Жерлесіміз ұлт ұстазын сомдайды
Алматыда көрнекті қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы кино түсірілуде. Көркем фильмнің атауы – «Соңғы үкім». Қуантатыны сол, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалымның рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер жерлесіміз Азамат Сатыбалды сомдайды.
Келесі жылы елімізде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Осыған орай жоба авторлары дәл осындай картинаны экранға шығаруды көздеп отыр. Фильмнің алғашқы эпизодтары бұрынғы тергеу изоляторында түсірілді. Картинаның авторлары Ахмет Байтұрсынұлының өмірін толықтай қамту арқылы аумалы-төкпелі заманда өмір сүрген ұлт мақтанышының ерлігін баяндайтын фильм түсірмек ниетте.
Фильм желісі бойынша ұлт ұстазы 1929 жылы «Алаш» қозғалысы қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынады. Кейін оны Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтеді. Басты рөлді сомдайтын жерлесіміз аталмыш фильмді әрбір қазақстандық көруі керек деп есептейді. «Сол алашордалықтардың кезінде жасалған әрбір әрекет өз өміріңді құрбандыққа шалумен пара-пар. Қазір іздеген сайын, оқыған сайын, білген сайын соған көзіміз жетуде. Бұл – қазір кездесе бермейтін батырлық. Сондықтан біздің әрбір көрермен сол кезеңдегі қиындықты, сол кезеңдегі алашордалықтардың оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы туралы деректердің барлығын көздерімен көруі керек» дейді Азамат Сатыбалды.
Картина Алматымен қоса Шығыс Қазақстан облысында да түсіріледі. Онда Назгүл Қарабалина, Александр Багрянцев және Ерлан Кәрібаев сияқты актерлар да ойнайды. Фильм келесі жылы күзде қоғам қайраткерінің 150 жылдық мерейтойына орай көрерменге жол тартады.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.