқаудың нәтижесі бойынша ветеринария саласындағы бас жүлде Құлан агротехникалық жоғары колледжінің оқытушысы Рашид Сәрсембиевке, бірінші орын Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының Қапланбек жоғары агротехникалық колледжінің оқытушысы Жалғасбек Жанаевқа, екінші орын И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің оқытушысы Бақытжан Сматовқа, үшінші орын Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің оқытушысы Дана Қуанышбековаға ұйғарылды. Ал, агрономия бойынша бас жүлдені түркістандық Динара Орынбекова, бірінші орынды қарағандылық Марғұлан Қанат, екінші орынды Ақмола облысы Шағалы ауылындағы колледж оқытушысы Мадияр Төребеков, Алматы облысындағы Көксу ауыл шаруашылығы колледжінің оқытушысы Бейбіткүл Жүнісова иеленді.
Конкурс неғұрлым талантты педагогтарды анықтап, оларға қолдау көрсетті деп айта аламыз.

С.Қожеке.
Құлан жоғары агротехникалық колледжі.
Суреттерде: байқау кезіндегі лабораториялық жұмыстар.

Поделиться ссылкой: