Дарынды оқушылар марапатқа ие болды
Тұңғыш Президент күніне орай аудандық білім бөлімі аудандық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларда, түрлі деңгейдегі байқаулар мен жобаларда жеңімпаз атанған дарынды оқушылардың басын қосып, мәні бар мағыналы кездесу ұйымдастырды. Іс-шараның тақырыбы да бірден адамның жанын баурайды. «Тәуелсіздік таңының жұлдызымыз». Жақсы тақырып. Сөз жоқ.
Аудандық мәдениет үйінің жанынан ашылған «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде өткен іс-шараға аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың өзі арнайы келіп қатысты. Дарынды оқушылармен өткен кездесуде аудан басшысы:– Қазіргі заманда білімді және кәсіби маман болу өте маңызды. Білімді адамның шамасы бәріне жетеді. Сондықтан сендердің оқып, білім алуларың үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Сендердің болашақтарың жарқын болуы – бұл тұтас еліміздің болашағының жарқын болуы деген сөз. Сендерге тек сәттілік пен жігерлі жеңістер тілеймін, – деді.
Содан соң республикалық «Абай оқулары» байқауында «Абайдың қара сөздері» атты номинациясында топ жарған Абай атындағы шағын орталықты орта мектептің 11 сынып оқушысы Әліби Жұмабек сөз сөйлеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты ел жастарына арналған Үндеуінен мысалдар келтірді. Аудандық, облыстық түрлі байқауларда жеңімпаз болып жүрген Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Дінислам Мұхамед те ортаға шығып сөз сөйлеп, өлең оқыды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова да өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, оқушылардың әрдайым биік белестерді бағындыруға ниеттес екенін жеткізді.Кездесу соңында түрлі деңгейдегі байқаулардан жеңімпаз болып келген дарынды оқушылар аудан әкімінің алғыс хатымен, сондай-ақ, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
М.Диханбай.