Таңымыз тыныш атса екен…

461 Views

Жуырда ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Н.Т.Өтпенов биылғы жылды «Ислам – ынтымақ және бірлік діні» деп атады. Яғни, дін саласындағы барлық мамандарды осы бағытта жұмыс істеуге шақырды.
Осы орайда, біз де осы жылғы ең алғашқы мақаламызда елімізде ылайым Алланың бейбіт заманы болсын деген ниетпенен «тыныштық» тақырыбында бастап, азды-көпті білгенімізден қағаз бетіне түсіргенді жөн көрдік.
Ислам діні тыныштық пен рақымдылық діні. Иләһи кітабымыз Құран Кәрім де Рамазан айы, соның ішінде Қадір кешінде таңға жақын тыныштық орнаған уақытта түскен екен. Құран Кәрім адамдарды тыныштыққа шақырады әрі соған үндейді. Ұрыс-керіс, жанжал, дау-дамайды қаралап және де адамдар­дың түрлі жіктерге бөлінулерін еш құптамайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Кімде-кім өз үйінде тыныштық тапқан халде таң аттыратын болса, (яғни бейбіт өмірді басынан кешсе) онда ол пендеге бұл дүниедегі үлкен нығметтердің бірі берілген екен», — дейді. (Тирмизи)
Алла Елшісі (с.ғ.с.) дін Исламды насихаттау жолында көбінесе адамдарды әр кез тыныштық пен татулыққа шақыратын еді. Худайбия келісімі кезінде мүшріктерге қойған бірнеше шарттардың ішінде тыныштық мәселесін бекіткен кезде де мүшріктер бұл ұсынысқа дән риза болған екен.
Төмендегі мына бір хадис біздер­дің қазіргі қоғамымызда ең керекті болған әрі үлкен рөл атқарады деп ойлаймыз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Бір-бірлеріңізге жамандық жаса­маңыздар, нарықты көтеру үшін жалған сауда жасамаңыздар, бір-бірлеріңізді жек көрмеңіздер, бір-бірлеріңіздің сырттарыңыздан сөз тасымаңыздар, біреу басқа біреудің саудасының үстінен сауда жасамасын.Алла Тағаланың бауырмал пенделері болыңыздар. Мұсылман мұсылманға аға мен іні. Оған зұлымдық жасалынбайды. Оны қорламайды.Онымен құрметсіздік арқылы мәміледе болмаңыздар. Тақуалық дегеніміз мына жерде (3 рет жүрегін көрсетті). Әрбір мұсылманның басқа бір мұсылманға жаны, қаны, дүниесі (қиянат жасауы) харам болып табылады» деді. (Муслим риуаяты)
Хадистің мағынасына терең үңіліп қарайтын болсақ, әрі сол айтылғандарға терең мән беріп, шариғат қағидаларына өте сақ болатын болсақ, басымызда әрқашан сау-саламаттылық, тыныштық пен бейбіт өмірдің болары еш күмәнсіз. Өз еліңді, өз жұртыңды сынап, даттағанмен басқа біреу сізге ел-жұрт, Отан, қоғам бола алмайды. Пенде әр істе сабырлылық танытқаны абзал екен.
Ислам дінінің түпкі мақсаты да тыныштық. Оған дәлел, тіпті әрбір сәлем беруші екі адам да бір-біріне Алланың сәлемін жолдайды. Демек, Ислам сөзі-бейбіт, тыныштық және амандық болып табылады.
Ислам діні Жаратушысына мойынсұнған, Пайғамбарына итғат еткен, әр амалын шынайы түрде орындаған мұсылманның барар жерін жәннат мекенімен сүйіншілейді.
Жәннат Жаббар Иеміздің өз пен­делеріне дайындаған құтты мекені болып табылады.Жәннатты жұмақ деп те атаймыз. Жәннаттың қош иісі ең алыс қашықтықтан болса да жетіп тұрады екен. Ол жерде өкпе-наз, реніш, қызғаныш, ауру, қауіп, ұрыс секілді нәрселер мүлдем болмайды.Жәннат иелері бір-бірлеріне өзара тек тыныштық, саламаттылық тілеп тұрады екен. Құран Кәрімде:
«Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, Раббыларының рұқса­тымен ішінде мәңгі қалатын, асты­нан өзендер ағатын жәннаттарға кіргізіледі. Олардың жәннаттағы амандасулары «сәлем» болады.(Ибраһим сүресі, 23 аят).
Яғни, жұмаққа кірушіге де жұмақтағы адамдардың бір-бірлеріне айтатын сөздері тек ғана «Сізге Алланың сәлемі мен амандығы және тынынштығы болсын» деген сөздер ғана болады екен.
Олай болса, құрметті оқырман, осы өмірдің тыныштығын сақтау өз қолдарымызда екен. Басымызда тыныш заман болғаны-демек, сәбиле­ріміздің тыныш ұйықтағаны.
Мақала ретінде жеткізіп айтайын дегеніміз, әр бір мұсылман пенде бүгінгі күндерімізге шүкіршілік ете отырып, әрқашан тыныштықтың қадіріне жете білуді насихат ретінде айтпақпыз. Тыныштық қалай сақта­лады? Ол әр адамның өз Отанына, өз шаңырағына жанашырлықпен, сабырлылықпен қарауында екен. Мысалы, сабыр сақтамасаңыз, жан­ұяңыздан ажырауыңыз мүмкін т.б.
Отан демекші, кезінде ертеректе араптар қандай да бір алыс өлкеге сапар шегетін болса, иіскеп жүру үшін өзімен бірге өз Отанының бір уыс топырағын ала кететін болған екен.Осы топырақ ол адамның О
танға деген сезімін,сағынышын ұмыттырмай жүретін болған екен.
Хадис шәріптерде бұған ұқсаған көптеген мысалдар бар. Бәрінің мақсаты Отанға деген сүйіспеншілікті орнату. Өкініштісі сол, көп адамдар басындағы кейбір үлкен нығметтердің қадірілеріне жете білмейді. Тек ол нығмет басынан ұшып кеткенде ғана сезіледі. Міне, сондай нығметтердің бірі-жұртымыздың тыныштығы. Ал енді осы бейбіт заманды қалай ұзағынан сақтауға болады? Ол үшін кейінгі ұрпақтарға дұрыс тәлім-тәрбие берулеріміз ең басты міндеттеріміз. Соның ішінде сабырлылық, отансүйгіштік, оларға әр адамның өз отанына қандай да бір өз үлесін қосуды үйрету болып табылады.
Сол үшін де хазреті Омар р.ғ.: «Егер Отанға деген сүйіспеншілік болмағанда, адамдар Отансыз қалар еді», -дейді.
Алла Тағала елімізде тыныш заман, бейбіт өмір сақталуын нәсіп етсін!

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.
Луговой ауылы.

Поделиться ссылкой: