Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
26 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Жағымды жаңалық
Осы сүйінші жаңалық ең алдымен отын жарып, көмірге көміліп, күл шығарып, қолдары күйелеш болып, суықтан жарылып кеткен үй шаруасындағы әйелдердің есіктегі басын төрге шығарғаны ап-анық. Егер Жаңатұрмыс ауылында 420 түтін болса, соның 250-і үйіне «көгілдір отын» кіргізіп, көңілдері жайланып, жағалары жайлауда отырған жайлары бар. Осы газ кіргізудің машақаты айдан – айға, жылдан – жылға созылып, жыр болғанын да жасырмаймыз. Құландағы жұрт бұл отынды осыдан отыз жыл шамасы бұрын үйлеріне кіргізіп алған десек, жаңатұрмыстықтардың төзіміне таң қалмай-ақ қойсаңыз болады.
Сонымен Тартыдан тартылған газдың шекарада жатқан ауылға дейінгі арақашықтығы 28 шақырымды құрады. «Байзақгазсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Талғат Әбденовтың айтуына қарағанда, экологиялық жағынан таза отынды жаңатұрмыстықтар жыл аяғына дейін толық алып бітпейтін сыңайлы. Өйткені кейбір үйлердің техникалық жағдайы газ кіргізуге әлі әзірленбеген көрінеді. Оның үстіне 360 мың теңге төлемақы мөлшерінен тыс әр үйге пеш қою мен қосымша газ құбырын тарту да аула иелерінің өз мойнында. Өйткені оған да әр азамат өз қалтасынан ақша төлейді.
– Мен өзім жаңағы 360 мың теңгеден бөлек газды үйіме кіргізіп бергені үшін оларға тағы да 390 мың теңге ақша төледім. Әйтеуір, «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайдының» кері келмесін деп, қымбат бағаға қарамай қаражатты қиналмай төледім. Ең бастысы міне, жиырма күннен бері бойымыз жылып, ошақтың қызуын анық сезе бастадық. Соған да шүкіршілік етіп отырмыз,- дейді ауыл қариясы Көшкімбай Құрманалиев. Біз Досымбек көшесі №1-ші үйде тұратын үй шаруасындағы әйел Еңлік Үкіметованың шаңырағында болып, маздап жанған оттың қызуын сезініп, үй ішінде жеңіл киініп жүрген балаларды көріп, олардың жарқын-жарқын күлкісіне сүйсіндік.
Ауыл халқы мердігерші ұйымнан ауылға келіп, көптің көңілін тауып газ кіргізіп беріп жүрген инженер Нұрсұлтан Мұратқалиев, дәнекерлеушілер бригадасының бригадирі Айдос Шерәлиев, қатардағы жұмысшы Нұрдәулет Байдосовтарға дән риза. Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Ерсайын Талғатұлы күн суыта бастағанда ауылға «көгілдір отын» кіріп жатқанын жақсылықтың нышанына жорыды. Ол: «Бұл Тәуелсіздігіміздің, Президент күнінің жоралғысы, дәлірек айтқанда, осы айшықты күндерге лайықты мердігершілердің тартуы десе де болады» дейді. Қалай десеңіз де, байзақтық мердігершілер көрші жатқан Қазақ ауылынан 100 үйге, Каменка ауылынан 300 үйге «көгілдір отын» кіргізіп үлгеріпті. Расында бұл осы жылуды сарыла күткен ауыл халқына айтулы тарту болды.
С.Қожеке.
Суретте: Жаңатұрмыс ауылындағы Досымбек көшесі №1-ші үйдегі үй шаруасындағы Еңлік Үкіметованың қолы жеңілдеп қалды. Өйткені оның үйіне «көгілдір отын» келді.