Ел және Елбасы
Қазақ халқының сөз қоржынында «тұңғыш» деген сөз бар. Аталмыш сөздің түбіне терең бойласаңыз, оның түп төркінінде «ең алғашқы», «бірінші» деген сөздердің жатқандығын анық аңғаруға болады. Дәл қазіргі таңда осы бір «тұңғыш» сөзі өзіндік брэндке айналғандай әсер қалдырады. Оған Елбасымыздың есім-сойылын атаған сәтте осы сөздің қатар қолданылуы айқын дәлел бола алады.
Иә, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» деген атаққа Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әбден лайықты. Себебі, сол бір аумалы-төкпелі замандар да ел үшін маңызды шешім қабылдап, еңсесі түскен елдің бойын тіктеу Елбасының ғана қолынан келді.
Расымен де, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елді жұмыссыздық жайлап, халықтың күнкөріс деңгейі нашарлады. Елде жабайы сауда-саттық белең алып, қылмыстық іс-әрекеттер де өршіп, күн санап үдейе түсті. Бұл жайттар кеше ғана қолымыз жеткен Тәуелсіздікке орасан зор нұқсан келтіретін еді. Бірақ, көрер қызығымыз алда екен. Елбасының сарабдал саясатының, көрегендігінің, болашақты болжай алатынының арқасында елдігімізді сақтай алдық. Өз рәміздерімізді айқындап, төл теңгемізді шығарып, Ата заңымызды қабылдадық. Тоқыраумен басталған тоқсаныншы жылдардың ортасында сан түрлі қиындықтарға қарамастан, елорда ретінде Ақмола қаласын бекіттік. Оны жылдан-жылға дамытып, зәулім ғимараттармен толтырдық. Ізінен әлемдегі ең жас елордаға «Астана» атауын беріп, әлемдік деңгейдегі іс-шараларды өткізе бастадық. Бұның бәрі ел тізгінін ұстаған Елбасының өлшемі жоқ еңбегі деп білеміз. Бұл – бір. Екіншіден, отыз жыл бойы ел мүддесіне қатысты ортақ мәселелерді ортаға салып, қарапайым халықты Кеңес Одағының жүйесінен алшақтатып, Тәуелсіз Қазақстанның ұстанған бағытына ойыстыру оңай шаруа еместігін мойындауымыз қажет. Сонымен қатар, жаңа әрі жас мемлекетті аяғына тұрғызып, әлемдік аренада өз орнын ойып тұрып алуы да тікелей Елбасының қажырлы еңбегінің жемісі деп білеміз. Осы жылдар аралығында көпұлтты мемлекеттің ынтымағын жарастырған Тұңғыш Президентке қандай мақтау айтсақ та жарасатын секілді.
Бүгінде елін сүйген, елі сүйген Елбасының есімі елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің есімін мәңгі тарихта қалдыру мақсатында алғашқы қазығын өзі қадаған қаланың атауы Елбасы атымен аталды. 2019 жылдан бастап елордасы «Нұр-Сұлтан» қаласы болып өзгертілді.
Биыл тәңір сыйлаған Тәуелсіздігімізге де 30 жыл толып отыр. Жуырда елі үшін аянбай еңбек еткен Елбасы Тәуелсіз Қазақстан дәуірінде дүниеге келген жастарға өз Үндеуін жолдады.
«Ардақты менің достарым! Тәуелсіздікпен қатар дүниеге келген ұрпақ қазір орда бұзар отызға толып отыр. Буыны бекіп, қанаты қатайып, талай игілікті іске ұйытқы болар жасқа жетті. Туымызды биік ұстайтын, ұлтымызды ұлы мұратқа бастайтын сол тәуелсіздік ұрпақтары сендерсіңдер! Қай заманда да тарихты өздерің сияқты жалынды жастар білімді азаматтар жасаған. Сендерге айтарым – әр кезеңнің өз қиындығы мен сынағы болады. Қазіргі күрделі кезеңдерді біз тік тұрып қабылдауымыз қажет.
Біз бай, білімді әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін кәсіп, білімді болу үшін оқу керек, ал күшті болу үшін елдің бірлігі керек. Береке-бірлік барда алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ. Халқымыздың ұлы жеңістерінің бәрі татулық пен тұрақтылықтың арқасында келген. Әлі де алға қойған асқақ армандарымыз бен биік мақсаттарымыз көп. Қазақстанды озық 30 елдің қатарына қосу – баршамыздың ортақ міндетіміз» деп бүгінгі жастарға үлкен сенім артты.
Жәнібек СҰЛТАН.