30 жылда қуатты мемлекетке айналдық

459 Views

Қазақ жері – күллі қазақ баласының анасы, бабалардың мәңгілік киелі бесігі. Міне, осынау ең басты да, ең құнды дүниемізді қорғап қалып, оған өзіміздің иелік етуімізге биыл 30 жыл толып отыр. 1991 жылы 16 желтоқсанда Елбасы Н.Назарбаев қол қойған “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Заңына сәйкес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының дүниеге келуі, Қазақстанның өз ұланы мен Қарулы күштерін құруы, мұсылман әлемімен де қарым-қатынасты нығайтуда оңтайлы қадам жасаумен қатар қазақ топырағын мекен еткен барлық ұлттар тізгінді тең ұстай отырып, қазақтың ұлтжандылық қасиетін дамытуға кең жол ашуы, облыс, астана қатарлы құрылымды ұтымды жасауы, ақыр соңында іргелес елдермен келісе отырып, мемлекеттік шекараны ың-шыңсыз белгілеп, бекемдеп алуы міне, осылардың барлығы ықпал етті.
Осылайша Қазақстан тәуелсіздігінің жеңісі, одан бергі уақыттағы жемісі мен жетістігі Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында салтанат құрып келе жатқандығына бір де бір адам дау айта алмақ емес.
Ат төбеліндей аз ұлтты осындай бейбіт күнге жеткізу үшін бабаларымыз қан төкті, құрбан болды. Туған жердің ұлтарақтай жерін жат қолына жібермеу үшін абзал аналарымыз да атқа қонып, қолына қару ұстады. Көрегенді ұрпақ тәрбиелеген сол абзалдар Тәуелсіздік таңының арайлап атқан шапағын аңсаумен өтті. Басқа емес, бір ғана 1986 жылы болған Желтоқсан көтерілісін айтсақ та жеткілікті. Намыс туын нық ұстаған талай өрен қыршынынан қиылды. Қара дауылға қарсы шыққан қайсар ұландарымыз өз елінің келешегі үшін, азаттық үшін жан аямай күресті. Міне, қасиетті қазақ даласында аспан түстес туымыздың желбірегеніне де отыз жыл толып отыр. Тарих үшін сүт пісірімдей ғана уақыт болғанымен, ата-бабаларымыздың қанымен келген Тәуелсіздік ұғымы ұлы тарих босағасын осылай аттаған еді…
Айбынды Ата Заң, бүгінгі Азаттықтың ақ таңы, Желтоқсан жаңғырығы, Тіл тағдыры, Алаш ардақтылары, Елбасы, Егемендік… Осының барлығы Тәуелсіз еліміздің отыз жылда жүріп өткен бел-белестері, сарабдал саясат арқасында қол жеткізген жетістіктері.
“Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер!
Еріншек, жалқаулық, әдеттен безіңдер,
Арамдық, араздық түбімен жойыңдар,
Өтірік, өсекті біршама қойыңдар” – деп, Шәкәрім атамыз жырлағандай, бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, тәуелсіздік туын биікке көтеру – біздің буынның бағыты болуы тиіс.
Тәуелсіз елдің барлығы бірдей дамып кетпейді. Қазақстан да тәуелсіздік жылдары көптеген қиындықты көріп сабақ алды, ширады. Еліміз 2007 жылғы қаржылық дағдарысқа да төтеп берді. Есесіне баянды болашаққа, кемел келешекке үміт артты. 2011 жылы Қазақстанда VII Қысқы Азия ойындары өтіп, қазақстандық спортшылар 70 медаль иеленді. Оның ішінде 32 алтын, 21 күміс және 18 қола алды. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 7 алтын алып, командалық есепте 12-ші орынға ие болды. Осы жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жариялады. 2013 жылы «Әділет» және «Руханият» партиялары бірігіп, бір саяси партия құрды және оның аты «Бірлік» болып аталды. Бұл партия осы жылы атауын «Адал» деп ауыстырып, Парламент сайлауында бақ сынады. 2014 жылы Қазақстан «Дүниежүзілік сауда ұйымының» мүшесі атанды һәм Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жариялады. 2015 жыл еліміз үшін тарихты еске алып, батырлардың өнегесін болашақ ұрпаққа дарыту жылы болды. Себебі, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сынды айтулы мерекелер кең көлемде аталып өтті. 2016 жылы Мәжіліс депутаттарының сайлауы өтіп, Кейкі батырдың басы елге қайтарылды. 2017 жылы Елорда да халықаралық «EXPО – 2017» көрмесі өтті. Бұл шараға 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. 2018 жылы Астана қаласы 20 жасқа толды. Осы мереке қарсаңында бас қалада түрлі жиындар мен басқосулар ұйымдастырылды. 2019 жылы Н.Ә.Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Сол сәтте ел Президенті Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген Жолдауын арнады. 2020 жылы іргемізді індет жайлап, денсаулықты аялап, маңызды мерекелер мен айтулы даталарды екінші орынға ысырдық. Бірақ, бұл жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы секілді мерейтойлар білім саласы бойынша да, ғылым саласы бойынша да аталып өтілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында еліміздің өткені, қазіргісі мен болашағы жайлы айтылып, ол қазақстандықтарға жаңа серпін мен жаңа белестерді бағындыруға жігер қосты. Дербес елдің жүріп өткен дара жолы, қайғысы мен қасіреті, бәрі-бәрі тарих беттерінде жазылып қалатынын ұмытпау қажет. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!
А. ТІлеуҚҰлова,
Абай атындағы шағын орталықты орта мектептің кітапхана меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: