Шоқ тілді Шона
20 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Жамбыл облыстық ономастикалық комиссиясының назарына!
«Түркісібке» Мұхамеджан Тынышбаевтың келуі – Тұрар Рысқұловқа тікелей байланысты еді. Голощекиннің қарсыласқанына қарамай, Тұрар Тынышбаевты 1927 жылдың ақпанында құрылған Халық Комиссарлар Советінің жол қатынасы Құрылыс комитеті басқармасының құрамына енгізді. Мұхамеджан шынында да сол кездегі өте білгір, жол құрылысы инженері болатын. Екеуі де қазақ еліне тиімді «Шоқпар» жобасын таңдады. Мұны олардың көрегендігі деп бағалау керек шығар. Ал, Түркістан-Сібір темір жолының шынайы объективті салыну тарихы осы екі тұлғаның есімімен тікелей байланысты болғанын бүгінгі тарихшыларымыз кеш те болса мойындады. Ғасыр құрылысы өте қиын кезеңде басталды. Ол кезде бәрі қол күшіне сүйенді. Қол арба, атарбаның көмегімен ең алғашқы рельс төселе бастады. Меркі ауаткомының төрағасы Шыңқожа Омаров осы құрылысқа мың адам мен ат күшін берді. Осынау қажыр-қайратқа толы тау суындай тасыған ерен күшті көріп тереңөзектік ақын Өзбек Ақжолұлы:
…Тауды бұзып, тасты жарып,
Тасқындатқан еңбекті.
Бұл қайратты, бұл қажырлы,
Қайтпас, қайсар жұмыскер, – деп Мұхамеджан, Нәзір, Тұрар сынды ұйымдастырушылардың ісін сүйсіне жырына қосты. Жетісу темір жолы құрылысына Мәскеудің «Путилов» зауытының жұмысшылары тікелей болат рельстер жөнелтіп тұрды. Құрылыс «Семей – Луговой» бағытында өріс алды. Осының барлығы бас инженер Мұхамеджан Тынышбаевтың нұсқауымен әрі көреген басшылығымен жүзеге асты.
Осы жолдардың авторы ретінде айтайын, сол кезде «Түркісіб» темір жолы құрылысының кәсіподақ ұйымын басқарған Жүсіп (Шәу) Сатыбалдиевпен, байырғы жолшы Тілеуқұл Ауғамбаевпен, Мұстафа Қайыповпен, Қасымбай Нұрахаевпен, Айтқұрман Байдаров тағы басқаларымен жүздесіп, қазақтан шыққан тұңғыш жол инженері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышбаев туралы тың да құнды деректер жинадым. Ол кісінің көзін көрген, тіпті Луговой кентіндегі мектепке директор болған Павел Андреевич Болдукпен жүздескен марқұм Ақжақ қажы Райымқұловтың сөздерінен Тынышбаевтың темір жол құрылысына сіңірген ерен еңбегі бар екеніне анық көзім жетті.
Иә, Тұрар Рысқұловтың есімі Луговой ауданы мен Луговой ауылындағы қазақ мектебіне берілді. Ал, Тұрар сияқты «Түркісібке» еңбегі сіңген арда азаматымыздың бірі Мұхамеджан Тынышбаевтың есімі біздің ауданымызда атаусыз қалды. Жақында «Ана тілі» газетін ақтарып отырып, заманымыздың данышпан көсемі әрі кемеңгері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың М.Тынышбаев туралы айтқан сөздерін оқып, жаным жадырап қалды. Ол мынадай сөздер еді…«…Тау-кен инженері болсам деген ойым қайдан туды? Тұңғыш қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың мен үшін орны мүлде бөлек жан. Неге десең, 1906 жылы Петербургтегі жол құрылысы инженерлерін даярлайтын институтты үздік оқып бітірген, кейін Кеңес өкіметі тұсында атақты Түркісіб шойын жолын салуға бар күш-жігерін аямаған, энциклопедиялық білімі бар осы бір үлкен жүректі азаматтың туған халқы үшін істеген игі істері мені ылғи да мақтаныш сезіміне бөлейтін. «Осы кісідей болсам, осындай ағаның жолымен жүрсем» деген бала қиял ақыры мені болашақта бір ғана мамандық – инженерлік кәсіпті таңдауыма белімді бекем буғызды. Мұхамеджан ағаның өмір жолы менің мамандық таңдауыма ғана ықпал етіп қойған жоқ, халықтың абзал ұлына деген ынтызарлық келе-келе оның зиялы отбасы мүшелерімен, атап айтқанда, ұлы Ескендірмен туыс адамдай араласып кетуіме себепші болды. Ескендір Мұхамеджанұлы Тынышбаев қазір республикаға белгілі кинооператор, «Қазақфильмнің» ең қарт өнер шебері… Онымен менің арамыздағы достық қатынасқа әлі күнге дейін қылау түсіп көрген емес. Сонымен, ойымды түйіп айтар болсам, жас кезімде мен тек инженер болуды ғана армандадым. Осы қалағаныма өкінбеймін. Өткен өмір жолым бұл таңдаудың дұрыс екендігін толық көрсетіп берді». ( Ж.Аупбаев, «Ана тілі» №1 6-12 қаңтар 2022 ж. «Естеліктер ешқашан ескірмейді» атты Д.А.Қонаевпен сұхбатынан).
Қазақстанды 22 жыл басқарып, 40 қала салдырған данышпанымыз Димаш аға осылай дейді. Бұл сөздер кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын тәрбиелік мәні зор сөздер емес пе? Рас, тыным таппай жүріп Юбилейное елді мекеніне Қонаев атамыздың атын алып бердік. Енді осы ұлы тұлға құрметтеген Мұхамеджан ағаға Луговой ауылындағы бір көшенің, онда да орталық көшенің атын неге бермеске? Иә, кенттегі орталық көше бір кезде Луговой ауданын басқарған Смат Есімовтың атымен аталады. Ол кісінің айды аспанға шығарған ешнәрсесі жоқ, жәй қарапайым ғана басшы болған. Ауданды дүрілдетіп ұшпаққа шығарған орасан еңбегі де шамалы. Осы ойымды ауданымыздың 80 жылдығына арнап жазған «Жаңғырған өңір» атты кітабымда да білдіргенмін. Жақында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Луговой кентіндегі теміржолшылар клубында сөйлеген сөзімде де дүйім жұрттың алдында: «Орталық көшеге мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевтың аты лайық» деп айтқанмын.
Менің осы пікірімді, ұсынысымды қолдайтын жерлестерім көп деп есептеймін. Сондықтан Луговой ауылдық округінің әкімі М.Сванов мырза, аудандық ономастикалық комиссия мен облыстық ономастикалық комиссияға менің осы тілегімді жеткізеді деп ойлаймын.
Сейсен Қожеке,
журналист, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, ауданның Құрметті азаматы, ҚР «Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалінің және «Жамбыл облысы мен Меркі аудандарына еңбегі сіңген» төсбелгілерінің иегері.